Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елім мен халқым үшін жанымды беруге дайынмын": Сенат депутаты нағыз патриот деп кімдерді санайтынын айтты

27 жасынан бастап мәжілісте жеті жыл бойы депутаттық қызмет атқарған Геннадий Шиповских әрқашан қазақша сөйлеп, қазақ тіліне байланысты мәселе көтеріп жүріп халық көзіне түсті. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында өзінің қазақы тәрбие көріп, қазақ отбасында өскенін сөз етті. Сондай-ақ нағыз патриот болу үшін не істеу керегін айтты. 

Геннадий Шиповских жастайынан тауқымет тартқанын жасырмады. Он үш жасында анасы, кейін әкесі өмірден өтеді. 

“Жетімдер үйінен бір-ақ шықтым. Бір-екі рет қашып кетпекші де болдым. Алайда бағыма орай, балалар үйінде ұзақ тұрақтамадым. Мені қазақ отбасы асырап алды. Олар мені өте жақын қабылдады. Ол кезде ата-анадан айырылған менің көңіліме қаяу түсіп  еді, мінезім тұрақсыздау болды. Қазіргі әке-шешем соның бәрін байқап, көңілімді аулап, өте жылы қабақ танытты. Оның үстіне бауырларым да жақсы қарсы алды. Осылай жаңа отбасыма тез үйреніп кеттім", — деп еске алды Геннадий Шиповских. 

Депутат өзін сөзсіз патриотпын деп есептейтінін жеткізді. Сөзінше, қандай заман тумасын, қашан да елі мен халқы үшін жанын беруге дайын. 

“Біріншіден, мен қазақтың елінде, жерінде, топырағында дүниеге келдім. Кіндік қаным тамған жер Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысы Арал ауданы болғаннан кейін халқымды, елімді өте қатты жақсы көремін. Заманауи Қазақстанда патриот болу үшін біріншіден, өз халқың мен еліңді шын ниетпен, шын жүрекпен сүю керек. Екіншіден, қиын-қыстау заман туса елің мен жерің үшін жаның мен тәніңді беруге дайын болуың қажет. Одан бөлек, қай жерде де , қашан да Қазақстанның намысын қорғай білгендер, еліміздің туын биікке көтергендерді нағыз патриоттар деп есептеймін”, – дейді ол. 

Қазақ тілін өзінің ана тілі деп есептейтінін айтқан депутат өз елінің патриоты ең алдымен мемлекеттік тілді білуі керек деп санайды. Айтуынша, кез келген ұлт үшін ең қымбатты  - ол тілі. Тіл бар болса, халық та бар. 

“Біреулер қазақ тілін білу міндетті емес, ең бастысы патриот болу керек деуі мүмкін. Ал біреулер патриот адам міндетті түрде қазақ тілін меңгеруі керек дейді. Әрине, бұл мәселеге жан-жақты қарауға болады. Менің көзқарасым бойынша, еліміздің әрбір азаматы пен азаматшасы қазақ тілін білуге тиіс. Біріншіден, қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз. Мемлекет тіл болғаннан кейін оның патриоттықпен ұштасатын көптеген жерлері бар. Сондықтан да мен осы позицияны ұстанамын”, – деді ол. 

Сондай-ақ депутат билік басында қазақ тілін білмейтін азаматтарымыздың барын жасырмады. 

“Бірақ бірте-бірте олардың саны азаюда. Мәжіліс пен Сенатта өтетін көптеген жиындарда өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақша сөйлеуге тырысып жатыр. Үкіметте де министрлеріміз барынша қазақша сөйлеуге ұмтылады. Меніңше бұның өзі жақсы көрсеткіш. Біз бірте-бірте толықтай қазақ тілінде сөйлеуге келе жатырмыз. Мәжілістің бірқатар депутаттары қазақ тілін міндеттейтін заңдарды қабылдауға ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да бұл сұрақты міндетті түрде көтеретін боламыз. Менің ойымда бар. Сондықтан да бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы да үнемі осы мәселені өзінің жеке назарында ұстап отыр”, – дейді Геннадий Шиповских. 

“Шекарамен белгіленген барлық бізге қатысты жер – біздің тарихи жеріміз”

Сонымен қатар депутат кей азаматтар біраз қаламыздың бұрыннан бері орыстардікі болғанын айтып, "Ресейді қолдайтынын" айтқандардың көзқарасын дұрыс емес деп санайтынын жеткізді. 

“Менің ойымша, кез-келген азамат біріншіден Қазақстанның тарихын нық қарауы, білуі керек. Тарих беттерінде осылардың барлығы жазылған. Ал біздің өзіміздің ұстанатын позициямыз, БҰҰ-ның белгілеп қойған регламенті бойынша өзіміздің шекарамыз бар. Шекарамен белгіленген барлық бізге қатысты жер – біздің тарихи жеріміз”, – дейді Геннадий Шиповских. 

Сондай-ақ депутат өзінің қазақстандық екенін мақтан тұтатын кездері әр сәт болатынын сөз етті. 

“Біздің спорт әлеміндегі, өнер әлеміндегі жұлдыздарымыздың жоғары әлемдік деңгейге шығуы мақтаныш сезімін ұялатады. Мәселен, Imanbek-тің Грэмми алуы, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің шетелде жүріп, концерттерінде толық лық залдарды жинап жүргені, соңғы уақытта UFC-дің жұлдызына айналған Шавкат Рохмоновтың, боксшы Геннадий Головкиннің мұхиттың арғы жағында қазақ туын желбіретіп жүргені менде әрқашан мақтаныш сезімін ұялатады. Қазіргі кезде елімізде патриотизмді жоғары деңгейге көтеріп жүрген көптеген тұлғаларымыз бар. Біз осындай асыл мұраларымызды қадірлей білуіміз керек”, – дейді халық қалаулысы. 

“Ұлттық код – патриотизмнің нақты тетігі”

Депуттаттың ойынша, қазіргі жастардың бойында патриотизм толығымен бар. 

“Жастардың әлеуметтік желі арқылы көптеген істерді бір кісідей атқарып жүргенін көріп жүрміз. Сондай-ақ жылдан жылға патриотизм деңгейі көтеріліп жатыр. Менің ойымша, бұл жақсы үрдіс. Біз өзіміздің ұлттық идеологиялық құндылықтарымызды көбірек дамытуға аса мән беруіміз қажет. Әрине, ұлттық идеология неғұрлым күшейсе, соғұрлым елімізде патриоттардың да саны көбейетіні сөзсіз. Ұлттық құндылықтар, ұлттық идеология, ұлттық код – патриотизмнің нақты тетігі деп айтуға болады”, – дейді депутат. 

Бұнымен қоса Геннадий Шиповских шетелдік мәдениетті насихаттайтын кейбір мейрамдардың орнына өзіміздің халқымыздағы мейрамдарға назар аударуымыз қажет екенін айтады. 

“Біріншіден, мен ешқандай да мейрамды шектеткім келмейді. Бірақ менің ойымша, біздің халқымызда керемет мейрамдар бар. Мысалы, Валентин күнінің орнына Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні бар. Одан бөлек, қазақтың Жаңа жылы – Наурыз мейрамы бар. Осы мерекелерге көбірек акцент бергеніміз дұрыс. Өйткені, бұл мейрамдардың бізге идеологиялық тұрғыдан қажеттілігі жоғары. Бұрыннан бері біздің мәдениетіміз бен тарихымызда келе жатқан дүниелер. Осындай мейрамдарды одан сайын жаңғыртуға аса назар аударуымыз қажет”, – дейді депутат. 

Талқылау