Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Home Credit Bank Kazakhstan" басшысы Кирил Бачваров Чех акционерлерінің қазақстандық нарыққа сенімі барын айтты

Былтыр мамыр айының соңында Home Credit Bank Kazakhstan ресейлік акционердің ауысатынын жариялады. Нәтижесінде қазақстандық банктің 100% акциясын Иржи Шмейц бастаған PPF (Чехия) халықаралық инвестициялық-қаржы корпорациясының топ-менеджменті сатып алды. Осы орайда банктің Басқарма төрағасы Кирил Бачваровпен сол мәміленің қандай шарттарда өткенін, Чех акционерлері Қазақстанға неге бәс тіккенін және геосаяси жағдайда банк қандай сын-қатерлерге тап болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kapital.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

– Кирил, менің білуімше, сіз бір жыл бұрын, дәлірек айтсақ, өткен жылдың сәуір айында Home Credit Bank Kazakhstan басқарма төрағасы болып тағайындалғансыз. Осы уақытқа дейін банкте қанша жыл жұмыс істедіңіз, қай салаға жетекшілік еттіңіз? Сіздің тағайындалған кезеңіңіз Ресейге қарсы санкциялардың күшеюімен тұспа-тұс келді. Банк акционердің ауысқаны туралы хабарлаған кезде, бұл кездейсоқ болды ма, әлде ойластырылып жасалған қадам ба еді?

– Қазақстанда жүргеніме 9 жыл болған екен. Болгариядан келдім. Айтпақшы, мен бұған дейін аталмыш банкте ешқашан жұмыс істеген емеспін. Home Credit шақыруын қабылдағанда қалай қабылдарымды, ішкі жұмыс процесі қандай екенін білмедім. Бірақ бәрі менің күткенімнен де жақсырақ болды. 

Бастапқыда мен маркетингпен айналыстым-шамамен 6 жыл, содан кейін 2 жыл ішінде CFO позициясына келіп, қаржымен айналысқан кезде көптеген адамдар үшін күтпеген пируэт жасадым. 

Былтыр сәуір айынан бастап, сіз дұрыс байқағаныңыздай, мені басқарма төрағасы қызметіне тағайындады.

Бұл өткен жылғы оқиғаларға қатысты болды ма? Мен олай ойламаймын. Менің ойымша, банктегі жолым жүйелі түрде мені осы қызметке жетелеген сияқты. Сондықтан бұрынғы басқарма төрағасы өкілеттігін аяқтап, Чехияға қайта оралғаннан кейін бұл қызметтің маған ұсынылуы ешкімді таң қалдырған жоқ. Ең қызығы, менің банк басшылығына тағайындалғанымды жариялағанда, барлығы “жақсы” деп аса қатты мән бермеген. Бірақ, сахнаға шығып: “Білесіздер ме, менің әйелім найман” деген сәтте жиналғандар қуаныштан қол соғып кетті. Бұл жаңалыққа көбірек қуанды (күлді).

Жыл өте қиын болды деп дұрыс айтасыз. Менің ойымша, осы 9 жыл ішінде Қазақстанда мұндай күтпеген оқиғаларды көрген жоқпыз. Тек қаңтардан бастап, содан кейін Ресей мен Украина қақтығысы біздің рейтингке кері әсерін тигізді. Нәтижесінде 1,5-2 айда біз корпоративті және банкаралық депозиттердің барлық базасын жоғалттық. Өтімділікті басқару үшін несиелеудегі тәбетімізді 2 айға төмендетуге тура келді. 

Бірақ жылдың екінші жартысында жағдай айтарлықтай жақсарды және бөлшек депозиттер ағыны бізге жоспар бойынша қозғалысты тез қалпына келтіруге көмектесті. Нәтижесінде біз өткен жылды тарихтағы ең жақсы нәтижелермен аяқтадық – бұған дейінгі кез келген жылмен салыстырғанда 40% жоғары.

Биыл біз рейтингті тағы да "В/В" деңгейінде растадық және бұл, соның ішінде, бас банктің қолдауының арқасында болды.

– Ал банктің осындай жоғары деңгейге көтерілуі тікелей сіздің келуіңізге байланысты болды деп ойлайсыз ба?

– Шынымды айтсам, менің де үлесім бар екеніне сенгім келеді (күлді), бірақ бұл, әрине, жүйелі түрде алға жылжып, нәтижені жақсартқан бүкіл командамыздың еңбегі.

Ең бастысы, бұл Қазақстанда мүлдем жаңа бизнес-стратегияның дамуы аясында болды. Білесіз бе, жыл басында шағын және орта бизнеске арналған жобаны ашамыз деп хабарлаған едік. Осылайша өз бизнес-модельімізді бірінші кезекте тұтынушыларымыз, қызметкерлеріміз және қоғам үшін қалай құруға болатынына жүйеледік. Ал табыс табуды екінші сатыға қойдық. 

- Өткен жылдың мамыр айында Home Credit Bank Kazakhstan ресейлік акционердің ауысатынын жариялады. Банктің акцияларын сатып алу-сату мәмілесі қандай шарттарда өткенін, оның Чех тарапы үшін қаншалықты тиімді болғанын толығырақ айта аласыз ба?

- Біздің акционерлеріміз Ресей бизнесінен шығу үшін миллиард долларға жуық шығынға ұшырады. Бірақ олар уақытында немесе сол шарттарда көрсетілген мерзім салдарынан шығып үлгермеген басқа қаржы институттарына қарағанда өз бизнесі үшін бірдеңе ала алды. Екінші жағынан, менің ойымша, Ресейдегі Home Credit жиырма жылдық тарихында инвестицияның қайтарымы өте жоғары болды.

Неліктен біз (Ресейден) осындай тәртіппен шықтық? Өйткені Чехия саяси жағдайға байланысты "достықсыз елдер" қатарына енгендіктен, Чех акционерлері ештеңесіз қалуы мүмкін деген қауіп болды.

Акционерлер үшін ресейлік бизнестен тез арада және бір уақытта шығып, қазақстандық бизнесті бір уақытта сату маңызды болды. Өйткені Ресейдегі банкті сату жөнінде мәміле жасалғаннан кейін бірнеше күн өтпестен бұл мәмілені сатып алушыға санкция салынғанын көрдік. Егер біздің мәміле бір күн ішінде аяқталмағанда, мүмкін, қазақстандық бизнестің сатылуы болмас та еді.

Қазақстандық банк үшін ресейлік акционерден "бөліну" маңызды болды, өйткені біз ресейлік банкпен органикалық байланыс себебінен рейтингімізді жоғалттық. Сол кезде халықаралық рейтинг агенттіктері барлық ресейлік компаниялар мен олардың еншілес компанияларының рейтингтерін алып тастағаны есіңізде. Ал біз үшін нарықтағы басқа ойыншылармен белсенді жұмыс істейтін қаржы институты ретінде бұл қиын сынаққа айналды. Бірде-бір корпоративтік ойыншы, нарық қатысушысы, бірде-бір банк бізде депозиттер немесе облигациялар ұстай алмады, әйтпесе олардың 100% қамтамасыз етулері керек еді. Сондықтан, қайталап айтамын, екі айдың ішінде біз корпоративтік және банкаралық серіктестердің барлық өтімділігін жоғалттық.

Сонымен қатар біздің акционерлер Банктің 100% акциясын бірден сатып ала алмады, өйткені ірі қатысушыға, бұл 10% -дан жоғары, реттеушінің, яғни Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің рұқсатын алу қажет болды, ал бұл белгілі бір уақытты алады. Сол жүйемен акциялар пакетінің 75%-ын жеке тұлғалар, PPF холдингінің топ-менеджерлері сатып алды. Бұл ретте Банк капиталындағы әрбір қатысушының үлесі 10% - дан аспады. Сонымен қатар, біз өткен жылдың желтоқсан айында Ресей Банкінің қалған акцияларының 25% -ын сатып алған, сол арқылы қазақстандық Home Credit банкінің ірі қатысушысы мәртебесін алған Иржи Шмейц мырзаға рұқсат алу бойынша жұмысты бастадық.

Осылайша, біз қазақстандық бизнесті ресейлік акционердің қарамағынан шығару бойынша екі қадамдық операция жасадық. Бұл нақты және уақытылы, іс жүзінде ешқандай шығынсыз жасалды.

Қазір біздің ресейлік Home Credit банкіне қатысымыз жоқ. Біздің акционерлер – чехиялық ірі бизнесмен, чехиялық Forbes журналының алғашқы ондығына кіретін миллиардер Иржи Шмейц басқаратын жеке тұлғалар тобы және бір мезгілде бүкіл PPF тобының басқарма төрағасы.

PPF Чехиядағы ең ірі холдингтердің бірі, ең үлкені болмаса да, көптеген салаларда – телекоммуникация, БАҚ, жылжымайтын мүлік, фармацевтика және т.б. бойынша 25 елде ұсынылған, яғни бизнестің кең ауқымына ие.

– Сіз геосаяси жағдай рейтингке оң әсер етпегенін айттыңыз. Банк бұл кезеңнен қалай өтті және серіктестермен қайтадан қарым-қатынас орнатуға қалай қол жеткізді?

– Әрине бұл жағдай екі айдың ішінде болды және біз үшін мүлдем күтпеген жағдай еді. Себебі рейтингтің құлдырауын болжау және оған дайындалу қиын процестердің бірі.

Дей тұрғанымен дәл осы жағдай егер 5-7 жыл бұрын болғанда онда менің ойымша, бұл біз үшін өліммен тең болар еді. Өйткені ол кезде біз толығымен корпоративтік депозиттерден қаржыландырылатынбыз. Қазір бізде бөлшек депозиттердің үлкен көлемі бар, олар әртараптандырылған және тұрақты. Осылайша, біз бұл қиын кезеңнен бизнесімізге зиян келтірмей өте шықтық.

Биылғы жылы біз депозиттердегі үлесімізді арттырып қана қоймай, жаңа рейтингпен бірнеше күн бұрын облигацияларды қор нарығында бірінші орналастыруды сәтті аяқтадық. Осы және келесі айда қор биржасына жаңа ұсыныстармен шығуды жоспарлап отырмыз.

Иә, жағдайды болжау мүмкін емес және кез келген сәтте қиын болуы мүмкін. Бірақ қазір әлдеқайда жеңіл, өйткені біз бір жағынан бизнесті дамыту үшін өзімізді - өзіміз қамтамасыз етеміз, ал екінші жағынан, тұрақты және ұзақ мерзімді қорландыру мақсатында көтерме нарыққа таңдаулы түрде шығуға мүмкіндігіміз бар.

– Жақында Сіз ШОБ үшін цифрлық банктің ашылғанын жарияладыңыз, яғни бұл Home Credit Bank өзінің бағдарын шағын және орта бизнестің пайдасына өзгертіп, бөлшек сауда немесе тұтынушылық несие нарығындағы үлесін төмендетіп жатқанын білдіре ме?

- Жоқ, біз өз үлесімізді төмендетпейміз, керісінше, ұсынылмаған жаңа нарықтарға шығуды көздеп отырмыз. Өйткені біз, бір жағынан, бұл арнада да перспектива бар деп санаймыз. Нарықта ресейлік ойыншылар кеткеннен кейін белгілі бір вакуум пайда болды, ал екінші жағынан, біз шағын бизнес пен дәстүрлі бөлшек сауда бизнесі синергетикалық екенін түсінеміз, ол жердегі клиенттер бірдей. Яғни, біз бұрын қалыптасқан арналарды, құзыреттерді пайдалана аламыз.

Сондықтан, бөлшек саудадан шығу туралы емес, дәл қазір біздің мақсатымыз нарықтың жаңа сегменттерінде де орын алу.

– Жаңа цифрлық банк туралы айтып берсеңіз. Қазіргі уақытта нарықта бар аналогтардан оның айырмашылығы мен артықшылығы неде?

- Біз өз қосымшаларымыз бен ұсыныстарымызды клиенттердің құндылықтарына сүйене отырып құрған кезде, тек жергілікті нарықтағы тәжірибеден ғана емес, сонымен қатар ең жақсы шетелдік мысалдарды да қамтуға тырыстық. Өйткені біз өз алдымызға әлемдік деңгейдегі жобаны іске қосуды мақсат етіп қойдық. Пайдаланушы тәжірибесі, процестің үздіксіздігі тұрғысынан бұл шағын бизнес сегментінде қызықты және тартымды жоба болатынына сенімдіміз. Әзірге біз тұтынушыларды байқап көру үшін осы жылы ШОБ сегментіндегі барлық қызметтерімізді тегін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни, жылдың соңына дейін біз, ең болмағанда, шоттарды жүргізу үшін комиссия алмаймыз және тағы басқасы дегендей. 

Сонымен қатар, бұл жобаны жүргізген команда осыған ұқсас жобаларды сәтті жүзеге асырды. Дегенмен, біз олар бұрын жасағаннан да жақсырақ істейміз деген үміттеміз. Өйткені жобаны іске қосқан кезде, болашақ клиенттерімізге неге серіктес ретінде бізді таңдауы тиіс екенін егжей-тегжейлі түсіндіретін боламыз. 

- Стратегияларыңызға сай ШОБ сегменті банк портфелінде қанша үлесті алады?

- Несиелеу портфелі туралы айтатын болсақ, мен нақты жауап беруге әлі дайын емеспін, өйткені біз бастапқыда транзакциялық банкті іске қосатын шығармыз.

Егер депозиттік портфельдегі немесе өтімділіктегі портфельдегі үлес туралы айтатын болсақ, ол шамамен 20-30% құрайды деп ойлаймын.

Негізінде, болашақта несие портфелінде де біз шағын бизнестің үлесін 20-30% - ға дейін арттыра алатынымызға үміттімін.

Жалпы, осындай жаңа ауқымды бағытты іске қоса отырып, оның біздің бизнесімізге елеулі серпін беретініне және маргиналды емес екеніне сенеміз (көлемі мен маңыздылығы жағынан шамалы).

– Банк саласында ең жақын бәсекелесіңіз ретінде кімдерді тізіп айтар едіңіз?

- Нарықта бәсекелестер неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Десе де біз бір-біріміздің жетістігімізге қызғанышпен қарамаймыз, керісінше алға ұмтылуға көмектесеміз. Сондықтан Қазақстанның банк нарығы жеке мен үшін қызықты – бәсекелестік, қарқынды даму, цифрландырудың жоғары деңгейі. Қазақстанды еуропалық нарықпен салыстыратын болсақ, шын мәнінде мұнда цифрлық қызмет әлдеқайда дамығанын бірнеше рет айтқанмын. Мен тіпті басқа (еуропалық – ред.) нарықтардағы таныстарыма egov арқылы немесе кез келген банктің қосымшалары арқылы қандай операциялар бар екенін көрсеттім, олар өз көздеріне сенбеді.

- Қазақстандағы банк секторының ағымдағы жағдайын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, отандық банктер үшін қайталама санкциялардың тәуекелдері қаншалықты жоғары? Home Credit Bank Kazakhstan бұл бағытта не істеп жатыр?

- Маған бүкіл нарық үшін қайталама санкциялар қаупін бағалау қиын. Банкте біз барлық ережелер мен нұсқауларды қатаң сақтайтынымызды және ешқандай ымыраға келмейтінімізді білемін. Мысалы, біз ресейлік клиенттерге өнімдерді, карталарды ашпаймыз, тіпті егер оған қандай да бір жолмен тыйым салынбаса да.

Біз әлемнің көптеген елдерінде яғни 40-қа жуық компаниялары бар акционерлеріміздің екінші реттік санкцияларға ұшырағысы келмейтінін түсінеміз. Сондықтан бізде қатаң талап сақталған. Біз акционерлеріміздің санкцияларына қауіп төндірмейміз.

Шын мәнінде, біз Қазақстан және Чех реттеушісінің қарамағындамыз. Сондықтан бақылаудың екі деңгейі бар. Барлық комплеанс процедураларын осында және Чехиямен мақұлдаймыз. Қорғаныс желілерін құрдық және тәуекелдерді азайттық деп айта аламын.

Десе де бүкіл жүйе туралы айту қиын. Бұл мәселені әріптестеріме жолдау керек шығар.

- Жақында PPF холдингі Индонезия мен Филиппин нарығынан шығатынын мәлімдеді. Осы орайда чех акционерлерінің Қазақстанға қатысты жоспарлары туралы айта кетсеңіз?

– Егер болашақты болжай алатын болсам, банкте күніне 12 сағат жұмыс істемей, казинода немесе биржада бір жерден ақша табатын едім (күлді).

Негізі, үлескерлердің жоспары қандай екенін білмеймін. Бірақ олардың нақты іс-әрекеттеріне қарап, олардың бизнес үшін жаңа банк ашуға инвестиция салып жатқанын көруге болады. Біз сондай-ақ акционерлеріміздің Қазақстандағы бизнеске инвестиция салуға дайын басқа да инвестицияларын талқыладық. Биыл біз дивидендтер төлемейтінімізді алдын ала хабарладық. Бұл да жаңалық болуы мүмкін.

Яғни, жоғарыда аталған барлық қадамдар акционерлердің осы нарыққа, осы ұжымға сенетінін, одан әрі дамыту жоспарлары бар екенін көрсетеді.

Ал Филиппин мен Индонезиядағы бизнеске қарағанда, Қазақстаннан шығу екіталай деп ойлаймын.

Басқа жағынан, осы екі елде жасалған мәмілелерге қарасам, қателеспесем, жергілікті реттеуші органдармен келісілгеннен кейін жаңа инвесторлар төлейтін сома біздің компаниялардың капиталынан жеті есе көп болды.

Қазіргі банк әлемінде мұндай бағаға сатпау күнә. Егер біреу біздің Қазақстандағы капиталымыздан жеті есе жоғары баға ұсынса, онда акционерлер де осындай ұсынысты қарастыруға дайын болуы мүмкін (күледі).

- Кирилл сұхбатыңызға рахмет. Банкке сәттілік тілеймін!

Талқылау