Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының бас бапкері атанды

Фото: Press Sports

Әлем чемпионы және "Алтын доп" иегері, италиялық маман Фабио Каннаваро ресми түрде Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл ақпаратты елдің футбол қауымдастығы хабарлады. 52 жастағы жаттықтырушының келісімшарты 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін есептелген. Өзбекстан тарихында алғаш рет дүниежүзілік біріншілікке жолдама алған еді.

Бұған дейін команданы басқарған Тимур Кападзе өз орнын босатты. Қауымдастық басшылығы құраманы халықаралық деңгейде аты әйгілі италиялық маманға сеніп тапсырды.

Жаңа бапкерлік штаб

Каннавароның жаттықтырушы құрамына бірқатар италиялық мамандар кірді:

  • Эудженио Альбарелла – бас бапкердің көмекшісі, бұрын "Ювентус", "Удинезе" және "Динамо Загреб" клубтарында жұмыс істеген;

  • Франческо Тройзе – дене дайындығы жаттықтырушысы, "Беневенто" мен "Удинезе" клубтарында қызмет атқарған;

  • Антонио Кьменти – қақпашылар жаттықтырушысы, "Сампдория" және "СПАЛ" клубтарында тәжірибесі бар.

Фабио Каннавароның тағайындалуы футбол қауымында кең талқыланып жатыр. Футбол сарапшысы Алишер Никимбаев Kursiv.uz басылымына берген пікірінде былай деді:

"Каннавароның ұлттық құрамалармен тәжірибесі жоқ, бірақ оның есімі – үлкен мотивация көзі. Ол командаға кәсібилік пен тәртіп әкелуі мүмкін".

Ал сарапшы Нарзулла Саидуллаев уақыттың аздығына назар аударды:

"Әлем чемпионатына дейінгі дайындық кезеңі қысқа. Дегенмен, дұрыс ұйымдастыру мен тәртіп болса, нәтиже көрсетуге болады".

Бұрынғы ойыншы Жафар Ирисметов бұл шешімге күмәнмен қарады. Ол Telecomasia.net сайтына берген сұхбатында былай деді:

"Мен бұл тағайындауға қарсы пікірдемін. Өзбекстанға жүйені түбегейлі өзгерте алатын Клопп деңгейіндегі бапкер қажет. Каннаваро – аңыз ойыншы, бірақ мықты бапкер екенін дәлелдеген жоқ".

Өзбек жанкүйерлері арасында пікір екіге бөлінді. Бір бөлігі әлем чемпионының келуін "өзбек футболындағы жаңа дәуірдің бастауы" деп бағаласа, енді бір бөлігі оның бапкерлік тәжірибесіне күмәнмен қарады.

Дегенмен, көпшілік Каннаваро Өзбекстан құрамасын әлем чемпионатына лайық деңгейге жеткізіп, ел футболының дамуына серпін береді деп сенеді.

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл турнир Өзбекстан құрамасы үшін тарихтағы алғашқы әлемдік дода болмақ.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 13:58
Талқылау