Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Индонезияда мешітте жарылыс болып, 55 адам жарақат алды: 17 жастағы студент күдікті деп танылды

Фото: Reuters

Индонезия астанасы Джакартадағы мешітте жұма намазы кезінде жарылыс болып, 55 адам жарақат алды. Ресми деректерге сүйенсек, оқиға әдейі жасалған шабуыл болуы мүмкін. 17 жастағы студент күдікті ретінде танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция мәліметінше, 55 адам әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жарылыстар Джакартаның Келапа Гадинг ауданындағы мектеп кешеніндегі мешітте болған.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыс кезінде мешіт ішінде дүрбелең туындаған.

“Дыбысы өте қатты болды, бәріміз шошып кеттік. Тыныс алу қиындап, сыртқа жүгіріп шықтық”, – дейді 43 жастағы Лусиана есімді әйел.

Әйел жарылыс болған кезде мектеп асханасында жұмыс істеп жүрген. Оның айтуынша, бірнеше жарылыс болып, терезелер сынған.

“Алғашында электр сымдарынан ақау шығып, дыбыс жүйесі жарылды деп ойладық. Нақты не болғанын білмедік. Дәл сол сәтте мешіттен ақ түтін шықты”, – дейді ол.

Индонезия парламенті төрағасының орынбасары Суфми Даско Ахмад ауруханаға барып, жарақат алғандардың жағдайын біліп қайтты. Ол күдіктіге операция жасалып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, тергеу әлі жүріп жатыр. Шабуылдың нақты себебі алдағы уақытта анықталмақ.

жаралыларФото: Reuters

Индонезия ұлттық полициясының басшысы Листио Сигит Прабово күдіктінің көрші мектептің оқушысы екенін растады.

“Біз күдіктінің жеке басын анықтадық. Оның кім екенін, достарын, отбасын және басқа да байланыстарын тексеріп жатырмыз”, – деді ол.

Президент әкімшілігі таратқан мәліметке сәйкес, жарылыс орнынан жазуы бар «ойыншық қару» табылған. Бірақ егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген.

Жарылыс орнындағы жағдай

Полиция аймақты қоршап, қылмыс орны деп жариялады. Оқиға орнын қара түсті формадағы арнайы жасақ өкілдері автоматтармен күзетіп жатыр. Ал көшеде жедел жәрдем көліктері мен бронды техника сап түзеп тұр.

Оқиға болған кешен халық тығыз қоныстанған, көбіне теңіз флотының иелігіндегі аумақта орналасқан. Бұл жерде әскери қызметкерлер мен ардагерлер көп тұрады.

жаралыларФото: Reuters

Куәгерлердің айтуынша, мешіт маңында аяқ киімдер шашылып жатқан. Ал криминалистер дәлелдемелерді зерттеген. Қайырымдылық жәшігі мен желдеткіш жерге құлап, зақымданған. Бірақ ғимараттың сыртқы бөлігі қатты бүлінбеген.

Жергілікті тұрғын Иммануил Тариган балаларының сол мектепте оқитынын айтты.

“Балаларымыз сол мектепте оқиды. Ішінде адам көп болды. Көптеген жаралыларды көрдік, кейбірінің беттері қатты жарақаттанған”, – дейді Тариган.

Antara ақпарат агенттігінің мәліметінше, Индонезияның қауіпсіздік жөніндегі вице-министрі Лодевейк Фридрих оқиға кезінде екі жарылыс болғанын растаған.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 08 Қараша, 2025 16:31
Талқылау