"Халатымды ашып, кеудемнен ұстады": Алматылық ару үйіне келген курьердің өзіне қол жүгірткенін мәлімдеді

Алматылық бойжеткен гүл жеткізу қызметінің курьері жыныстық сипатта қысым көрсетті деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Дарья есімді алматылық видео жариялап, оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бойжеткен ешқашан мұндай сипаттағы видео түсіремін деп ойламағанын, алайда күні кеше өмірінде алғаш рет өз пәтерінде қорқыныш сезінгенін айтты.
Оқиға 14 ақпанда болған. Аруға гүл сататын дүкен хабарласып, оған гүл шоқтарын жеткізу үшін мекенжайын сұраған. Кешке сағат 21:00 шамасында курьер келген.
“Мен оған алдымен тұрғынүйдің кіреберісінің есігін аштым, ол мен тұратын қабатқа көтерілді. Кейін пәтерімнің есігін ашып, гүлді бұрышқа қоюын сұрадым. Өйткені ол үлкен гүл себеті болды, мен оны өзім көтере алмас едім. Бұл сондағы екі қадам жердегі бұрыш еді. Осы сәтте ол менің тарапыма жыныстық сипаттағы әрекет көрсетті, яғни халатымды ашып, кеудемді ұстады. Ал үстімде кең халат еді. Мұның бәрі бірнеше секундта болды. Мен оны қуып шықтым. Менің қалай қорыққанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес”, – деді ол.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Алматылық ару тіпті жеке пәтерінде өзін қауіпсіз сезіне алмайтынына наразы.
“Бұл менің пәтерім. Менің жеке кеңістігім. Менің қауіпсіз мекенім. Мен неге өз үйімде курьерге есік ашуға қорқуым керек?” – деп ашуланды ол.
Оқиғадан соң Дарья курьерге жазып, “Қол жүгіртуге қандай қақың бар?” деп сұрап, істі соңына дейін жеткізетінін ескерткен. Алайда, арудың сөзінше, курьер боғауыз сөздермен жауап берген. Сондай-ақ ару курьердің 40-45 жас шамасындағы ер адам екенін айтты.
Кейінірек курьер қайта байланысқа шығып, кешірім сұраған.
“Қайта хабарласып, түсініспеушілік болғанын айтты. Яғни, әйелге өз пәтерінде қол жүгірту бар болғаны түсініспеушілік пе?”, – дейді алматылық бойжеткен.
Артынша Дарья бірден полиция шақырып, арыз жазған. Оның сөзінше, кейін курьердің InDrive сервисінде жұмыс істегені анықталған.
“Ұзақ уақыт оның жеке басын анықтай алмады. Сөйтсек, бұл көліктің сақтандыруына енгізілмеген InDrive курьері екен. 16 ақпанда бізді тергеушіге шақырды. Ол отырып бәрін жоққа шығарды, өзі болса қолы дірілдеп тұрды”, – деді бойжеткен.
Дарьяның айтуынша, істі бастапқыда “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша сараламақ болған. Алайда бойжеткен курьердің әрекеті жыныстық сипатта болғанын және қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс деп санайды.
Полиция не дейді?
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық емес, әкімшілік іс қозғалған.
“Азаматшаның курьер тарапынан құқыққа қайшы әрекеттер жасалғаны жөніндегі арызы бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Ер адам анықталып, полицияға жеткізілді. Арыз жазушының уәждері мен екінші тараптың түсініктемелері тексеріліп, оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп жатыр”, – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары материалдардың сотқа жолданғанын қосты.
InDrive пікірі
InDrive компаниясының баспасөз қызметі оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін бірден тексеріс басталғанын хабарлады. Нәтижесінде тараптардың өзара әрекеті inDrive сервисінен тыс, тікелей келісім арқылы жүзеге асқаны және тапсырыс компания қосымшасы арқылы рәсімделмегені анықталған.
“Соған қарамастан курьердің аккаунтын бұғаттадық. Біз қызбен байланыстамыз, шынайы өкінішімізді білдіріп, психологиялық көмек ұсындық. Ресми сауал бойынша құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Қосымшадағы қауіпсіздік пен жайлылықты, оның ішінде әйелдер үшін де, күшейту бағытында барлық шараны жалғастырамыз”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ компания тапсырысты міндетті түрде қосымша арқылы рәсімдеудің маңызын еске салды.
“Бұл бізге барлық тараптың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажет қолдау көрсетуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған