Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері өмірден озды

Фото:Kff_team

Қазақстан футбол қауымдастығы отандық спорт үшін ауыр хабарды жариялады. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Серік Сәрсембайұлы Бердалин 79 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұм 1995–1997 жылдары ел құрамасын басқарған. Спорттық жолын Қарағандының “Металлург/Строитель” және “Шахтёр” командаларында ойыншы ретінде бастап, футболшы мансабын аяқтағаннан кейін бапкерлікке бет бұрған.

Клубтық деңгейде Бердалин “Шахтёр”, “Ертіс” және “Жетісу” командаларын жаттықтырды. Оның жетекшілігімен “Шахтёр” 1995 жылғы Қазақстан чемпионатында қола медаль, ал “Ертіс” 1998 жылы чемпионаттың қола жүлдесін жеңіп алған.

Ұлттық құраманы басқарған кезеңінен кейін, 2003–2008 жылдары ол Қазақстанның Туризм және спорт агенттігінде футбол бойынша мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды.

Серік Сәрсембайұлы — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елдің еңбек сіңірген спорт қайраткері, сондай-ақ 1995 жылғы “Үздік футбол жаттықтырушысы” атанған

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 15:22
Талқылау