"Газ жоқ": Түркістан облысында жүргізушілер сұйытылған газ тапшылығына шағымданды
Шымкентте көлік жүргізушілер сұйытылған газдың тапшы екенін айтады. Қазір газ құятын бекеттердің көбі жабық немесе тек талонмен сатып жатыр, кейбірінде газды тек шектеулі көлемде сатып алуға боады. Жүргізушілердің сөзінше, бірнеше күннен бері газ таппай сандалып жүр. Ал шенділер газ тапшылығы жоқ екенін айтып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Шымкенттегі кей газ құю бекеттері “Газ жоқ” деген тақтайшаларды іліп қойған. Көлігіне газ құрылғысын орнатқандар қаланың әр түкпірінен отын іздеп, сандалып жүргенін айтады. Кейбірі автогаз тапшылығы бағаны көтеру үшін қолдан жасалуы мүмкін деп топшылайды.
“Олхалықтың ойында бар. Жоғарыдағылар әдейі қымбатшылық жасап жатыр деген. Үрей бар. Үш күн болды, он шақты бекеттен өттік. Таппадым. Кеше тіпті жүре алмадым, газ болмады. Бүгін шықтым. Бір жерде болмаса, бір жерде бар шығар деп”, – дейді Шымкент тұрғыны Мұрат Әбдіғаппаров.
Газы бар бекеттердің көбі шектеп беріп жатыр. Бір адамға 2 мың теңгеден артық құймайды. Ал кей бекеттер келісімшарты бар мекемелерге ғана талонмен сатуда. Жүргізушілер газ Шымкентте ғана емес, жалпы Түркістан облысында тапшы екенін мәлімдеді.
“Бәйдібекте, Түркістанда, еш жерде жоқ. Ол түгілі өзіміздің Шаянда да жоқ. Үшінші апта болып қалды-ау деймін. Жүргізушілердің бәрі қиналып жүр. Әр жерде кезек. Тіпті үйге құятын газымыздың өзі тапшы болып жатыр, жоқ”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Руслан Шоқатов
Ал жауапты шенеуніктер қаладағы 170 бекеттің 70-інде ғана газ бар екенін айтады. Сөздерінше, мұны тапшылық деуге келмейді. Себебі қажетті сұйық отын мөлшері зауыт пен бекеттерде бар. Алайда газ құю стансасына жеткізуші компаниялар түрлі себеппен тасымалдамай жатыр екен.
“Тамыз айы бойынша қажеттілік 7170 тонна. Зауытта тұр. Оны 21 мекеме уақытында алу керек. Төрт-бес күннен бері 1 008 тонна тұр”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылым дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков.
Жанармай құятын компаниялардың барлығы жекеменшік деген энергетика басқармасының басшылығы оларды мәжбүрлеп жұмыс істеткізе алмаймыз дейді. Газ үлестірушілердің бағаны көтеруі үшін әдейі сөз байласуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығарады. Әзірге автогазы бар бекеттерде литрі 60 теңгеден сатылып жатыр. Ал "тапшылықты әдейі қолдан жасауы мүмкін" деген жүргізушілер тиісті органдар тексеру жүргізсе деп отыр.