Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ғалымдар селфимен биологиялық жас пен қатерлі ісік кезінде өмір сүру мүмкіндігін болжайтын жасанды интеллект құралын әзірледі

Фото: ЖИ

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңа құралдың бірнеше кемшіліктері бар. Бірақ ол адамның денсаулық жағдайын болжауға қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жасанды интеллект негізінде жасалған құрал селфи арқылы адамның қаншалықты тез қартайып жатқанын және оның денсаулық жағдайын анықтап бере алады.

The Lancet Digital Health журналында жарияланған жаңа зерттеуде ғалымдар жасанды интеллект моделіне адамдардың биологиялық жасын, яғни туған күніне емес, жасушалық денсаулығына негізделген жасын бағалауды үйрету үшін шамамен 59 000 адамның фотосын пайдаланды. Кейін олар бұл "FaceAge" деп аталатын модельді 6 200 онкологиялық сырқаты бар науқасқа қолданып көрді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, онкологияға шалдыққан науқастардың орта есеппен өздерінің нақты жасынан шамамен бес жасқа үлкен көрінетіні және олардың “FaceAge” көрсеткіштері обыры жоқ адамдарға қарағанда жоғары екені анықталды.

Айта кетейік, бұл модель паллиативтік көмек алып жатқан онкологиялық ауруы бар науқастардың қысқа мерзімді өмір сүру ұзақтығын дәрігерлерге дәлірек болжауға көмектесті. Тек ең үздік дәрігерлік болжамдар ғана “FaceAge” моделінің дәлдігімен сәйкес келді.

"Адамның сырт келбеті оның хронологиялық жасына қарағанда қаншалықты үлкен көрінетіні расымен де маңызды", – деді зерттеу авторларының бірі, АҚШ-тағы Mass General Brigham медицина орталығындағы "Медицинадағы ЖИ" бағдарламасының директоры Хьюго Аертс.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл құрал болашақта дәрігерлер мен онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға өмірінің соңғы кезеңінде жасалатын күтім жайлы шешім қабылдауға көмектесе алады. Бірақ оны денсаулыққа байланысты басқа да көптеген мәселелерді шешуге қолдануға болады.

Зерттеу авторларының бірі және Mass General Brigham клиникасының онколог-дәрігері доктор Рэй Мак “FaceAge” болашақта денсаулықтың нашарлауын уақытынан бұрын анықтайтын "ерте ескерту жүйесі" ретінде қолданылуы мүмкін екенін айтты.

"Біз созылмалы ауруларды қартаюмен байланысты дерт ретінде жиі қарастыратын болғандықтан, адамның қартаю бағытын дәл болжау мүмкіндігі аса маңызды болып отыр", – деді Мак өз сөзінде.

Алайда бұл құралдың белгілі бір шектеулері бар. Жасанды интеллектің бұл моделі тек аққұба адамдарға бейімделген. Сондықтан жарық, макияж сияқты сырт келбетке әсер ететін факторлардың нәтижеге қалай ықпал ететіні әлі белгісіз.

Қазір зерттеушілер түрлі кезеңдегі онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар мен ауруханаларды қамтып, өз жұмыстарын кеңейтіп жатыр. Сондай-ақ “FaceAge” дәлдігін макияж бен пластикалық отаға қатысты деректер базасында тексеріп жатыр. “FaceAge” құралын нақты дәрігерлік тәжірибеде қолдануға әлі ерте деп санайды зерттеушілер. Дегенмен Мактың айтуынша, бұл "фотолар биомаркерлерді анықтаудың мүлде жаңа саласына жол ашады".

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 10:15
Талқылау