Ғалымдар: ғаламтордағы порнография балаларды бал дәуренінен айырады
Жаңа зерттеулердің нәтижесі бойынша көптеген бала ғаламторда порнографиямен ерте жасынан-ақ таныс болады екен.
Миддлсек универстеті ғалымдары анықтағандай, 53%-ға жуық бала 11-16 жас аралығында ғаламтордағы порнографияық көріністерді көрген. Олардың 94%-ы 14 жасқа толмаған балалар.
Бұрмаланған көрініс
Ғалымдар 11 мен 16 жасар аралығындағы 1001 бала арасында сауалнама жүргізіп, 15-16 жас аралығындағы балалардың 65%-ы, 11-12 жасар балалардың 28%-ы порнография көргенін анықтаған. Олар ғаламторда порновидеоларды алғаш рет 11-16 жас аралығында көре бастаған.
Оған қоса көбіне балалардың арсыздықты үндейтін материалдарға парақшадағы жарнама сынды себептер нәтижесінде кездейсоқ ұшырасатыны анық болды.
Сауалнамаға қатысқандардың 75%-дан астамы жыныстық қатынасқа екі жақтың келісімімен түсу керек екендігін түсінуге порнографияның көмегі болмағандығын айтады. Ал 53% ұлдар мен 39% қыздардың түсінігінше, тек порнография ғана нағыз жаныстық қатынастың шынайы көрінісін бере алады.
Балалар көрген порнографиялық көріністер олардың мінез-құлқына да әсерін тигізген: сауалнамаға қатысқан 13-14 жасар балалардың 39%-ы, 11-12 жасар балалардың 20%-ы ғаламторда көргендерін қайталағысы келетінін айтқан-ды.
Зерттеу нәтижесінде төмендегі деректер анық болды:
- Ғаламтордан порнографияны қыздарға қарағанда ұлдар көбірек көреді.
- Сауалнамаға қатысқандардың 14%-ы жартылай не тыр жалаңаш суретке түссе, олардың 7% суретті өзгелермен бөліскен.
- Ғаламтордан порнография көргендердің 38%-ы порновидеоларды ноутбук, 33%-ы ұялы телефон, 24%-ы дербес компьютер арқылы көрген.
- Зерттеуге қатысқан балалар мен жасөспірімдердің 60%-ы порновидеоларды үйінде, ал 29%-ы досының, құрбысының үйінде көрген.
Сарапшылар ғаламтордағы порнографияның әсерінен балалар санасында жыныстық қатынас пен интимдік жақындық туралы бұрыс көзқарас, бұрмаланған көрініс қалыптасатыны жөнінде ескертеді.
Балалар не дейді?
Зерттеуді жүргізген әлеуметтанушылардың сауалнамаға қатысушыларға порнография жайлы қойған сұрағына жауап берген 11 жасар қыз: «Маған ол мүлдем ұнаған жоқ. Оны көргім де келмеді. Ғаламторда отырғанымда жыныстық қатынас көрсетілген видео аяқ асты пайда болды. Ол жайлы ата-анамның білмегенін қалаймын. Видеодан байқағаным ер адамның әрекетін әйел ауырсынатын сияқты. Ол әйелді етпетінен жатқызып қойған. Ал әйел адам айқайлап, ұрысып жатты», – дейді.
«Достарымның бірінің қыздарға деген қарым-қатынасы видеодағы ер адамдікіндей болып барады. Ол әр түрлі қыздармен жыныстық қатынасқа түседі», – дейді сауалнамаға қатысқан 13 жасар ұл.
«Ол ұлдардың қарым-қатынаста махаббат емес, секс маңызды деген тұжырым жасауына мәжбүрлейді. Ал осындай видеоларды көрген қыздар өздерін видеодағы арсыз әйелдерше ұстай бастайды», – дейді порнография тұрғысындағы ойымен бөліскен 13 жасар қыз.
Жүргізілген зерттеуді басқарушылардың бірі Елена Мартеллоццо балалардың онлайн-порнографияға кездейсоқ ұшырасып, нәтижесінде көргісі келмеген көріністі көзі шалатынын айтады.
«Егер ұлдың санасында порнография жыныстық қатынастың шынайы көрінісі деген ой туындайтын болса, ол өз кезегінде ұл баланың қыздар мен әйелдерге нашар қарым-қатынас көрсетуіне алып келеді. Ал қыздардың зердесінде сексуалды қарым-қатынас жайлы дұрыс ой қалыптаспағандықтан, өздерін ер адамды қанағаттандыруға міндетті сезініп, ықылассыз жыныстық жақындыққа баруы мүмкін», – дейді профессор Мартеллоццо.
Зерттеудің авторлары бұл мәселені ата-аналар, ұстаздар мен заң шығарушы саясаткерлер біріге отырып шешу керектігін айтады.
Смартфон дәуірінің ұрпақтары
«Біз технологиямен етене жақын өсіп келе жатқан смартфон дәуірінің ұрпақтарына порнографияның тигізген зардабын енді ғана түсініп отырмыз. Бұрынырақта балалар ақпаратты компьютер арқылы іздеп, үнемі ата-аналарының бақылауында болатын. Ғаламторға еркін кіруге мүмкіндік беретін смартфондар балалардың қажет ақпаратты өз бөлмесінде отырып-ақ алуына жағдай жасап, оларды ата-ананың қадағалауынсыз қалдырды», – дейді Англиядағы балалар ісінің уәкілі Энн Лонгфилд.
Порнография жөніндегі пікірімен бөліскен NSPCC атқарушы директоры Питер Уэнлесс: «Қатыгездік пен зорлық-зомбылық элементтері бар порновидеолардың себебінен кейінгі буынғы балалар ерте жасынан-ақ балалық шағынан айырылуы мүмкін», – дейді.
Ол билік пен ғаламтор-қоғамдастықты бұл мәселені шешу жауапкершілігін мойындарына алып, жас ұрпақты арсыздықтан қорғауға шақырды. Бұл ретте Питер Уэнлесс кейбір компаниялардың қауіпсіз онлайн-браузингті жылжытуды қолға алғандығын тілге тиек етті.
Сарапшылардың ойынша, мектептерде жыныстық тәрбие қолға алынып, балаларға жыныстық қатынас туралы түсінік беріліп қана қоймай, онлайн-порнография, балалардың ғаламтор арқылы бейәдеп суреттерді таратуы сынды мәселелер қозғалуы тиіс.