Грузияда қаза болған қазақстандық қыздың өліміне күдікті азаматтың суреті жария болды
Грузия бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық қыз Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдіктінің фотосын таратты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қыздың анасы Айсұлу Айтпаева қыздың өзіне қол жұмсағанын жоққа шығарып, оның өлтірілгеніне сенімді екенін айтты.
Грузиядағы Metronome.ge порталының хабарлауынша, зорлау және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген күдікпен ұсталған азаматтың аты-жөні Бесик Тордуа. Бұрын ол Беларусьте қамауға алынып, сотты болған.
Грузиядағы "Формула" ақпарат құралы Әсел бұрын жергілікті полицияға қоқан-лоқы мен физикалық зорлық-зомбылық көрсетілді деген өтінішпен келгенін хабарлайды. Бірақ қандай да бір себептермен тергеу әрекеттері басталмаған. Әсел жұмыс істеген автокомпанияның иесі - белгілі азамат Мұрат Мейірбеков, ол Қазақстан азаматы. Грузия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол қазір өз еліне оралған.
Естеріңізге сала кетейік, Әсел Айтпаева Грузияда түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ол Тбилисиде 9-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерді. Аудиодан ер адамның оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады.
Кейінірек Грузия прокуратурасы бойжеткен өлмес бұрын зорланған деп мәлімдеді. Келесі күні қылмысқа күдікті Бесик Тордуа ұсталды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Марқұмның денесі Қазақстанға келесі аптаның басында жіберіледі.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті.