Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Давид Лория басшылық қызметке тағайындалды
Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі kkf.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: kff.kz
Футболшы бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті сайлауына өз кандидатурасын ұсынған еді. Алайда сайлауға бір күн қалғанда бұл ойынан бас тартып, үміткерліктен өзін алып тастады.
Давид Лория футболдық мансабында отандық “Жеңіс”, “Есіл”, “Шахтер”, “Қайрат”, “Астана”, “Ертіс”, “Ордабасы” клубтарында доп тепті. Сондай-ақ, Түркияның “Ризеспор”, “Каршияка” және Ресейдің “Спартак-Нальчик, Швецияның “Хальмстад” командалары сапында ойнады.
Футболшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 47 ойын өткізіп рекорд орнатты. Давид Премьер лига ойындарының үш дүркін жеңімпазы. Және ішкі біріншілікте бірнеше рет күміс, қола жүлдегер атанды. Бір рет Қазақстан Кубогінің чемпионы болды.
Мансабын аяқтағаннан соң Давид Лория “Астана” футбол клубында, Астана қаласының футбол федерациясында және “Super Bol” жобасында басшылық қызмет атқарды.
Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне журналист Нұрсұлтан Құрман тағындалған еді.