Валентин күніне әншілердің көзқарасы қандай
14 ақпан күні кей мемлекетте ғашықтар күні аталып өтіледі. Кейінге кезде аталған мейрамға байланысты екі ұшты пікірлер жүр. Осыған орай отандық жұлдыздардың да пікірін сұрауды жөн көрдік.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жұлдыздар тарапынан әртүрлі пікір айтылды. Бірі бұл мейрамды қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды десе, енді бірі оның жақтаушысы болып шықты. Бұдан өзге “махаббат деген не?” деген сауалымызға жауап алдық.
Қыдырәлі Болманов: “Махаббаттың баратын жері сенім мен сыйластық. Тіпті, жұмыста жоба жасау үшін де үлкен сенім керек. Сеніммен бекілтілген дүние ғана махаббат болмақ. Ал мейрамды атап өту мәселесіне келсек, мен түбегейлі қарсымын, Валентин деген қазаққа үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын мейрам. Ол бөтен салт-дәстүрдің, бөтен діннің адамы. Оның соңынан ерген жас ұрпақ оңбайды. Мұны тіпті елімізде атап өту үшін ақша бөліп, әдейі ұйымдастыратын жандар да бар. Олардың мақсаты – жастарды ақыл есінен айырып, түрлі секталық ұйымға кіргізу”, – деп 14 ақпанда аталып өтілетін ғашықтар мейрамына түбегейлі қарсы екенін көрсетті.
Бейбіт Қошкалиев: “Бұл ана мен баланың, қос ғашықтың, отбасылы жандардың, достардың арасында болатын ең ыстық, ең тәтті езім. Жалпы махаббатқа қарсы емеспіз. Ал мейрамға деген көзқарасым баяғыдай. Мүмкін ерекше романтика іздеп жүрген жандарға қажет шығар. Бірақ оны атап өтудің еш пайдасы жоқ. Одан да өзіміздегі төл мерекелерді атап өтейік, – деп Қыдыр ағаның пікірін қоштады.
Сиви Махмуди: “Махаббатты көбісі қос ғашықтың бір-біріне бауыр басуы деп ойлайды. Алайда, бұл – үлкен қате. Шынайы махаббат өте сирек кездеседі. Оны, тіпті, өзім де басымнан кешірдім немесе кешірмедім деп айта алмаймын. Ал жарымыз екеуіміздің арамызда ең бастысы сыйластық бар. Кейін бекітілген ғашықтар күніне халық әлі үйрене алмай жатыр. Ол, расымен де, бізде болмады. Бұрыннан 14 ақпан күні атап өтіп келе жатқандықтан, санамызға сіңіп қалған. Мектепте ашықхаттар жасап, осы мейрамда тарту ететінбіз”, – деп ғашықтар мейрамын 14 ақпан күні атап өтуге еш қарсы еместігін білдірді.
Айқын Төлепбергеннің пікірі мүлдем өзгеше болды. Ол: “Махаббат деген ұйқысыз түн, сағыну, жақсы көру, тағат таппай оны ойлау. Мен бұл сезімді осындай деп білемін. Атап өту керек, керек емес деп бөлінудің еш қажеті жоқ. Әркім өзі таңдасын. Біз – көп ұлтты мемлекетпіз. Бізде христиандар да бар. Сондықтан әркім өзі шешсін. Мен жалпы махаббат пен мейрамға қарсы адамдарға қарсымын. Тек төл мерекелерімізді атап өтетін болсақ, Жаңа жыл мейрамын да алып тастайық, – деп барлығының пікіріне құлақ асатындығын көрсетті.
Ұлықпан Жолдасов: “Махаббат деген – екі жастың арасындағы тәтті де құпия сезім. Оны ғашық жандар сырт көзге көрсетпеуі керек. Ол туралы ешкім білмеуі тиіс. Тіпті, екі мейрамға да қарсымын. Бұрын бізде “ащы-ащы” деп той үстінде жастарды сүйісуге мәжбүрлейтін. Қазір ол дәстүрдің жойылып келе жатқанына қуанамын. Өйткені, бұл да біздің санамызға сіңіп қалған дүние”, – деп өзінің екі мейрамға да түбегейлі қарсы екенін танытты.
Отандық жұлдыздардың пікірі осындай. Әлі де бұдан өзге сан пікір айтылатыны күмәнсіз. Ал сіздің пікіріңіз қандай?