"Грант 96-дан 72-ге дейін қысқарды": Ақтауда ата-аналар Назарбаев зияткерлік мектебінде грант санының азайғанына наразы
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жетінші сыныбына оқуға түсуге үмітті балалардың ата-аналары білім гранттарының қысқартылғанына наразылық білдірді. Елуден астам ата-ана облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналып, шенеуніктерге шағымын айтты. Сөздерінше, балалары өзге өңірдегі үміткерлермен салыстырғанда едәуір жоғары ұпай алған. Соған қарамастан білім гранты берілмей, резервке қалдырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Зияткерлік мектеп комиссиясы мен ата-аналар арасындағы дау енді Маңғыстау облысының әкімдігіне дейін жетті. Ғимарат алдына жиналған ата-аналар Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім гранттарын тағайындау жөніндегі комиссия шешімін әділетсіз деп есептейді. Олар зияткерлік мектепке 7-сыныпқа оқуға түсетін үміткерлер жоғары ұпай алса да грантсыз қалды деп ашулы. Ата-аналардың сөзінше, бастапқыда қазақ тіліндегі сынып үшін 96, орыс тіліндегі сыныпқа 48 оқу гранты берілуі тиіс болған. Алайда қазақ тілді сыныпқа 72, орыс тілді сыныпқа 24 грант беріліпті.
“Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл балалар жылы деп жариялады. Енді Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылары біздің президенттің саясатына қайшы келіп отырғаны ма? Неге әділетсіз?” – деді ата-аналардың бірі.
“Маңғыстау облысына грант тағайындау жөніндегі комиссия орыс тіліндегі сыныптарға биыл 24 грант қана бөліп отыр, ал өткен жылы 48 грант болған. Біз балалардың грантын қайтаруды талап етеміз”, – деп мәлімдеді ата-аналардың бірі Назгүл Жалғасова.
Әкімдікке жиналған ата-аналардың шағымын әкім орынбасары тыңдап, бұл мәселе жөнінде Оқу-ағарту министрлігіне Ноғаевтың атынан хат жолдайтынын айтты. Сондай-ақ министрлік өкілдерімен кездесу ұйымдастыратынын жеткізді. Ал ата-аналар зияткерлік мектеп директорының жауабына қанағаттанбады.
“Республика бойынша 2 728 грант бөлінген. Грантты бөлуде 6-сынып оқушыларын есепке алады және қарастырады. Жалпы біздің Маңғыстаудың 6-сынып оқушылары бүкіл республиканың 6-сынып оқушыларының 4%-ын құрайды. 2 728 гранттың 4 пайызын алсақ, 109 болады. 109 дегеніміз ол 5 сыныпқа жетпейді. Яғни бізде осы 4 сыныпты ашып отыр”, – деп мәлімдеді Ақтау қаласындағы "Назарбаев Зияткерлік мектебінің" директоры Әсел Бейсембинова.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Назарбаев зияткерлік мектептері министрлікке бағынбайтынын айтады. "Министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы болып тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ" деді. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралып жатыр екен.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілді 7 сыныбына емтихан тапсырған оқушылардың ата-аналары наразылыққа шыққан еді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
