Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ипотека мөлшерлемесі 0,8%: Қазақ қызы Франциядағы өмір, білім беру мен жұмыс туралы айтты

Қарапайым ауылда туып-өсіп, білім іздеп шетелге аттанған жерлесіміз Мадина Науқанова французша бір сөз білмей Францияға көшкен. 25 жастағы отандасымыз қазір ғылыммен айналысады, Mines de Saint-Étienne (Сэнт-Этьен қаласында) университетінде PhD-да оқиды. Мадинадан Франциядағы өмір Қазақстандағы тіршіліктен несімен ерекшеленетіні жайлы сұраған едік. Ол бізге елдің мәдениеті мен әдеті, білім беру мен зейнатақы жүйесі, ипотека шарттары, жұмыс табу мүмкіндіктері және тағы басқа маңызды тақырыптар жайында айтып берді. 

Шетелге көшкен соң, саяхаттауға мүмкіндік туды

Солтүстік Қазақстан, Жамбыл ауылының тумасымын. 11 жасымнан бастап Петропавлдағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған гимназия-интернатында, оны бітірген соң ҚБТУ-да (Қазақстан-Британ Техникалық университеті) химиялық инженерия бағдарламасы бойынша бакалавриат пен магистратураны аяқтадым. ҚБТУ жанындағы иондық қосылыстар зертханасында ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім.

Міне, екінші жыл қатарынан мен Францияда PhD-да оқып жатырмын және сұйықтық механикасы мен көпфазалы ағым саласында зерттеулермен айналысамын. Бастапқыда ғылымда жұмыс істеу өте қиын болып көрінді, бірақ екінші жылдан бастап етің үйренеді.

Ғылымнан бөлек, қоғамдық іске көңіл бөлемін. 2020 жылы құрбыммен бірге мәдениет, әлеуметтік, экологиялық жобалармен айналысқысы келетін жастарға арналған  «JAS KAZAKH» ассоциациясын құрдық. Бұл жоба Қазақстан мен Франция арасында жүзеге асады және Францияда Қазақстанды таныту мақсатын көздейді. Біздің  қоржынымызда: "Шектеусіз инклюзивтілік" 2019 жылғы халықаралық әлеуметтік жобасы, "Қыз бен теңіз" қазақстандық әлеуметтік драмасының көрсетілімі мен субтитрлерін аудару, Динара Шарипованың жұмыстар көрмесін ұйымдастыру (2020) кіреді және биыл Наурыз виртуалды тойын өткіздік.

Шетелге көшкен соң, саяхаттауға мүмкіндік туды. Пандемияға дейінгі аралықта 12 елге, Еуропаның 30 қаласына барып қайттым. Францияда тұрсам да, Италияға көшкім келеді, итальян тілін үйреніп, гастро-тур жасағым келеді. 

 

Францияға қалай тіл білмей көшуге болады?

Әу бастағы қиындықтарымды қазір күліп еске аламын. Мен француз тілін білмей келдім, өзімді әлсіз сезіндім. Бұл кезде сим-карта сатып алу, банк, көлік картасын рәсімдеу қиынның-қиыны болып көрінетін. Себебі сен французша білмейсің, ал олар ағылшын тілінде сөйлемейді. Қалаға қарағанда, аймақ, өңірлерде тұрғанның артықшылығы бар. Тұрғындары мейірімдірек, қоғамға тез сіңісесің, французша тез үйренесің Сондай-ақ, Парижге қарағанда елді-мекенде шығын аз болады.

Инстаграмда кішігірім блог жүргізіп жүрмін, онда Францияға көшуім мен оқуымның кезеңдерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу бойынша кеңес беремін. Блог жүргізуімнің мақсаты - оқырмандарға шетелге оқуға түсу біз ойлағаннан да оңай екенін түсіндіру. Бұл үлкен саяхаттың бастамасы, әлемді тану, өзіңді тану жолы. Тіпті тіл білмеу бұл жолда кедергі бола алмайды.

 

Францияға келгенімде мені тосынсый күтіп тұрды

Бұл елде тұрып жатқаныма шамамен үш жыл болды. 2018 жылы магистратураға Абай-Верн үкіметаралық стипендиалық бағдарламасымен келдім. Қосдипломды бағдарлама бойынша ҚБТУ мен Франциядағы  университеттің дипломын алдым. 

Францияда мені күткен алғашқы тосынсый - мемлекеттік жатақханадағы бөлмем болды. Онда жанға қажеттінің бәрі бар екен: төсек, жұмыс орны, киім шкафы, душ бөлмесі және микротолқынды пеші бар тоңазытқыш. Алайда осының бәрі 9 шаршы метрге сыйып кеткен. Мұндай өте шағын жатақхананы көріп, не күлерімді, не жыларымды білмедім.

Жалға пәтер алып шығуға тура келді. Қазақстандағы кеңдікке үйреніп қалған соң кішкентай көліктерді, шағын тұрақ орындарын, шағын үйлер мен гараждарды көру үйреншікті емес еді. Автотұрақтарда, үйдің алдында, жолда тұрған көліктердің барлығы бір-біріне кептеліп қалған. Шығарда көліктер бір-бірін сырып, майысқан іздеп қалдырып кетеді. Бірақ бұған бәрі үйреніп қалғандай, ешкім назар аудармайды. Қазақстанда мұндай кезде бәрі басқаша болар еді.

Үйлердің көбі қарапайым, жеке тапсырыспен соғылған болса да, безендірілуі бір-біріне ұқсас. "Талғамдары жоқ па?" деп өзіме сұрақ қоятын едім. Кейінірек мемлекет тарапынан шатырдың тек бірнеше түсі мен қаптамасы рұқсат етілгені белгілі болды. Осы арқылы көшенің көрінісін, қаланың жалпы келбетін бұзбауға тырысады. Алдын ала мақұлданған жоба бойынша жасалады екен.

 

Францияның ұлттық символы - көтерілістер

Француздардың өмірін басқаша елестетіппін. Жексенбі сайын бірнеше супермаркеттен басқа, барлық дүкен мен ойын-сауық орындары жабық болады. Мен мұндайға үйренбеген едім.

Францияның ұлттық символы деп көтерілістерді айтуға болады. Әлдебір автор қалжыңдап көтерілістерді "ұлттық спорт түрі" деп атаған екен. Мен енді көшіп келгенде француздардың оқу ақысына қатысты, салыққа, жанармай бағасына наразылық білдіріп жатқанын көргенмін. Полиция көтеріліс кезінде жолды көліктен тазартып, көтеріліске шыққандармен үн-түнсіз еріп жүрді. Халықтың тарапынан айтылған сын мен мінге қарамастан, супермаркеттерді жаппай қиратып жатқанын көре тұра, полиция сабырлық танытып, ешқандай кұш қолданған жоқ. 

Тағы бір ерекшелік - Франциядағы көлік жүйесі. Теміржол желісі ыңғайлы жасалған: Францияның кез келген нүктесінен Парижге дейін ең ұзақ дегенде үш сағатта жетуге болады. Бастапқыда адасып кетемін деп ойлайтынмын, алайда мұнда әрбір жерде жол белгілері тұрады. Қай қалада жүрсең де, қалалық көліктерді кестесіне қарап тауып аласың.

Француздар өмірді ерекше қадірлейді, олар ұзақ жылдар бойы өздерінің әлеуметтік құқығы үшін күресіп келген. Жұмыс пен үй арасында тепе-теңдікті жақсы ұстайды.

Қазақстанда мен уақытымды тиімді пайдалана алмайтынмын. Барлық жұмысым шұғыл әрі маңызды болып тұратын. Қазақстанда кез келген қызметті бір-екі қоңырау жасап жылдам алуға болады, ал Францияда адамдар әсте ерте қамданады. Жазда Рождествоны қайда тойлайтынын, қысқа қай теңізге барып демалатынын біледі. 

Француздар уақытының көп бөлігін спортпен айналысуға, саяхаттауға жұмсайды. 

Қолдың, фермерлік табиғи өнімдеріне ерекше мән береді. Аптасына 2-3 рет француздар қоларбасын сүйреп, таңғы базардан ірімшік, ет өнімін алып, жергілікті өндірістен көкөніс пен қолдан піскен нанды сатып алады.

Еуропаның батыс және солтүстік елдеріне қарағанда Францияда ағылшын тілін көбі біле бермейді. Кез келген халықаралық компанияның байланыс тілі - французша. Француздар өз тілдерін қатты жақсы көреді, сондықтан оны үйреніп жүрген, әрі сөйлеуге тырысатын барлық адамға қолдау көрсетеді. Олар бірнеше тілде сөйлей алатын шетелдіктерге сүйсініп қарайды. Себебі француздардың көбі тек ана тілдеріне ғана сөйледі. Париж, Лион сияқты үлкен қалаларда ауыл-аймақтармен салыстырғанда ағылшын тілінде сөйлейтіндер басым. Ал Ниццада француздар ағылшын тілінен гөрі орыс тілін тез үйреніп алар, себебі онда орыс тілділер өте көп.

Бірде француз әйелмен әңгімелесіп тұрып, французша нашар сөйлеп жатқаныма кешірім сұрағанда, ол маған "Жоға, біз де қазақша не орысша мүлде сөйлей алмаймыз ғой" дегені есімде. Французша "солай ма", "жақсы" деп қайталап жауап берген кезде де "французшаң өте жақсы екен" деп айтатын тұрғындар. Демек олардың шетелдіктерге достық қарым-қатынас жасайтынын көруге болады.

Францияда ТОП университетке түсу үшін біраз тер төгу керек

Білім беру жүйесі қазақстандық білім беру жүйесіне ұқсас. 2-3 айлықтан 3 жасқа дейінгі нәрестелер - балабақшаға, ал 3 жастан бастап балалар мектеп жайындағы шағын орталықтарға барады. 6 жастан 11 жасқа дейін олар "école primaire" аталатын бастауыш мектепке жүгінеді, онда олар математика, оқу, жазу, әлем туралы, әлеуметтану және сурет салу жайлы алғашқы білімін алады.

Орташа білім 4 жылға созылады, оны "колледж" деп атайды. Оны бітіргеннен кейін оқушылар орта білім туралы аттестат алады. Осы кезеңде оқушылар шет тілін, физика, химия пәндерін оқи бастайды. Осы циклдің соңында студенттер үш бағыттың біреуін таңдауы керек: жалпы, техникалық, кәсіби. 

Бұл цикл лицей (lycée) деп аталады. Кәсіби бағыт техникумға ұқсас. Екі жыл оқып, кәсіби тұрғыда жұмысқа жарамдылықты білдіретін сертификат алып, жұмысқа бірден кірісе беруге болады. Егер университетке түскіңіз келсе, жалпы немесе техникалық бағытты таңдау керек. Жалпы немесе техникалық бағытты таңдай отыра, оқушылар үш жыл бойы өз бағыттары бойынша оқуын жалғастырып,  ЖОО-ға түсуге дайындалады. Оны аяқтағаннан кейін жалпы не техникалық бағытты таңдағандар сәйкесінше бакалавр дипломын алу үшін мемлекеттік емтихан тапсырады.

 

Францияда жоғары білім мемлекеттік университеттерде тегін

Францияның Оксфорд пен Кембридже теңестірілетін ТОП университеттеріне түсу үшін француздар біраз тер төгуі керек. Лицейді бітірген соң екі-үш жыл бойы олар дайындық курстарын: физика-химия, физика-математика, инженерия мен технология бойынша өтеді. Бұл материалдар қазақстандық техникалық ЖОО-ның 1, 2, 3-курс материалдарына сәйкес келеді. Дайындықтан кейін емтихан тапсырып, соның нәтижесі бойынша үздік болғандар ЖОО бағдарламасының 2-3-жылына тапсыра алады.   

Францияда жоғары білім мемлекеттік университеттерде тегін ұсынылады. Мамандықтар түрі жыл сайын еңбек нарығының заманауи қажеттіліктеріне сәйкес жаңартылып отырады. Жекеменшік бизнес мектеп пен инженерлік мектептегі білім жылына шамамен 15 000 еуро тұрады. Оқу 3 жылға созылады. Қазақстандық студенттермен салыстырғанда, олардың бірінші курс студенттері тарихты, философияны, математиканы оқымайды, бірден өз бейінді пәндеріне кіріседі. Шет тілдерін элективті курс ретінде таңдауға болады. Содан кейін студенттер оқуын магистратурада жалғастыра алады немесе жұмысқа тұруына болады.

 

Жұмыс табуға әрқашан мүмкіндік бар

Барлық салалар бірдей деңгейде дамыған, мына кәсіп, не сала басқаларға қарағанда озық деп бөліп көрсету қиын. Алайда PhD-де оқып жатқандықтан, ғылыми қоғамдастықта қандай зерттеулерге сұраныс бар екенін айта аламын. Жасанды интеллект, нейрондық байланыстар, машиналық оқыту және терең оқыту бағытына қарай зерттеуге болатын тақырыптар өте актуалды болып отыр. Қандай бағыттағы ғалым болсаң да, бағдарламалау қабілеті мен ғылыми мәселені ақпараттық технологиялар тұрғысынан қарастыруға дайын болуға басымдық беріледі.

Егер сіз француз тілін білсеңіз және тұруға ықтияр хатыңыз болса, онда заңды түрде шектеу жоқ. Еңбек биржасы жақсы жұмыс істейді, жұмыс табуға әрқашан мүмкіндік бар. Еңбек биржасының қолдауымен біліктілік арттыру курстарынан өтуге болады. Табысты жұмысқа орналасу адамның ынтасы мен табандылығына байланысты.

 

Ипотека шарттары, әлеуметтік тұрғын үй және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы

Ипотека бойынша 20-25 жылға жылдық пайыз - 0,8-2%. 25 жасқа дейінгі жастар үшін ипотека ең төменгі пайызбен беріледі. Ипотеканың төлем құны табысыңыздың 30%-нан аспайды. Сатып алу-сату шартын ресімдеу мен сату салығы жылжымайтын мүлік құнының шамамен 10%-ын құрайды. Тіркеу процесі шамамен 2-4 айға созылады.

Әлеуметтік тұрғын үйлер беріледі. Бұл тұрғын үй жалдауға мүмкіндігі жоқ адамдарға мемлекеттен берілетін жатақхананың бір түрі. Францияда жұмыс тәжірибесі бар адамдар жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алады. Төлемнің сомасы - соңғы жалақының 80%-на дейін жетеді. Ол үшін сіз өзіңіздің өңіріңде еңбек биржасына хабарласып, барлық қажетті құжаттарды ұсынуыңыз керек, сонымен қатар жұмыстағы лауазымыңызды, жалақы мөлшерін және сіз жұмыс істегіңіз келетін саланы көрсетіп сауалнама толтыруыңыз керек. Өз кезегінде, еңбек биржасы сізге жұмысқа тұруға ұсыныстарын жібереді, жұмысқа орналасу бойынша семинарлар ұйымдастырады, жәрдемақы алып тұрған уақытта сіз оларға қатысуға міндеттісіз.

 

Зейнетақы жұмыс уақытындағы ең үздік 25 жыл немесе 6 ай негізінде есептеледі

Франциядағы зейнетақы жүйесі күрделілеу жасалған. 2019 жылғы қабылданған жаңа әмбебап зейнетақы реформасына қарсы бірқатар наразылық, митингтер болып өтті. Зейнетақы жасы 62-ге жеткенде болып есептеледі. Зейнетақы қоры салық төлеушілердің аударымдарынан құралады (16.7% -дан, оның жартысын жұмыс беруші төлейді). Сондай-ақ, жұмыс беруші айына 800 еуро базалық зейнетақымен қамтамасыз етеді. Зейнетақы жұмыс істеген уақыттағы ең үздік 25 жыл немесе мемлекеттік қызметкерлер үшін соңғы 6 ай негізінде есептеледі. Бұл сомаға жеке сақтандыру жарналары мен жұмыс кезінде жинақталған ұпайлар қосылады.

 

Декреттік демалыс 6 айға созылады

Әйелдер әдетте үй шаруасымен, тамақ әзірлеп, бала қараумен айналысады. Ер адамдар балаларға қарау мен үй жұмыстарына (жөндеу, ауыстыру) әйелмен бірдей араласады. Бұл жерде үй шаруасындағы әйелдер Қазақстанмен салыстырғанда едәуір аз. Ақылы декреттік демалыс 6 айға созылады, көбінесе әйелдер бірден жұмысқа шығып кетеді, толықтай жұмыс күніне шықпаса да, жұмыс істейді. Ал нәрестелерді 3 айдан бастап яслиге қабылдайды.

Менің ата-анаммен жасты адамдардың 2-4 баласы бар. Негізінде Францияда, Қазақстандағы сияқты орта және жоғары білім тегін, салыстырмалы түрде медициналық сақтандыру арзан, оған қоса мемлекет тарапынан босануға жәрдемақы, бөбекбақшаны төлеуге, тұрғын үйді жалға алуға қатысты жақсы қолдау бар. 

Әлемде некеге отырудың орташа жасы көтерілгенін байқаймын, ер адамдар көбіне 30-33 жасқа дейін үйленбей жүре берсе, ал әйелдер 28-30-ға дейін тұрмыс құрмайды. Әрине, бұл шартты түрдегі сандар. Ресми некеге отырмай, міндеттемелері көрсетілетін арнайы келісімшартпен шектеліп жататын жұптары жиі кездестіруге болады. 

 

 

 

Талқылау