«Голос. Дiти» шоуының жеңімпазы Данелия Төлешованың анасы қызының жоспарлары туралы айтып берді
Украиналық «Голос. Дiти» шоуының жеңімпазы Данелия Төлешованың ата-анасы қыздарының алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жас әншінің анасы Елена Төлешованың сөзінше, жақын күндері отбасы елге оралады.
«Әрине, қуанышымызда шек жоқ. Түнімен ұйықтамадық. Тек бірер сағат көз шырымын алдық. Таңертеңнен бері Данелия сұхбат беруде. Қазір бірнеше басылым үшін тікелей эфирге түседі. Алдағы жоспарларына келер болсақ, бастысы елге оралып, екінші тоқсанды аяқтау. Жыл соңы тақап келе жатқандықтан, тоқсанды сәтті аяқтау үшін, бақылау жұмыстарын жазу керек. Данелия үшін ол өте маңызды», – дейді анасы.
Елена Төлешова «Голос. Дiти» байқауына дайындық барысында қызы мектеп тапсырмасының бәрін орындап, сабағын тоқтатпаған.
Сонымен қатар Елена Төлешова қызы екеуінің арасында таңертең болған әңгіме туралы айтып берді. Оның сөзінше қызы: «Анашым, сен болып жатқан жайттың бәріне сенесің бе?» – деп сұраған. Анасы бастарынан өтіп жатқан жайтқа әлі де толық сене алмай жүргенін айтыпты.
Естеріңізге сала кетсек, алматылық 10 жасар Данелия Төлешова Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңімпаз атанды.
Оқи отырыңыз:
Нури мен Гули: Қайрат Нұртастың ата-анасы үнді әнін қазақша орындап шықты (фото, видео)
Тәуекел Мүсілім марқұм әкесін есіне алып, көз жасын тоқтата алмады