"Хутор" бандасы көршімізді пышақтап, атып, өлтіріп кеткен – Шерзат Полаттың әкесі
Асқан қатігездікпен өлтірілген 16 жастағы Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Талдықорғандағы сотта "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері осыған дейін көршісін айуандықпен өлтіргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қаржаубай Нұрымов төбелес басталған кезде дүкеннен не себепті қолына пышақ алып шыққанын түсіндірді.
“Кілтті алып, дүкенді жабайын деген кезде терезе ашық тұрды, соққы тиді, Ахметтің даусы естілді. Сыртқа жүгіріп шығамын дегенде қорғану мақсатында қолыма пышақ алып шықтым. Неге десеңіз Нұрбол “Хуторскийміз” деген сескендім. Түсінбейді, төбелес тоқтамайды, бәрібір өзінікін жасап кетеді деген ой болды. Ауылда естіп жатамыз. Бұлар қолдан келсе бірге-бір төбелесіп, әңгімемен шешпейді. Осы кезге дейін жабылып, қанша бала жарақат алды. “Хутордың” балалары өзіміздің көршімізді солай пышақтап, атып, өлтіріп кеткен. Сөйтіп сескеніп, өзімді, баламды, басқа балаларды қорғау мақсатында пышақ алдым”, – деді Қаржаубай.
Шерзаттың әкесі қолына алған пышақтың тек май, ірімшік кесуге арналған пышақ екенін атап өтті.
Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов сотта Шерзаттың қандай күйде қаза тапқанын айтқан еді.