Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Forbes: Назарбаевтың қызы мен күйеубаласының байлығы артты

Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев америкалық Forbes журналының биылғы тізімінде 194-орынға бірден көтерілген.

 

Елдегі ең ірі банкке иелік ететін ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың жиынтық байлығы, журналдың есебінше, соңғы бір жылда бұрынғы көлемінен 2,2 миллиардқа көбейген, деп жазады Азаттық.

Америкалық Forbes журналының 2018 жылғы әлемдегі ең бай адамдар тізімінебес қазақстандық еніп отыр. Өткен жылы басылым Қазақстандағы ең дәулетті адам ретінде көрсеткен президенттің бұрынғы іс басқарушысы Болат Өтемұратов биылғы төменге сырғып, ерлі-зайыпты Тимур және Динара Құлыбаевтар тізім басына көтерілген.

Forbes ақпаратына сәйкес, өткен бір жылдың ішінде Тимур Құлыбаевтың байлығы 1,1 миллиард долларға көбейіп, 3,2 миллиард долларға жеткен. Оның әйелі Динара Құлыбаеваның дәулеті де дәл осыншаға өсті деп хабарлайды басылым. Ерлі-зайыптылардың жиынтық байлығын америкалық журнал 6,4 миллиард доллардан асады деп бағалайды. Былтыр олар әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 973-орында болса, биыл осы тізімде 779-орында тұр.

Тимур мен Динара Құлыбаевтар “АЛМЭКС” компаниясы арқылы “Қазақстан халық банкін” бақылауында ұстайды. Өткен жылы бұл банк сол кездегі актив көлемі бойынша елдегі ең үлкен қаржы мекемесі – “Казкоммерцбанкті” сатып алған.

Тимур Құлыбаев “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы, “KAZENERGY” мұнайгаз және энергетика кешені ұйымдары қазақстандық ассоциациясы жетекшісі қызметтерін атқарады, сонымен бірге ол ресейлік “Газпром” компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясы мен Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясын басқарады. Жұрт көзіне көп түспейтін Динара Құлыбаева Қазақстанды ұзақ жылдардан бері үздіксіз басқарып отырған әкесі президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім қорына жетекшілік етеді.

Forbes журналы KAZ Minerals plc компаниясы мен “Казахмыс” корпорациясының қожайыны Владимир Кимнің дәулетін 3,1 миллиард доллар деп бағалаған. Жыл ішінде байлығы бір миллиард долларға артқан Ким қазір әлемдегі қаржы алпауыттары тізімінде 776-орында тұр (өткен жылы 973-орында болған).

Жылжымайтын дүние-мүліктер, банк секторы, телекоммуникация мен медиа саласында активтері бар Болат Өтемұратовтың байлығы өткен жыл ішінде 300 миллионға артып, 2,6 миллиард долларға жетіп, әлемдегі миллиардерлер тізімінде 924-орынға көтерілген (2017 жылы ол 924-орында болатын).

Forbes дерегінше, ERG тау-кен және металлургия корпорациясы иелерінің бірі Алиджан Ибрагимовтың байлығын 2,3 миллиард доллар деп көрсеткен. Өткен жылы 1098-орында тұрған оның дәулеті жыл ішінде 400 миллион долларға көбейіп, миллиардерлер тізімінде биыл 1070-орынға жайғасқан. Оның бизнестегі байырғы серіктері Патох Шодиев пен Александр Машкевич те әлгі тізімде бар. Бельгия азаматы Шодиевтің байлығы 2,2 миллиард доллар, ал Израиль азаматы Машкевичтікі – 2,3 миллиард доллар деп жазады басылым.

Құрамына Қарағанды облысындағы бірнеше шахта мен Теміртау металлургия комбинатының иесі “АрселорМиттал Теміртау”металлургия компаниясы да енетін ArcellorMittal трансұлттық корпорацияның негізін қалаушы үндістандық миллиардер Лакшми Миттал жер бетіндегі ең бай адамдар тізімінде 62-орында тұр. Forbes басылымы дерегінше, оның байлығы 18,5 миллиард доллардан асады.

Әлемдегі ең бай адамдар

Америкалық Forbes басылымы 1987 жылдан бері әлемдегі ең бай адамдар тізімін жылда жариялап келеді. Биыл тізімге 72 елден 2208 адам енген, олардың жиынтық байлығының көлемі – 9,1 триллион доллар деп көрсетілген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18 пайызға артық.

Тізім басында тұрған үш адам – АҚШ азаматтары. Бірінші орында интернет арқылы тауар және қызмет түрлерін сатумен айналысатын, айналымы бойынша әлемдегі ең ірі Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос тұр. Forbes оның байлығы – 112 миллиард доллар деп жазған. Екінші орында – Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс (90 миллиард доллар), үшінші орында – әлемге әйгілі инвестор Уоррен Баффет (84 миллиард доллар).

Үшінші орында сән-салтанат бұйымдарын шығаратын LVMH Moet Hennessy Louis Vuitton компаниясының иесі, 72 миллиард доллар дәулеті бар француз Бернард Арно тұр.

Одан кейінгі орынға Facebook компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг (71 миллиард доллар) орналасқан.

АҚШ президенті Дональд Трамптың дәулеті жыл ішінде 400 миллион долларға кеміген, ол бірден 222 сатыға төмендеп, 766-орынға түскен.

Forbes журналының бағалауынша, миллиардер саны (585) бойынша АҚШ бірінші орында. Екінші орында – Қытай (Гонконг, Макао және Тайваньмен қоса – 476 адам). Биылғы жылы әлемдік қаржы алпауыттары тізіміне алғаш рет Венгрия мен Зимбабвенің байлары да енген.

Тағы оқыңыз:

Желіде жалаңаштанып ерсі қылығымен танылған қыздың жанкүйерлері пайда бола бастады (видео)

Орыс жігіті: Еркектер өзіміз пәкпіз бе, айналаңдағылар лас қазақ қыздары болса, қай жерде жүрсің, кет ол жерден (видео)

Алматыда 23 жастағы бойжеткенді таныс жігіті алдап жалдамалы пәтерге апарып зорлаған

Талқылау