Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гималайдағы Қаңқалар көлі: Көпшілік ойлағаннан да жұмбақ мекенде адам қалдықтары қалай пайда болды

Қаңқалар қөлі деген атпен танылған гималайлық Ропкунд көлінен табылған адам қалдықтарының ДҢҚ-сараптамасы жасалған еді. Сараптама қорытындысынан бұл жердің оқиғасы көпшілік ойлағаннан да тереңде жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Мұзды көлдің жағасында жүздеген адам қаңқасы жатқандығы жайлы аңыз XIX ғасырдың аяғында пайда болды. XX ғасырдың ортасында көлдің жағасынан 500 қаңқа табылды, ал 1960 жылдары жасалған радиокөміртектік сараптамадан қаңқалардың басым бөлігі біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығында өмір сүрген адамдарға тиесілі екені анықталды. Сүйектердің жас аралығы бірнеше ғасырды құрайды. 

Қаңқалардың жағада қалай пайда болғаны туралы бірнеше болжам айтылғанымен, ешқайсысы нақты түсініктеме бермеді. Тасқын немесе өзге табиғи апат адамдардың жаппай қырылуына алып келді деген болжам да шындыққа жанаспайды. 

Үндістан, АҚШ, Германия ғалымдары жасаған ДҢҚ-анализ жұмбақты шешіп беруі тиіс еді, бірақ зерттеу нәтижелері тағы да көптеген сұрақтар тудыртып, осыған дейін қалыптасқан шындыққа жанасатын болжамдарды жоққа шығартты. 

"Анализдің биомолекулярлы әдістері — ДҢҚ-анализдің арқасында, қалдықтардың жасын радиокөміртектік мерзімдеуге және диетасын анықтауға көмектескен тұрақты изотоптар анализінің арқасында Роопкунд көлінің тарихы біз ойлағаннан да күрделі екенін түсіндік", — дейді Гарвард университеті медициналық мектебінің генетик-ғалымы Дэвид Рейх. 

Жұмыс барысында барлығы 38 ДҢҚ зерттелді. Олардың 23-і — ер адамдардікі, 15-і — әйел адамдардыкі. Қаңқалар көлдің жаңынан табылды. 

 Ғалымдар зерттеген 38 адамның қалдықтары бұрын болған және қазір де бар генетикалық топтарға жатады. 23 адам заманауи Үндістан халқына жақын генетикалық топқа, ал 14 адамның генотипі заманауи Крит және Грекия елінің тұрғындарына жақын. 

Бір адамның генотипі Оңтүстік-Шығыс Азия халқының генотипіне ұқсайды. Қалдықтардың жасы әртүрлі.  Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл адамдардың барлығы бірге өлмеген. Олар тасқынның не тағы да басқа табиғи апаттың құрбандары емес. 

Генотипі Оңтүстік Азия халықтарына жақын адамның қалдықтары біздің заманымыздың 7-10 ғасырына тиесілі. Ал генотипі Жерорта теңізіне ұқсайтын қаңқалардың жасы біздің заманымыздың 17-20 ғасырына тиесілі. 

23 ер адам мен 15 әйел адамның ешқайсысы бір-біріне туысқан емес. Кейбіреуі дүниеден жас кеткен, кейбіреуі қартайған шағында көз жұмған. 

"Жерорта теңізінен шыққан адамдардың қаңқасына қарап, Роопкунд көліне жергілікті халық қана емес, жердің түкпір-түкпірінен адамдар келгенін айтуға болады", — дейді Гарвард университетінің биолог-эволюционисті Айдиин Харни. 

Зерттеу авторы,  генетик Нирадж Райдың айтуы бойынша, ғалымдар Жерорта теңізінің тұрғындары не себептен осы көлге келгенін анықтай алмады. Сонымен қатар, ғалымдардың қолынан өлімнің бір індеттен болғанын дәлелдеу келмеді. 

"Қаңқалардың көл маңында қалай пайда болғанын түсіндіретін бірнеше болжам бар еді. Жергілікті фольклордің сөзінше, адамдар көлдің жанында орналасқан тау құдайы Нанда Дэвидің кесенесіне қажылық жасау үшін келген. Аңызға сәйкес, қажылардың көшін хан мен патшайым нөкерлерімен бастаған. Олар діни мейрамға сай келмейтін іс-әрекеттері арқылы Нанда Дэвидің ашуын тудыртқан және сол үшін жазаланған", — деп жазылған зерттеуде. 

Нанда Дэви құдайына табыну әлі күнге дейін бар. Құдайдың құрметіне бірнеше күнге созылатын діни шеру әр он екі жыл сайын Чамоли округінде болады. Аталған округ Үндістанның Уттаракханд штатына тиесілі. Роопкунд өзені осы діни шерудің жолында орналасқан. 

Алайда, Гейделберг университетіндегі антропология факультетінің деканы Дэви Уильямс Сакстің сөзінше бұл болжамның ғалымдар жасаған зерттеу қорытындысына еш қатысы жоқ. Нанда Дэви құдайына табыну, қажылық жасау туралы кітаптың авторы көлге үш рет барып қайтқан. Соңғы рет 2004 жылы National Geographic телевизиялық командасымен бірге барған. Дэви Уильямс Сакстың айтуы бойынша, қазіргі қажы-үндістер үшін көлдің ешқандай мән-мағынасы жоқ. 

Ғалым National Geographic журналына қажылар биік көтерілгенде демалып алып, ұзақ жолға дайындалу үшін әдетте көл маңына тоқтайтынын айтып берді. 

"Бірақ қажылық кезінде көлдің маңыздылығы жоқ және ешқашан болмаған", — дейді Уильям Сакс. Деканның айтуы бойынша, "бұл өте лас жер".  

Ғалымдар 38 адамды ғана зерттеді. Сондықтан басқа қаңқалардың көл маңында пайда болуының өзге де себептері болуы мүмкін. Мүмкін біз адамдардың Роопкунд көліне неліктен келгенін ешқашан білмеспіз. Бірақ ғалымдар анализ бұл жұмбақтың шешімін табуға көмектеседі деп ойлайды. 

Келесі жолы Қаңқалар көліне соның ішінен табылған және жанында жатқан жасандызаттарды зерттеуге экспедиция аттанады. 

Талқылау