Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ХАМАС Газада атысты тоқтату туралы жаңа ұсынысты қабылдады

Фото: Al Jazeera

ХАМАС Газа секторы үшін атысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Al Jazeera арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

ХАМАС палестиналық фракциялармен бірге Катар мен Мысыр бітімгерлері ұсынған ұсынысқа келіскендерін жариялады.

Катар мен Мысыр тарапы бір күн бұрын Газа секторында 60 күндік бітімге келуді қамтитын атысты тоқтату келісімін ұсынды. Келісім жарияланғаннан кейін израильдік шенеунік  ХАМАСтың соңғы ұсынысын алғанын растады.

ХАМАС қабылдаған ұсыныс 60 күнде 150 палестиналық тұтқынға айырбас ретінде 10 тірі кепілді босатуды көздейді. Ол мәміледе өлтірілген кепілге алынғандардың мәйіттерін беру де қамтылады.

Израильдің Газаның шығысындағы шабуылдары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындар Израиль шабуылдарының күні-түні болып жатқанын айтады.

Еске салайық, бұған дейін Газада аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жеткенін жаздық. Газа денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир әл-Бурштың мәліметінше, аштықтан көз жұмғандардың 93-і балалар. Израильдің соққылары мен қатаң қоршауында қалған Газа секторы гуманитарлық апат жағдайында: азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар қатты жетіспейді. Әсіресе аштықтан қайтыс болған балалар саны күн санап артып жатыр. Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің аштық пен шөлді "қару" ретінде қолданып отырғанын атап өтеді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 09:37
Талқылау