Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гаджеттер мен микрочиптер Қазақстан арқылы Ресейге кетіп жатыр": Сыртқы істер министрлігі жауап берді

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров “Ресейде сатуға санкция салынған тауарлардың Қазақстан арқылы тасымалданып жатқаны рас па?” деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Жиында сұрақ қойған журналистің сөзінше, батыс басылымдары Ресейге сатуға санкция салынған гаджет, микрочип сияқты тауарлардың Қазақстан арқылы тасымалдануы күрт көбейгенін жазған. 

“Бұл басылымдар "Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатқан жоқ па?", деген сұрақ көтереді", - деді ол. 

Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанға Еуропа елдерінен де, АҚШ-тан да санкция туралы  ресми хабарлама түспеген. 

"Қазақстан мен АҚШ арасында арнайы комиссия бар, Сауда министрлігі жүргізеді. Егер бір қазақстандық компания Ресейдің бір компаниясымен келіссөз өткізіп немесе келісімшартқа қол қою жоспарланып жатса, сол комиссия алдын ала ақпарат береді. "Бұл келісімшартқа қол қоюдың қажеті жоқ, өйткені санкцияға ұшырайсыздар"деп алдын ала мәлімет береді. Сондықтан, қазіргі таңда  Қазақстанның бір де бір компаниясы санкцияға ұшыраған жоқ. Өйткені біз бұл мәселе бойынша тиянақты жұмыс жүргізіп келе жатырмыз", - деді ол.



Бұнымен қоса СІМ ресми өкілі аталған мәліметтер тексерілетінін айтты. 

"Басылымдардың мәліметін, әрине, біз батыс әріптестерімізбен бірге тексереміз. Қазіргі таңда не Еуропадан, не АҚШ-тан қандай да бір ресми түрде ондай хабарлама келіп түскен жоқ", - деді Айбек Смадияров.

Талқылау