Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талай ұйқысыз түндеріміз өтті": 5,5 млн сыйақы алған халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары жеңіс жолындағы қиындықтарын айтып берді

Биыл Қазақстан оқушылары IChO химиядан өткен халықаралық 56-олимпиададан екі алтын, бір күміс пен қола алып келді. Бұл байқау әлемдегі ең беделді 7 олимпиаданың қатарына кіреді. Елімізден барған оқушылар да биыл жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Енді медаль алған оқушылар мен олардың мұғалімдеріне ақшалай сыйлық, қатысушылардың өздеріне білім гранты беріледі. Stan.kz биыл химиядан халықаралық олимпиададан жүлделі медаль алып келген оқушылармен сұхбаттасып, олардың ғылымға деген құлшынысы мен болашаққа жоспарларын білді.

Коллаж Stan.kz/Фотолар жеңімпаздардың жеке архивіненКоллаж Stan.kz/Фотолар жеңімпаздардың жеке архивінен

“Химия жай символдардың жиынтығы емес, ол – өзінің анықтамасынан да үлкен әлем”

Кирилл Ким – IChO-2024 (International Chemistry Olympiad) олимпиадасының алтын жүлдегері. Ол Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 12-cынып оқиды. Ғылымға ес білгелі қызығады екен. Ал олимпиадаға 2 жыл бойы дайындалыпты.

"Оның ішінде химияға 10-сыныптан бастап қызықтым. Сол кезде мектепте күзгі науқан болды. Онда мектебіміздің түлектері жиналып, бізге сабақ береді. Сол кезде химияны шындап ұната бастадым. Ата-анам басында мұндай қызығушылығымды түсінген жоқ, бірақ мені қолдай берді. Ал мұғалімдер үнемі қолдау білдіріп, түрлі материал мен тапсырмалар берді. Солар арқылы жақсырақ жаттықтым. Олимпиадаға біраз дайындалдым, нақтырақ екі жыл бойы. Көп есеп шығардым, көп оқулықтарды ақтардым, оқыдым. Бүкіл бос уақытымды химияны оқуға арнадым", – дейді ол.

“Бәсекеге толы өмірде артта қалмауды үйретті”

Айтуынша, олимпиада оған жаңа дүниелерді көруге, саяхаттауға және жаңа, өзгеше адамдармен танысуға мүмкіндік берді.

"Сонымен қатар үнемі дамып отыруға және үнемі бір тонуста жүріп, бәсекеге толы өмірде артта қалып қалмауды үйретті. Химиядан халықаралық олимпиададан алтын медаль алдым. Жеңімпаздарға білім грантын береді және Қазақстандағы кез келген оқу орнын таңдауға мүмкіндік жасайды. Мені оның ішінде Назарбаев университеті ерекше қызықтырады. Биыл мен 12-cынып оқып жатырмын. Әлі қай университетті таңдайтынымды білмеймін, ойланбадым. Жеңімпаздарға берілетін қаржыны қайда жұмсайтынымды да ойластырмадым. Ол қаржыны жай сақтап қоятын шығармын", – дейді Кирилл.

Кирилл Ким. Фото жеке архивіненКирилл Ким. Фото жеке архивінен

Кирилл Ким химиядан бөлек спортты жақсы көреді. Кейінгі үш жыл қол күресімен айналысады. Спорт маған оқудан басқа уақытта ойымды бөлуге, сергуге жақсы дейді ол.

"Болашақта химияны тереңірек зерттей бергім келеді. Жалпы маған ғылыммен айналысқан ұнайды. Өмірімді осы саламен байланыстырып, бүгінгі істерімді әрі қарай жалғастырғым келеді. Зертханада жұмыс істеп, бакалавр аясында ғана оқып қоймай, докторантураға да жеткім келеді. Мен үшін химия жай символдардың жиынтығы емес, ол өзінің анықтамасынан да үлкен әлем. Химия біздің әлем неден құралғанын айқара ашып береді. Ол айналамыздағы әр затқа микродеңгейіне жетіп қарауға мүмкіндік береді. Көзіміз көрмей тұрған өте майда бірақ маңызды дүниелерді түсіндіріп береді. Бұның бәрі өзің өмір сүріп жатқан орта туралы түсінігіңді кеңейтеді", – дейді Кирилл Ким.

Жеңімпаз олимпиадаға қатысқысы келетін замандастарына бұл істі шынымен ұнатып, қалап істесеңдер ғана байқауға барыңдар деді. Себебі оның айтуынша, олимпиадаға дайындалу барлық уақытыңды, барлық энергияңды алады.

"Олимпиадаға дайындалу – бітпейтін есептер, дайындықтар, жаттығулар, ұйқысыз түндер. Оның үстіне олимпиадаға сабақтан соң өзің дайындалуға ерік-жігерің жетуі керек, сені біреу дайындалдың ба деп қадағаламаса да зерттеуің керек. Дегенмен олимпиада өте қызық әрі көңілді. Онда түрлі күшті оқушылармен танысуға болады. Жалпы олимпиаданың аурасы, ортасы өте жақсы. Олимпиада құшағына білімге ұмтылған жасампаз жастарды айқара ашып қарсы алады", – деді IChO-2024-тің алтын медаль иегері.

“Олимпиада маған кез келген нәрсеге бір қадаммен, тез жетпейтінімізді түсіндірді”

Ал Абылай Кабдулхадыр химиядан өткен халықаралық 56-олимпиададан күміс медаль жеңіп алды. Ол Қытайда өткен білім сайысында бақ сынап көруге мұғалімім мен жоғары сыныпта оқитын оқушылар шабыттандырды дейді.

“Химияға 9-сыныптан қызыға бастадым. Оған дейін маған ғылымның барлық саласы қызық болды. Әсіресе математика мен физика. Оған қоса сол кезде Елдана Ахмадқызы деген жақсы көретін мұғалімім болды. Мұғаліміме рахмет айтқым келеді. Ол менің потенциалымды байқаған болар, мектебіміздің химиядан жаттығуларына жазып қойды. Содан мен апта сайын сабақтарға барып жүрдім, бірақ үйде қосымша оқымадым. Кейін уақыт өткен соң бұлай дайындалуға болмайтынын түсіндім. Бірдеңемен айналысқың келсе, онымен тұрақты әрі соңына жеткізіп жасау керек", – дейді ол.

Осы кезде Абылайды жоғары сынып оқушысы Санжар Бейсенәлі шабыттандырған. Ол –химиядан халықаралық олимпиаданың алтын жүлдегері және Менделеев олимпиадасының күміс медаль иегері.

“Ол маған мықты химик әрі халықаралық байқаудың жеңімпазы ретінде үлгі болды. Сол арқылы олимпиада қатысушыларының ортасына қызықтым, жалпы химиктердің аурасына талпынуыма әсер етті. Осыдан соң мен химияға шындап кірістім, күнде дайындалдым және осы салаға махаббатым ашылды. Менің жағдайымда химияға қызығушылық күннен күнге арта берді және қазір мен оған ерекше сала ретінде таңдана қараймын. Олимпиадаға күнде дайындалдым, ешқандай да бүгін мынандай боп қалды деген жарамайды. Күнде кешке бөлмемде керек кітаптарды оқыдым, сол кітаптарға жазылған пікірлерді қарадым, білмегенімді Санжардан сұрадым. Осылайша қадам қадаммен, аз-аздан үздіксіз әрекеттер арқылы бір нәтижеге жеттім деуге болады.

Абылай Кабдулхадыр. Фото жеке архивіненАбылай Кабдулхадыр. Фото жеке архивінен

Абылайдың сөзінше, олимпиада оған кез келген нәрсеге бір қадаммен жетпейтінімізді түсіндірді. Сонымен қатар олимпиададағы ерекше орта алға ұмтылуға көмектескен.

“Дайындық кезінде сыныптастарымнан алшақтап қалғандай болдым. Сол кезде өзге олимпиадниктермен араласып, шабыт алдым. Тағы бір айтарым, ең бастысы игеріп жатқан тақырыбыңды жақсы түсінуің керек. Жеткілікті түсінбей жатсаң, білетіндерден сұрап, түрлі арнайы сайттардан іздеп көруге болады. Оған қоса олимпиаданың сынақ турларынан өтіп көру қажет. Мысалы, 5 сағат отыру керек болса, сол уақытта тек дәретханаға ғана барып, бүкіл тапсырманы орындап, өзіңді олимпиадада отырғандай сезініп көру керек. Мұндай жаттығу байқау алдында жақсы әрі бұл бәрін бірдей білу емес, біліміңді қолдану маңызды екенін аңғаруға жақсы көмектеседі”, – дейді күміс жүлдегер.

“Болашаққа жоспар құрғаннан гөрі қазір бар мақсаттарға қарай қадам жасағанды құп көремін”

Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-cынып оқушысы әлі қай оқу орнын таңдайтынын және ақшалай сыйлықты қайда жұмсайтынан ойластырмапты. Ең бастысы болашақта білікті химик маман болғысы келеді.

“Әлі мектепте бір жыл оқимын. Бәлкім жақындаған сайын саралап, дайындаламын. Болашақта білікті химик маман болғым келеді. Осы пәнді таңдап отырмын. Болашаққа жоспар құрғаннан гөрі қазір бар мақсаттарға қарай қадам жасағанды құп көремін. Мен үшін химия – тірі және жаны жоқ табиғаттың ғылымы. Мысалы, тротуармен келе жатырсыз делік. Сіз жүрген сайын аяқкиіміңіздегі молекулалар мен атомдар тротуардағы молекула мен атомды итереді. Әрине, химияның көрінісі бұл мысалмен ғана шектелмейді. Қарапайым суды салқындату қажет болса да, химияны қолдануға болады. Химия өмірде бейімделуге, белгілі бір құбылыстар қалай жүзеге асып жатқанын көруге көмектеседі. Олимпиадаға қатысқысы келетін оқушыларға химияны жақсы көріп, зерттеңдер дер едім. Ең бастысы аяғына дейін жетуге талпынсаңыздар екен. Орта жолда тастамаңыз, себебі қиындықтар болады. Бірақ олардан өткен соң ғылым сізге бұрынғыдан кеңірек ашылып, барған сайын қызық бола түседі”, – деді IChO-2024-тің күміс медаль иегері Абылай Кабдулхадыр.

Бұған дейін елімізде халықаралық олимпиададан жүлде алған оқушыларға 5,5 миллион теңге сыйақы берілетіні хабарланған еді. Дүниежүзі бойынша үздік 7 беделді олимпиадада жеңіске жеткен 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйлыққа ие болмақ. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады. Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздар бұл сыйақыны жақын күндері алатынын айтты. 

Алтын медаль жеңіп алған оқушыға 1500 АЕК (5 538 000 теңге) мөлшерінде, күміс медаль үшін 1000 АЕК (3 692 000 теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1 846 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы берілді.

Талқылау