Газадағы атыстың тоқтауы, Оңтүстік Корея президентінің тұтқындалуы, Моңғолиядағы митинг: Әлемдегі саяси оқиғаларға шолу
2023 жылы басталған Израиль мен ХАМАС арасындағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыс бейбіт келісіммен аяқталды. Тараптар Дохада өткен келіссөздерде Газа секторында атысты тоқтату туралы шешімге келді. Ал Оңтүстік Кореяда әскери жағдай жариялаған экс-президент Юн Сок Ёльдің қамауға алынды. Бұл оқиғалармен қатар Батумиде “Грузия үшін" партиясының жетекшісіне шабуыл жасалды. Назарларыңызға әлемде болған саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынамыз.
Газадағы соғыс тоқтады
15 қаңтар күні Газада атысты тоқтату келісімге қол жеткізілді. Израиль мен ХАМАС өкілдері Катарда өткен келіссөзде Газа секторы бойынша келісімге келгені хабарланды.
Фото: Reuters
Бастапқыда тараптар келісімге келгені туралы ресми ақпарат бермесе де, делегациялардың келісімнің егжей-тегжейлерін талқылау үшін Дохада жұмысын жалғастырып жатқаны белгілі болды.
Израиль ХАМАС-ты келісімді бұзбақ болды деп айыптады
Палестиналық ХАМАС тобы соңғы сәтте Газа секторындағы атысты тоқтату және кепілге алынғандарды айырбастау келісімінің кейбір шарттарына қарсылық білдіргені туралы хабарланды.
Фото: АА
Жарияланған ақпаратта Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесі келтірілген.
“ХАМАС келісімдерден бас тартып, соңғы сәтте келісім жасасуға кедергі келтіріп, дағдарыс туғызуда. Израиль үкіметі делдалдар Израильге ХАМАС барлық шарттарды қабылдағаны туралы хабарламайынша келісімге келмейді", – делінген Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесінде.
Израиль келісімге келгені туралы хабарлады
15 ақпан күні Катар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдул Рахман әл Тани Израиль үкіметі келісім берген жағдайда атысты тоқтату жексенбі күні, 19 қаңтарда күшіне енетінін айтты. Атысты тоқтатудың басталу уақыты әлі анықталған жоқ, деді ол.
Көп ұзамай Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі Дохада Израиль мен ХАМАС арасында Газа секторында атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге қол қойылғанын растады.
Мәлімдемеге сәйкес, Нетаньяху келісім туралы хабардар етіліп, саяси және қауіпсіздік істері жөніндегі министрлер кабинетін шақыруды тапсырылып, келісімді бекіту үшін министрлер кабинетінің отырысы өткен.
Келісімге қол қойылғаны туралы кепілге алынған қалған 98 адамның отбасына да хабарланды.
Израиль премьер-министрі билік өкілдеріне келісім бойынша босатылатын тұтқындарды қабылдауға бірлесіп дайындалуды тапсырды.
Трамп: Израиль мен ХАМАС менің арқамда келісімге келді
Фото: АР Photo
Дональд Трамп Газа секторында кепілге алынған израильдіктерді босату туралы келісімге қол жеткізілгені туралы мәлімдеді.
"Біз Таяу Шығыстағы кепілге алынғандар бойынша келісімге келдік. Олар жақын арада босатылады", – деп жазды ол Truth әлеуметтік желісінде.
Оған қоса Трамп өзінің әкімшілігі Газаның "террористер үшін қауіпсіз баспанаға" айналмауы үшін Израильмен және басқа одақтастарымен жұмысты жалғастыратынын айтты. Ол сондай-ақ аймақта бейбітшілікті нығайтуға және Израильдің араб елдерімен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруді көздейтін келісімдерін кеңейтуге күш салатынын мәлімдеді.
Трамп Газада атысты тоқтату туралы келісімді өзінің президенттік сайлаудағы жеңісімен байланыстырады.
Байден: Саяси мансабымдағы ең қиын келіссөз
Фото: Reuters
АҚШ президенті Джо Байден де Израиль мен ХАМАС-тың келісімге келуіне қатысты мәлімдеме жасады.
"Бұл мәміле табанды және қажырлы американдық дипломатияның нәтижесі. Менің дипломатиям осы нәтижеге жету үшін жұмысын ешқашан тоқтатқан емес", – деді Байден.
Оның айтуынша, келісім 2024 жылдың мамырында ұсынылған және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан мақұлдаған өзінің жеке жоспарына сәйкес жасалған.
Байден Газа үшін үш кезеңнен тұратын жаңа бейбітшілік жоспарын жариялады.
Байден бұл оның саяси мансабындағы ең қиын келіссөздер болғанын айтты.
Ары қарай не болады?
Фото: Getty Images
Келісім АҚШ, Катар және Мысырдың көмегімен жасалған. Соғысушы тараптар арасындағы жанама келіссөздер Доха мен Каирде өтті. Мәміленің бірінші кезеңінде ХАМАС Израиль тарапына кепілге алынған 33 адамды қайтарады. Бұлар негізінен әйелдер, балалар, қарттар, науқастар мен жаралылар. Бұған жауап ретінде Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды түрмеден босатады.
Келісім шартқа сәйкес, Израиль қорғаныс күштері (IDF) Газа секторы мен Мысыр арасындағы шекарадағы Филадельфи дәлізінде, сондай-ақ арнайы буферде ғана әскери қатысуын сақтай отырып, Газа секторының көптеген аудандарынан шығарылады. Газаның бейбіт тұрғындары үйлеріне, соның ішінде соғыстан қатты зардап шеккен солтүстікке орала алады. Бітімгершіліктің екінші кезеңі бойынша кепілге алынған еркектер мен өлген тұтқындардың қалған денелері Израильге тапсырылуы мүмкін. Байден келісімнің үшінші кезеңі Газадағы соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына арналатынын айтты.
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёл қамауға алынды
Фото: Getty Images
2024 жылы 3 желтоқсанда әскери жағдай енгізгеннен кейін қызметінен шеттетілген Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёл сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы қамауға алу ордерін 13 қаңтар таңертең орындаған. Юн Сок Ёл президент резиденциясында тұтқындалып, Сеулдің Гвачон қаласындағы тергеу мекемесіне жеткізілді.
Қамауға алынған алғашқы президент
Юн Сок Ёл Оңтүстік Корея тарихында қамауға алынған алғашқы президент атанды.
Юн Сок Ёл қамауға алынғаннан кейін "Бұл заңсыз тергеу болса да, қантөгістің алдын алу үшін бұл жерге өз еркіммен келдім", — деп мәлімдеді.
Ұзаққа созылған тұтқындау әрекеттері
Тұтқындау президент резиденциясындағы ұзақ келіссөздерден кейін жүзеге асты. 31 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Батыс округтік соты Юн Сок Ёлды "бүлік ұйымдастыру" және "қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" айыптарымен қамауға алу туралы шешім шығарды. Алайда, 3 қаңтар күні бұл шешімді орындау әрекеті президент күзеті мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласып, бұйрықтың орындалуы кейінге қалдырылды.
Бұл жолы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы президентті өз еркімен берілуін күтпей, тікелей әрекет ететінін хабарлады. Президенттің қауіпсіздік қызметі тарапынан қарсылық болмады.
Президент резиденциясының маңайына шамамен 6500 жақтасы жиналып, қолдау білдірді. Сонымен қатар, биліктегі "Халық билігі" партиясының депутаттары резиденция алдында наразылық танытты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3000-ға жуық полиция жұмылдырылды.
Айта кетейік, 2024 жылдың 27 желтоқсанында Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Дик Су да қызметінен босатылды. Оның орнына вице-премьер Чой Санг-мок тағайындалды.
Ұлан-Батырдағы наразылық акциясы
Фото: ТАСС
Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында 11 қаңтар күні наразылық акциясы басталды. Кешке қарай шерушілер саны мыңнан асты. Шерушілер Моңғолия үкіметін ауаның шамадан тыс ластануымен, жұмыссыздықпен және басқа да мәселелермен күресе алмады деп айыптап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде.
Ақпаратқа сәйкес, наразылыққа шыққандар мемлекеттік сарайдың алдында, Шыңғысхан ескерткішінің жанынан жүріп өтті. Олар сарайға шабуыл жасауға әрекеттенген, мемлекеттік қауіпсіздік күштері бұл әрекеттерге тосқауыл қойып үлгерген.
Ұлан-Батырда наразылық салдарынан қаланың орталық Мира даңғылы жабылды. Даңғылдың жабылуына байланысты қалада 15 автобус бағыты тоқтатылды.
Наразылық не себептері туындаған?
Наразылық акциясының бастамашысы және ұйымдастырушысы – "Еркіндік альянсы" партиясы. Партия өкілдерінің айтуынша, үкімет кептеліс, кедейлік, жемқорлық, салық және жұмыссыздық мәселелерін шеше алмай отыр. Осы себепті олар үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде. "Еркіндік альянсы" осы талаптарын 33 парламент мүшесіне жолдаған.
Шеруді ұйымдастырушылар билікпен ешқандай кеңес, кездесу немесе келіссөздер жүргізбейтінін, сондай-ақ ешқандай түсініктемелер қабылдамайтынын атап өтті.
Путин ресейліктерді 2025 жылы тағы әскери дайындыққа шақырды
Фото: ТАСС
Ресей президенті Владимир Путин Ресей азаматтарын 2025 жылы әскери дайындықтан өту үшін запастағы әскерилерді шақыру туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, әскери дайындық Ресей Федерациясының қарулы күштерінде, ұлттық гвардия әскерлерінде, төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару әскери бөлімдерінде, мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен федералдық қауіпсіздік қызметінің мекемелерінде өтеді.
Путин үкімет пен аймақтық билікке азаматтарды әскерге шақыруға және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысты шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Батумиде “Грузия үшін" партиясының жетекшісіне шабуыл жасалды
Фото: Ашық дереккөз
15 қаңтар күні Батумидегі Sheraton қонақүйінде оппозициялық "Грузия үшін" партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Георгий Гахарияға шабуыл жасалды.
Гахария жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Гахарияның жағдайы жалпы тұрақты екенін, медициналық көмек алғаннан кейін ол өз еркімен ауруханадан шыққаны хабарланды.
"Иванишвили режимі ұйымдастырды"
Партия мүшелері Георгий Гахарияға жасалған шабуылды “Грузин арманы” партиясының негізін қалаушы, Грузияның бұрынғы премьер-министрі Бидзина Иванишвили ұйымдастырды деп мәлімдеді. Х әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада партия шабуылды "Иванишвили режимі ұйымдастырған, топтық, қатыгез шабуыл" деп атады.
Партия оқиғаны тез арада жан-жақты зерттеп, кінәлілерді жазалауды талап етеді.
"Бұл саяси астарлы шабуыл оппозицияны қорқыту және наразылықтарды басу әрекеті. Мұндай әрекеттер Грузияның демократиялық және еуропалық болашағы үшін күресетіндерді тоқтата алмайды", – делінген "Грузия үшін" партиясының мәлімдемесінде.
Оқиғаға қатысты Георгий Гахарияның өзі Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырған.
"Қолдауларыңыз үшін әрқайсыңызға көп рахмет. Денсаулыққа келетін болсақ, менде бәрі жақсы. Бүгінгі заңсыз түрмеге тоғытылғандар қолдауымызға мұқтаж. Қалғаны кейінірек”, – деп жазды ол.
Гахарияның шабуылдан кейін түсірілген суретін Instagram әлеуметтік желісінде Германия Сыртқы істер комитетінің төрағасы Михаэль Рот жариялады.
Грузияның ішкі істер министрлігі шабуылға қатысты тергеу бастады.
Куәгерлердің айтуынша, Гахариямен қатар "Грузин арманы" партиясының депутаты Димитри Самхарадзе мен Аджарияның экономика министрінің орынбасары Георгий Манвелидзеге де шабуыл жасаған.
Ереван: Армения ЕАЭО-дан шығуды жоспарлап отырған жоқ
Фото: report.az
Армения Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға ниетті емес. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Арменияның экономика министрі Геворг Папоян мәлімдеді.
"Біз ЕАЭО-ны ешнәрсемен алмастырғымыз келмейді. Біздің басты мақсатымыз — тәуелсіз болу. Тәуелсіздік дегеніміз бір ғана елге тәуелді болмау, барлық елдермен тең қарым-қатынаста болу және өзара теңдік орнату. Біз экономикамыздың басқа елдерге ықпалы болатындай деңгейге жетуіміз керек. Егер бізге бірдеңе болса, басқа елдердің экономикасы да әсер ететін жағдайға қол жеткізсек, бізге ештеңе болмайды", — деді ол.
Папоянның айтуынша, Армения ЕАЭО-мен қарым-қатынас деңгейін сақтап, дамытып, жақсартуға, сондай-ақ басқа құрылымдармен қарым-қатынас орнатуды жалғастырады.
Айта кетейік, 9 қаңтарда Армения үкіметі ЕО-ға кіру үдерісінің басталуы туралы шешім жобасын мақұлдаған болатын. Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұл Арменияның Еуропалық Одаққа мүше болуын білдірмейтінін, бұл мәселе бойынша шешім тек референдум арқылы ғана қабылданатынын айтқан еді.
Ал Ресей премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчуктің айтуынша, Ресей Арменияның ЕО-ға қосылу туралы заң жобасын талқылануы республиканың ЕАЭО-дан шығуының бастамасы деп санайды.
Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды
Фото: ЦТАК
Солтүстік Корея сейсенбі күні Жапон теңізіне қарай қысқа қашықтықтағы бірнеше баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлады.
Артынша оңтүстіккореялық әскерилер Солтүстік Кореяның Джаган провинциясындағы Канггие қаласының ауданынан қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды ұшырғанын хабарлады.
Зымыран Жапон теңізіне қарай ұшырылды.
Солтүстік Кореяның зымырандары теңізге құлағанға дейін шамамен 250 шақырым ұшып өткен.
Оңтүстік Корея президенті Чо Санг Мок Пхеньянның бұл әрекетін қатаң айыптады.
Айта кетейік 6 қаңтарда Оңтүстік Корея армиясының қолбасшылығы КХДР осы жылы бірінші рет гипер дыбыстық зымыран сынағанын хабарлады. Оңтүстік Кореяның әскери шенеуніктері зымыран Жапон теңізіне құлағанға дейін шамамен 1100 шақырым ұшып өткенін айтты.
Украинаға қарсы соғыс кезінде Солтүстік Корея әскерлері тұтқындалды
Фото: Зеленскийді Telegram арнасынан
Сенбі күні Украина билігі Курск облысында Украина қарулы күштеріне қарсы соғысқан екі солтүстік кореялық сарбаздың тұтқындалғанын хабарлады. Зеленский жауап алу кезінде жазылған бейнежазбаны және солтүстік кореялық әскерилердің суреттерін жариялады.
"Тұтқынға түскен алғашқы Солтүстік Корея сарбаздарынан кейін басқалары да болатыны анық. Егер Ким Чен Ын Ресейде тұтқында жатқан біздің сарбаздармен алмасуды ұйымдастыра алса, Украина Солтүстік Кореяға азаматтарын беруге дайын ", — деді Зеленский.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің мәлімдемесіне түсініктеме беруден бас тартты.
Кімдер ұсталды?
Украина қауіпсіздік қызметі 9 қаңтарда екі солтүстік кореялық сарбаздың Киевте ұсталғанын және қазір олар емделіп жатқанын хабарлады. Олар тек корей тілінде сөйлейді, сондықтан жауап алу үшін Оңтүстік Кореяның барлау қызметкерлері көмектесуде.
Украина билігінің мәліметінше, тұтқындардың бірінің өз атына емес, басқа біреудің атына берілген ресейлік әскери билеті болған. Ол 2005 жылы туғанын және 2021 жылдан бері КХДР әскеринде қызмет ететінін айтқан. Тұтқынның айтуынша, ол Ресейге соғысқа емес, оқуға барамын деп ойлаған, ал оған ресейлік құжат 2024 жылдың күзінде берілген.
Екінші сарбаздың ешқандай құжаты болмаған. Оның берген айғақтарына сәйкес, ол 1999 жылы туған және 2016 жылдан бері барлаушы мерген ретінде қызмет атқарған.