"Шетелдегі әрбір қазақ Отаны үшін бірдеңе істесе...": АҚШ-тағы қазақтар шеруге шығып, демократиялық құндылықтар үшін не себепті күресіп жүр
Алматылық Ғани Стамбек АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады. Қазақтардан құралған Free Kazakhs (Еркін қазақтар) ұйымынының белсендісі. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Ғани Америкадағы қазақтар жайлы, еркін қазақтар ұйымының мақсаты және Отан алдындағы парызы жайлы айтты.
АҚШ-та қазақтар ұйымшыл емес
АҚШ-тағы қазақтар әр түрлі қалаларла тұрады және олардың арасында бірлік жоқ. Бір-біріне қиындық та да көрсететінін атап өту керек, ұйымшыл емес. Флорида, Техаста қазақтар бір-бірімен кездесіп тұрады, мектептері бар деп естігенмін. Әр түрлі азаматтық салада, әлеуметтік салада белсенділігі аз. Алайда болашақта қазақтар бұл мемлекеттің мәдениетіне кіріп, сіңіп, одан сайын белсенді болатынына сенімдімін.
АҚШ-қа көшу менің мақсатым болды. Қазақстанда Нұр-Сұлтан қаласында оқыдым, заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Мықты университетте оқып, саясат, экономика жағынан білімді кеңейтіп, президенттік сайлауға, саясатқа араласу, елімізді демократиялық елге айналдыру жоспары болды.
Американың кей жерінде әлі де расизм бар
Америкада азаматтық қоғам бар, адамдар өте белсенді, заң жұмыс істейді, адамдар өз құқықтарын қорғайды, жемқорлық жоқ.
Адамдар арасында полиция белгілі бір субординацияны ұстайды, Қазақстанда ондай жоқ. Америкада - капитализм, демократия, либерализм. Осындай идеялары ұнады, адамдардың ойлары ашық, өнері қатты дамыған, дүниетанымы кең. Демократия институттары мықты.
Әрине, тіл жағынан, мәдениетке үйрену жағынан көп уақыт кетті, қиындықтар болды. Болмысы түрлі адамдар көп, кейде соларға қарап таңғаласың. Нью-Йоркте бәсекелестік қатты көрініс табады. Бизнес, сәттілік идеясы жан-жақты таралған.
Ұнамады дейтін нәрсе жоқ деуге болады. Американың кей жерлерінде, өкінішке қарай, әлі де расизм бар. Бұл, әсіресе, ауылды, шалғай аймақтарда сақталған. Ал Нью-Йоркте халық өте ашық, - әртүрлі ұлттар, мәдениет бар.
Free kazakhs ұйымы теңдік, әділдік үшін күреседі
Free kazakhs ұйымы белсенділері алғаш рет шеруге 2016 жылы шықты. Жер мәселесіне байланысты, Қазақстандағы жер шетелдіктерге сатылады дегенде Нью-Йоркта Абзал Лесбеков сол жылдың 21 мамырында алғашқы шеру ұйымдастырған болатын. Кейін 2018 жылы наурыз айында Ләззат есімді әйел тұрақты түрде шеру өткізе бастады. 2018 жылдан бастап тұрақты шерулер өткізіп келеміз.
Біз сондай-ақ, Қытайдағы қазақ, түркітілдес халықтар мәселесін көтеріп жатырмыз.
Теңдік, әділдік, диктатураға қарсы, Ресейдің қазақ еліне жағымсыз әсерін тоқтатуды талап етудеміз. Қазақстандағы Ресейдің 7 әскери базасы мен полигондарды жабу мақсатында шеру ұйымдастырдық.
Билікке жастар келуі керек
Негізгі мақсатымыз - қазақ елін шетелдіктердің колониалдық қол сұғуынан еркін ету, мықты, дамыған елге айналдыру. Осы жүйені ұйымдастыру үшін оқыған, білімді, патриот жастар жаппай билікке келуі керек. Шетелде оқыған білімді жастар демократиялы елдің құндылықтарын бойына сіңіріп алады және олар өз кезегінде қазіргі биліктің жүйесінде жұмыс істемеген, Совет одағында өмір сүрмеген репутациясы таза жастар. Жүйені толықтай ауыстырып, мықты елге айналдыруға қауқары жетеді. Осы мақсатқа апаратын әр қадам біз үшін - жетістік.
АҚШ-та Беларусьті қолдау акциясын өткіздік
Беларусьті қолдау акциясы өте жақсы өтті, оған 500-ге жуық белорус қатысты. Біздің ұйым барлық елдердің демократиялық құндылықтарын, бостандық пен құқықтарын қолдайды. Мұнда Тибет ұйымдарының шерулеріне, ұйғырлардың, тайвань ұлттарының шерулеріне де қатысып, қолдау көрсету дәстүрге айналған. Түрлі елдер диктаторлық биліктен қысым көріп жатыр және солардың бостандығы үшін барлық әлем бірігіп күресу керек.
Алғаш рет Қытайдағы қазақтар мәселесін көтердік
Партияның жетістігі - біз қазақтар ұйымы арасынан шеру ретінде Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп шыққан алғашқы ұйымбыз. Шығыс Түркістанда 500 мыңға жуық қазақ, бірнеше миллион ұйғыр заңсыз түрмелерге қамалған. 2018 жылы БҰҰ қасында шерулер өткіздік. Біз Қытайдағы қазақтар, Қазақстандағы билік мәселесін тұрақты түрде көтеретін шетелде орналасқан жалғыз ұйымбыз.
Қазақстандықтар елде шеруге шыққанда біз арнайы қор құрып, Америкадан қаражат жіберіп, айыппұлдарын жаптық. Көптеген белсендіге әлеуметтік көмек көрсеттік. Әртүрлі төтенше жағдайлар кезінде қаржылай көмектестік, соның ішінде Мақтааралдағы апат кезінде 12 отбасыға 500 мың теңгеден қаржылай демеу болдық. Одан бөлек, белсенді Дулат Ағаділ қайтыс болғанда, ол кісінің отбасына 1831 доллар жібердік.
Шетелде тұратын барлық қазақтарды қоғамдық ұйымдарды құруға шақырамыз
Шетелде тұратын барлық қазақтарды қоғамдық ұйымдарды құруға шақырамыз. Әйелдер, бала, экология, жануарлар құқығын қорғайтын қор құрыңыздар. Шетелде 7 миллион қазақ тұрады және оның әрбірі Отанының қамы үшін бір нәрсе жасаса, қорлар құрса, қаражат аудару арқылы елімізге үлкен пайда әкелер едік.
Алдыңғы жылы біз АҚШ капитолийінде сөз сөйледік. АҚШ бізге бостандықты, еркіндікті, заңдылықты және теңдікті берді. Алдағы жоспарымыз саяси тұтқындарды: Арон Атабек, Макс Боқаев және Ержан Елшібаевті босату үшін күресу, елдегі билік мәселесі және Шығыс Түркістандағы қазақ-ұйғыр және түркітілдес халықтардың мәселесін көтеру. Биліктегі жүйе ауысқан соң елдің саяси қоғамдық өміріне белсенді араласамыз.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
