Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Грузиядағы стендап-шоуда бой көрсетті

Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Грузиядағы стендап-шоуда бой көрсеттіФото: gamingcongress.kz

StavkaBet букмекерлік кеңсесінің құрылтайшысы әрі ұйымдасқан қылмыстық топтың болжамды жетекшісі ретінде халықаралық іздеуде жүрген Нұрдәулет Сейсенбаев Грузияда өткен комик Александр Меркульдің стендап-шоуында көзге түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Стендап-шоуда түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Көрермендермен әңгіме барысында ер адам өзін Нұрдәулет деп таныстырды. “Немен айналысасың?” деген сұраққа ол “ештеңемен айналыспаймын” деп жауап берген. Сондай-ақ Сейсенбаев “шетелде жүрген қазақтар бір-біріне қолдау көрсетеді” деп атап өтті. Алайда ол қандай қолдау көрсететінін нақтыламады. 

Меркуль қазақстандықтан Грузияда не себепті жүргенін сұрады. Нұрдәулет Сейсенбаев Қазақстанда өзіне ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз құмар ойын бизнесін жүргізу бойынша айып тағылғанын айтты. 

“Кінәм дәлелденген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін”, – деді Сейссенбаев.

Бұл жағдай қазақстандық пабликтер мен әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Халықаралық іздеуде жүрген азамат көпшілік іс-шараларға еркін қатысып, өзіне тағылған айыпты ашық түрде айтқаны желі қолданушыларын таңғалдырды. 

“Әлемде кей президенттер өзге елдің басшыларын ашық түрде орнынан алып жатқан кезде, Грузия 2019 жылы экстрадициялаудан бас тартқаннан кейін біздің құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Нұрдәулет Сейсенбаевты ұмытып, тіпті қолды сілтеген секілді. Ол алаңсыз демалып, стендапқа барып, өзіне ешкімнің жете алмайтынын мақтанышпен айтып жүр”, — деп жазады Egov.press Telegram арнасы.

Еске сала кетейік, Нұрдәулет Сейсенбаевты 2019 жылдың қыркүйек айында Грузияда Интерпол қызметкерлері ұстаған еді. Қазақстан оны жедел түрде экстрадициялау жөнінде сұрау жолдаған. Алайда Грузия соты күдіктің негізді екенін дәлелдейтін қосымша айғақтарды талап етті. Іс материалдары қаралғаннан кейін Сейсенбаевты беру туралы өтініш қанағаттандырылмай, экстрадициялаудан бас тартылды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 08:56