Ғасыр құрдасы – Қазақ радиосы
Биыл 1 қазан күні «Қазақ радиосының» қара орман халқына арнаған өзіндік сыйы бар. Яғни, осы күні Нұр-Сұлтан және Алматы студияларынан эфирге шығатын ардагер дикторлардың дауысы әуе толқынында қайта жаңғырады.
Сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйласа, барқыт үннің иесі Сауық Жаханова «Жырлайды жүрек» хабарын жүргізеді. Ал Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сынды дикторлар жаңалықтар жаршысы болып, еліміздегі және жаһандағы соңғы ақпаратпен таныстырады. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын тікелей эфирде жүргізсе, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын дайындайды. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстайды. Радиомыздың тағы бір топ ардагер журналистері «Достық», «Біз жанбасақ», «Радиомедицина», «Ақ тілек» хабарын жұрт назарына ұсынады.
«Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады.
Бұған қоса, айтулы датаға орай «Қазақ радиолары» ЖШС «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойында Нұр-Сұлтан және Алматы студияларынан тыңдаушыға етене таныс ардагер дикторлар эфирде хабар таратпақ.
Шара мақсаты – Қазақ радиосының алғашқы хабар таратқан 1 қазан күніне тарихи тағылымдық тұрғыдан және тұңғыш радио жұмысын насихаттауға басымдық беру.
1 қазан күніне жоспарланған хабарлар мен дикторлар тізімі:
- Көпен Әмірбек, Қайрат Мұсақұлов – «Қайырлы таң, Қазақ елі!» хабары;
- Сауық Жаханова – «Жырлайды жүрек» хабары;
- Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай – жаңалықтар топтамасы;
- Күләш Молдахметова – «Тапқыр бала» хабары;
- Құсман Игісінов – «Түркі әлемі» хабары;
- Нұржан Мұхамеджанова – «Армандастар» хабары;
- Ұлжан Пармашқызы – «Достық» хабары;
- Қымбат Әбілдақызы – «Біз жанбасақ» хабары;
- Еркін Байғабылұлы – «Радиомедицина» хабары;
- Қымбат Досжан – «Ақ тілек» хабары;
- Руслана Құдайбергенова – «Ел ағалары» хабары.
Бір ғасырлық мерейтойды атап өту бойынша мерекелік іс-шаралар өткізудің басты жоспарына сәйкес, 1 қазанда ардагер аға-апайлардың хабар жүргізуі ұрпақ сабақтастығы және бүгінгі жас радиожурналистер үлгі болар маңызды бастама.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
