Ғаламторда би билеген «Ауыл қызы» танымал болды
Инстаграм желісінде Әйгерім Бақытжан есімді арудың биі танымалдылыққа ие болды. Оның биі Dubsmash_kaz парақшасында 14 тамыз күні жарияланды. Видеоны бір күн ішінде 170 мыңнан аса адам тамашалаған. Ауылдағы қазақ келінінің образын сомдаған биші қыз сынға қалды.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Басына орамал, үстіне халат, аяғына тәпішке киген биші қыз нағыз ауыл қызының образын таңдаған. Артқы фоннан да саманнан жасалған ауыл үйлерін байқауға болады. Тіпті, бишінің қасында сыпыртқы жатыр.
Желі қолданушыларының бір легі «ауыл қыздары мұндай болмайды», «ауыл қызына ұят», «мұндай қылық қазақ қызына жараспайды», «мына биді енесіне көрсету керек» деп ұрысқан.
Биші қыздың өнеріне тәнті болғандар да аз емес. «Ауылдың қызы болсын, қаланың қызы болсын, жақсы билейді екен», «маған ұнады» – деп пікір білдірген желі қолданушылары.
Ендігі топ қазақ қыздарын ауылдық-қалалық деп екіге бөліп, өзара ұрысуда.
Қала қыздарының атына неше түрліні жазып жатқан желі қолданушыларына ашынған Балжан есімді қолданушы: «Ауыл қыздарының бәрі бірдей жақсы емес, сол сияқты қаланың қыздарының бәрі бірдей жаман емес. Ол бұрынғы түсінік, қазір бәрі басқаша. Арын сақтаған қаланың қыздары да бар. Арын сатып, қаланың әр клубын тоздырған ауылдан шыққан қыздар да көп. Сол үшін біреуге бірдеңе деп күйе жақпастан бұрын, салынған видеоның астындағы сөздерді дұрыстап оқып алыңыздар! Билеп тұрған қыздың парақшасы да тұр, қарап өнерімен танысыңыз одан да. Ол – биші қыз! Ауыл қызының образына кіріп, билеп көргені болар әзіл ретінде. Осы жерде отырып алып жаман пікір жазатын қыз-келіншектерді былай қойғанда, ерлеріміз де қалыспайды екен, оқып отырсам. Жарайды енді, әйел адамға жарасар әңгімеге жақын жандар ғой, бірақ қазір ерлеріміз ұсақталып бара жатыр», – деп пікір білдірген.