Мұсылмандар үшін қасиетті айда кімдердің дұғасы қабыл болмайды?
Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы 27 мамырда басталды. “Нұр Астана” мешітінің имамы Дәурен Мүсілімов кімдердің дұғасы қабыл болмай қалатыны туралы айтып берді.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
“Дұғалары қабыл болмайтын адамдар тобы бар. Олар не сұраса да, Алла қабыл етпейді. Біріншіден, олар спирттік ішімдік ішетіндер. Және де өз ата-анасымен қарым-қатынастарын үзгендер. Үшіншілері, туыстарымен араласпай кеткендер. Сондай-ақ, кек қайтаруды мақсат еткендердің дұғасы қабыл болмайды”, – деді имам.
Рамазан айында мұсылмандар ішіп-жеуден, ләззат алудан, ойын-сауықтық думандардан қатаң түрде шектеледі. Рамазанның бірінші күнінен Айт-намазына дейін мұсылмандар 300 теңге көлемінде пітір-садақа беруі тиіс.
“Ораза – бұл құлшылық ету. Сондықтан, оразаны айдың басында, ортасында және соңында ұстай салу дұрыс емес. 30 күн бойы ауыз бекіту – бұл әрбір мұсылманның міндеті”, – деп атап өтті ол.
Қасиетті Ораза аяқталғаннан кейін мұсылмандар 25 маусымға дейін айт мейрамын тойлайды.
Осы ретте Рамазан айында мұсылмандар жиі ұрынатын қателіктерді оқып, Рамазанда уақытты тиімді пайдаланудың әдістерін зерделеп, сондай-ақ, биылғы жылғы ораза кестесімен де танысып шыға аласыздар дегіміз келеді.