Гүлмира Сатыбалды Тұрсын Алагөзовке 6,5 млрд теңгенің акцияларын қайтарады
Гүлмира Сатыбалды мемлекеттік кіріске және баж ретінде 65,8 млн теңге өтеуі тиіс. Сот үкімі күшіне енді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Гүлмира Сатыбалдыдан Т. Алагөзовке келтірген материалдық және моральдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылсын. Г. Сатыбалдыдан материалдық залал келтіргені үшін жәбірленуші Т. Алагөзовтің пайдасына 6,5 млрд теңге көлемінде "Galanz bottlers" АҚ жай акцияларының 43%-ы өндіріп алынсын. Сонымен қатар, Г. Сатыбалдыдан моральдық залал келтірегені үшін 1 млн теңге өндірілсін. Одан бөлек, мемлекеттің кірісіне және мемлекеттік баж ретінде 65,8 млн теңге өндірілісін", – деді судья Кемеңгер Имашев.
Сондай-ақ, сот Гүлмира Сатыбалдының жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтіні туралы қаулы шығарды.
"Үкім шығарылған сәттен бастап заңды күшіне енеді. Г. Сатыбалды жазасының мерзімі қамауға алынған сәттен бастап, яғни 2022 жылғы 16 наурыздан бері 1,5 тәулікке бір күн қамауда ұстау есебінен заңды күшіне енгенге дейін есептелсін", – дейді судья.
Бүгін астанадағы №2 Байқоңыр аудандық сотында Гүлмира Сатыбалдыға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асады.