Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Газ бен жарық жоқ": Шымкенттегі көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген үйлерде өмір сүру мүмкін емес

Шымкентте мүмкіндігі шектеулілер мен көпбалалы отбасылар еш жағдай жасалмаған үйлерге қоныстанған. Оларға газ бен электр қуаты жоқ жалдамалы пәтерлер берілді. Қоныстанған тұрғындар әкімдіктен бұл мәселені шешуді сұрайды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Түсірілімнен скриншот

Тоғыз қабатты үй үш жыл бұрын салынған. Өткен күзде мұнда ерекше қажеттілігі барлар, көпбалалы және толық емес отбасылар қоныстанды. Олар пәтерлерді жалға алу құқығымен алды.

Алайда баспананың жағдайы көңіл көншітпейді, тіпті өмір сүру мүмкін емес. Тұрғындар далада пеш жағып, сыртта тамақ дайындауға мәжбүр. Жаңа ғимаратта газ жоқ, күн сайын су мен электр қуаты жоғалады. 

Олар құрылыс салушыны кінәлайды. 

“Он үйге бір титан. Жарық үнемі сөнулі. Далада тамақ дайындаймыз, үйге әкелгенше, ол суып қалады. Газды күтіп жүргенде, жарыққа да зәру болып қалды. Бұл адамды мазақ қылғандары ма? Қонақ та шақыра алмаймыз, қалай жайлаймыз, қалай тамақ дайындаймыз?”, – деді тұрғын Гүлнар Жантаева.

Құрылыс салушы компания рұқсат құжаттарынсыз үй салғаны белгілі болды. Енді ол бәрін түзетуі керек. Жергілікті тұрғындарға кем дегенде айдың соңына дейін жарық болмайтынын ескертілген.

“Жарықтың неге сөніп қала беретіні анықталды. Бізде тіпті жеке шот жоқ екен. Енді алдағы 20 күнде электр қуаты берілмейді дейді. Шағымымызды айтсақ, “осындай үйде тұрып жатқандарыңа рахмет айтыңдар” деп өзімізге жекиді. "Кімге ұнамайды, элиталық үйге кетсін"деп жауап қатады”, – деді шымкенттік Шайзада Рахметова.

Тұрғындар жалға берілетін тұрғын үйді алу үшін жылдар бойы кезекте тұрған.

Сонымен қатар құрылыс сапасына қатысты көп сын айтылды. Айтуларынша, қыста үй адам төзгісіз суық. Ал мүгедектігі бар жандар үшін ешқандай жағдай жасалмаған.

“Мұнда ерекше қажеттілігі барлар көп қой. Пандустар салыну керек еді. Ең болмағанда, көтерілгенде сүйенетін темірлер орнатпай ма?!”, – деді Айгүл Югай.

Мұндай жағдайда өмір сүруден шаршаған тұрғындар әкімдікке барды. Шенеуніктердің айтуынша, бес көпқабатты үйлерге адам толық қоныстанған кезде газ қосылады. Ал электр  мәселесі алдағы күндері шешіледі деп уәде етілді.

“Осы апта ішінде барлық құжаттарды ретке келтіреміз. Әр пәтерге барып, барлық кемшіліктерді жазамыз. Осыдан кейін түзету жұмыстары жүргізіледі”, – деп мәлімдеді Шымкент қала әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.

Шенеуніктер құрылыс салушы барлық кемшіліктерді жояды деп сендірді. Кепілдік мерзімі осы жылдың соңына дейін жарамды. Сондықтан құрылыс компаниясы өз есебінен барлық қажетті жөндеу жұмыстарын қайтадан жүргізеді.

Талқылау