Honda мен Nissan компаниялары бірікпек
Honda мен Nissan бірігу туралы келіссөздерді бастады. Осылайша олар әлемдегі үшінші ең ірі автокөлік өндірушісі атанмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Getty Images
Сондай-ақ Honda мен Nissan тағы бір жапондық өндіруші Mitsubishi Motors компаниясын да бірлестікке қосу мүмкіндігін қарастыру үшін жеке меморандумға қол қойды. Nissan – Mitsubishi компаниясының негізгі акционері.
"Қытайлық автоөндірушілер мен жаңа ойыншылардың пайда болуы автоөнеркәсіпті қатты өзгертті. Біз 2030 жылға қарай олармен күресу үшін әлеуетімізді арттыруымыз керек, әйтпесе жеңілеміз", – деді Honda компаниясының бас директоры Тошихиро Мибе.
Honda және Nissan өкілдерінің мәліметінше, бірігу жүзеге асса, холдингтің жалпы сатылымы 30 триллион иенге (191 миллиард доллар) жетіп, ал кірісі 3 триллион иеннен (19 миллиард доллар) асады. Компаниялардың бірігетіні туралы хабарламалардың аясында Honda акциялары 3,8%, Nissan 1,6% және Mitsubishi Motors 5,3% қымбаттаған.
Еске салсақ, бұған дейін Қытайдағы төмен сатылымға байланысты BMW компаниясының табысы төмендегені туралы жазған едік.