Ғалымдар секстің не үшін керегін түсіндірді
Шотландиядағы Стерлинг университеті ғалымдары тірі ағзаларға жыныстық қатынастың не үшін керектігінің жай-жапсарын анықтады.
Бөліну арқылы көбейетін тірі ағзалар көбею үшін аз уақыт пен күш-қуат жұмсайды. Сондықтан санамызда бір сұрақ туындайды: жыныстық көбеюдің әлі де ұрпақ өрбітудің негізгі формасы ретінде қалуының сыры неде?
Ғалымдар тобы жыныссыз және жыныстық жолмен көбейетін ағзаларды зерттеді. Нәтижесінде гамогенез, яғни жыныстық көбею жаңа ұрпақтың жұқпалы індеттермен күресуіне көмектесу үшін эволюция процесі барысында пайда болды деген тұжырым жасады.
Екі ағзаның шағылысуы гендердің араласуына мүмкіндік береді. Ол түрдің анағұрлым жылдам дамуына және қоршаған ортадағы өзгерістерге жылдам беймделуіне ықпал етеді.
Жылдам көбеюдің де өзіндік осал тұстары бар
Жыныссыз көбейетін өсімдіктер мен жануарлар қатарында индонезиялық алып кесіртке, теңіз жұлдызы және банан бар.
Вегетативті-жасушалы әдіспен өте жылдам көбеюге болады. Сондықтан биологтар жыныстық жолмен көбеюдің ұрпақ үшін қосымша және маңызды пайдасы болуы тиіс деп топшылайды.
Алайда бұл теорияны тексеру қиынға соқты. Себебі көптеген ағза не жыныстық не жыныссыз жолмен көбейеді. Ол араларындағы салыстыруды айтарлықтай қиындатқан еді. Алайда
Сексуалдық шағылысудың оң және теріс жақтарын саралау үшін Стерлинг университетінің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының ғалымдары өз тәжірибелеріне су бүргесін (дафния) пайдаланды. Ол аталған жолдардың екуімен де көбейе алады.
Олар шағылысу нәтижесінде өмірге келген бүргенің жыныссыз жолмен пайда болған бүргелерге қарағанда, жұқпалы індеттерге екі есе төзімді екенін анықтады.
Зерттеу жұмысының жетекшісі профессор Стюарт Од түсіндіргендей, біршама уақыт пен күш-қуатты талап ететін жыныстық қатынастың не үшін керектігі жайлы сұрақ биология эволюциясындағы ең көне сұрақтардың бірі еді.
«Жыныстық қатынас тауыстың әдемі құйрығы, бұғының мүйізі, жұмақ құсының күрделі биінің неліктен пайда болғанын түсіндіреді. Алайда егер аталған түрлердің кез-келгенінің аналығы жыныстық қатынассыз-ақ дүниеге өздігінен ұрпақ әкелсе, оның ұрпағы басымдылық танытып, аталықтары қажетсіз болғандықтан мүйіздесуін, түрлі би қимылдарын жасамас еді. Неліктен біз клондалған тірі ағзалармен қоршалмағанбыз?» – дейді профессор Од.
«Клондалған және шағылысу барысында ұрықтандырылған анасы бір төлдерді салыстырғанда, жыныстық жолмен пайда болған төлдің азырақ ауыратынын байқадық. Үнемі аурулармен күресу қажеттігі табиғать әлемінде әлі күнге дейін жыныстық қатынастың басымдық танытатынын түсіндіріп тұрғандай», – дейді ғалым.