"Допқа емес, бюджетке таласады": Депутат футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстарын жеделдетуді талап етті
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстарын жеделдетуді сұрап, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат қазақстандық футбол клубтарының жеңіске емес, бюджет қаражытына таласатынын атап өтті.
“Расында қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды”, – дейді депутат.
Депутаттың мәліметінше, 2025 жылы футболға мемлекеттік бюджеттен шамамен 32 миллиард теңге бөлінген. Оның 24 миллиард теңгесі премьер-лига клубтарына, 7,7 миллиарды бірінші лига командаларына бөлінген. Мысалы, “Ордабасы” футбол клубы 3,2 миллиард теңге, “Ақтөбе” футбол клубы 2,1 миллиард теңге, “Қызыл-Жар” клубы 2 миллиард теңге алса, ал “Астана” футбол клубы “Самұрық-Қазына” қорынан 5,3 миллиард теңге алған.
“Футбол клубтарын жекеге берсек кемінде осынша қаражатты үнемдеп оны мұқтаж салаға салуға болады. Оның бірі спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайы. 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары”, – делінген депутаттық сауалда.
Депутат сауалының соңында нақты үш ұсыныс білдірді:
- Президент тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел жекешелендіру;
- Қазақстандық футбол клубтары бүгінге дейін қанша қаражат алды, оны қайда жұмсады, бәрін толық тексеру;
- Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру;
Еске салсақ, бұған дейін президент футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездетуді тапсырған еді.

Радикализмнен қорғанудың жолы – иммунитет қалыптастыру: Теріс ағымнан сақтануда сақтануда діни білімнің маңызы қандай
