Филиппиндік бала күтуші оны желіде алаяқ деп атаған астаналық кәсіпкерден 100 мың теңге өтемақы өндіріп алды
Филиппиндік әйел өзін алаяқ деп атап, желіде пост жариялаған қазақстандық кәсіпкерден моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Филиппин азаматшасы Б жеке кәсіпкер М-ны ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорлады деп моральдық зиянды өндіру туралы талап қойып, сотқа жүгінді.
Филипппиндік әйел бала күтуші болып кірген екен.
“Ақпанда жауапкер Instagram әлеуметтік желісінде талап қоюшының төлқұжатын фотоға түсіріп, "Еңбек міндеттерін орындамай, алаяқтықпен қашып кеткен жұмысшы. Өте сақ болыңыз!" деген пост жариялаған”, – делінген хабарламада.
Мұның ар-намыс пен беделін түсіргенін дәлелдеу үшін филологиялық-психологиялық сараптама жүргізілген.
“Жауапкер өз кезегінде сотқа тараған ақпараттың шындыққа сәйкестігін растайтын дәлелдемелерді ұсынбады. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Талап қоюшының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жариялымдағы мәліметтер шындыққа жанаспайды деп танылды”, – деп мәлімдеді Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот жауапкерді БАҚ-та көрсетілген мәліметтерді жоққа шығаруға міндеттеді. Сонымен қатар жауапкерден 100 мың теңге моральдық зиян өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.