Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хайуандар әлеміне жоқ де!": Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық акциясы өтті

Алматыда “Хайуандар әлеміне жоқ де!” зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық акциясы өтті. Митингке қатысушылар балаларға, әйелдерге жасалатын тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Stan.kz

26 қараша күні Алматыда “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы скверде “Жаңа адамдар” жастар қозғалысының ұйымдастыруымен рұқсат етілген митинг өтті.

Митингке экс-министрдің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың оқиғасы себеп болды. Сондай-ақ белсенділер мектептегі, балабақшадағы бүлдіршіндерді ұрып-соққан оқиғалардың тоқтатуын сұрайды. 

Митингті ұйымдастырушылар “Жаңа Қазақстан” орнауы үшін ең алдымен зорлық-зомбылық жойылуы керек дейді.

Stan.kz

“Біз Тоқаевқа сенеміз. Өкініштісі, қазақстандықтар жиі қорлықпен бетпе-бет келеді. Ескі жолмен өмір сүруге дағдыланған адамдар өзгергісі келмейді. “Жоқ” дегенді естігісі келмейді. Біз мұны өзгертеміз”, – деді “Жаңа адамдар” мүшесі.

Олардың айтуынша, біреуге қол көтеретін адам адам деп аталуға лайық емес, олардың мұндай әрекеті хайуанмен тең. 

“Жаңа адамдар” жастар қозғалысының ұйымдастырушысы Әсел Бәденова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шыққанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатаңдату мәселені түпкілікті шешпейтінін айтады.

“Мәселені шешуде тек заңға сүйену жеткіліксіз. Тәрбиеге мән беруіміз керек. Жоқ деген жоқ дегенді білдіретінін түсіндірген жөн”, – дейді ол.

Тағы бір белсенді ортаға шығып, қорлық көрсетуші тек еркектер емес екенін айтты.

“Біздің қоғамда зорлық-зомбылық тек еркектерге тән деген ұғым бар. Әрі оларды мүмкіндігінше түрмеге ұзақ отырғызып, мәселені шешуге болады деп санайды.Бұл – қате ұғым. Мысалы “Балам-ай” балабақшасының тәрбиешісі ерекше қажеттілігі бар баланы ұрып-соққан. Әйел біреудің баласын ұрған, визасын бермегені үшін қайшысен туристік компания қызметкеріне де шабуыл жасаған – әйел. Зорлық жынысқа бөлінбейді”, – деді белсенді Ғазиза Лұқманова.

Наразылыққа қатысушылар хайуандардың суретін алып, “Зорлыққа жол жоқ!”, “Бүгін ұрса, ертең өлтіреді”, “Келесісі болудан қорқамын”, “Зорлық-зомбылық – дәстүр емес” деген плакаттарды ұстап шықты.

Акцияға экс-министрдің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді, тележүргізуші Диана Қырықбай Астанадан келді. Диана Қырықбай тілшімізге бұл митингке келудегі мақсатын айтып, қыздарға өзін сыйлауды, зәбір көрсеткен жағдайда үнсіз қалмауға кеңес берді. Айтуынша, ол Салтанатты жақын таныған.

“Салтанатты жақсы танимын. Ортақ таныстарымыз бар. Астанада бір спорт залында бірге шынығатынбыз. Осы жағдайдан соң барлығымызда қорқыныш пайда болды. Тұрмысқа шығып, келесі жылы көз жұму қыздардың үрейін туғызды. Мен әрдайым тұрмысқа шығуға асықпауға шақырамын, алдымен білім алып, іздену керек, еңбек ету керек. Әйтпесе күйеулеріне қаржылай тәуелді болып, олардың қорлығына төзуіне тура келеді”, – деді Қырықбай.

Ол тәрбиеге мән берудің маңыздылығын атады.

“Мен бұл мәселеде тыс қала алмадым, үлес қосқым келді. Әрине, заң керек, бірақ тәрбие үйден басталады. Кішкентай балақайларға қызды ұрмасын деп үйрету керек. Бізде ұлдың орны бөлек, қыздың орны бөлек деген түсінік бар, алайда ондай тәрбиенің тозығы жетті. Көп қыздар оқиғаларын айтып, ауылдан келген ағалары тиіскенін, азғындық жасамақ болғанын айтып жатады, бұл сұмдық қой! “Хайуандар әлемі” деген түсініктен ажырауымыз керек” – деді ол.

Жылда өтетін феминистік маршты ұйымдастыратын “КазФем” ұйымының негізін салушы Вероника Фонова да бұл акцияға келмек болған. Алайда ол “Жаңа адамдар” ұйымдастырушылары оны кіргізбей қойғанын айтты. Айтуынша, Фонова “Немолчи” қорына жасалған қысым мәселесін көтергісі келген. Өйткені қазіргі таңда әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын “Немолчи” қорының шоттары бұғатталып, үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Сондай-ақ тағы бір белсенділер митингке кіре алмаған. Олар мәселе тек Салтанат Нүкенованың өлімімен шектелгеніне наразы.

“Біз “жаңа Қазақстанға” қосыламыз, Тоқаевты қолдаймыз. Бірақ жаңа Қазақстан жоқ! Бәрі сол қалпы, бізді алдайды. Зорлық-зомбылық бұрыннан бар, бұл мәселе тек бай отбасынан шыққан Салтанат Нүкенова қаза тапқаннан кейін ғана көтерілді. Ал төрт жасар Айкөркем қаза тапқанда, ешкім үндемеді. Әйгерім Тілеужан қамауда жатыр, ешкім бұған мән бермейді. Қыздар өлмеуі керек, алайда Бишімбаевтың ісімен шектелмеуіміз керек”, – деді ол.

Талқылау