Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еттің бағасын өсіруден басқа амал жоқ": Ақтөбе облысында мал азығы қымбаттағанына шаруалар шағымданды

Ақтөбе облысында шаруалар

Видеодан скриншот

Ақтөбе облысында мал азығы қымбаттады. Жем-шөпке жұмсалатын шығын екі есе артып, шаруалар шығынға батты. Қожалық иелері ет бағасын көтеруден басқа амал қалмады деп отыр. Енді ірі қараға беретін кебектің бір тоннасы 90 мың теңгеге дейін жетіп, бидайдың бағасымен теңесіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мал азығының қымбаттағаны шаруалардың шымбайына батты. Төрт түліктің етін сатып күн көретін кәсіпкерлер кірістен шығын артты дейді. Шаруа қожалықтары ірі қараны қыстан күйлі шығу үшін кебек береді. Бірақ бұл дақылдың құны 90 мың теңгеге жеткен. Ал шөптің бір бумасы 12 мың теңгеден асқан.

“Еттің бағасын көтеруден басқа ештеңе қалмады. Себебі бүгін таңға астық биыл Ақтөбе облысында өте төмен. Ақтөбеде мель комбинаттар бар. 100 теңгеден, 110 теңгеден бидайды қабылдайды. 90 теңгеден кебегін сатады. Монополияға қарсы комитетің қайда қарап жатқаны, қалай жұмыс істеп жатқаны бізге белгісіз. Әрмен қарай малды қалай бағамыз?”, – деді шаруа қожалығының иесі Самат Қалдығұлов. 

Шаруалар табыс табудың жалғыз жолы еттің бағасын көтеру деп отыр. Себебі соңғы үш жылда мал азығына берілетін субсидия тоқтаған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несиеге де ілікпейтіндерін айтады. Ол аздай, биыл кей аудандарда шабындық жерді киік отап кеткен. 

“Қазір көп шаруа қожалық жабылудың алдында тұр. Неге? Біріншіден, бізде техника қымбат, отын қымбат. Жұмыс қолы қымбат, тиімділігі аз сала. Біз бағаны көтермей дами алмаймыз. Ал жауапты департаменттің өкілдері бағаны бақылауға алып, тексеріс жүргіземіз деп сендірді”, – деді "Ақтөбе" фермерлік орталығының төрағасы Мақсат Балғазин.

“Ақтөбе облысы бойынша кебекті сату бойынша 2 ЖШС бар. Рамазан серіктестігінде баға өзгеріссіз сол күйі. "Ново Әлжан" ұн комбинатында баға өсуі байқалады. Монополияға қарсы ден қою шаралары өткізіліп жатыр. Мониторинг жүргізіледі. Бағаның тек қана кебектің көтерілуіне ғана емес, басқа жағынан да қаралады”, – деді Ақтөбе облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Мая Әбілқайырова.

Ақтөбеде қазір сиыр етінің келісі 5 мың теңгеге жуықтаса, жылқы еті 4 мың теңге шамасында сатылып жатыр. Ал шаруалар етті көтерме бағамен бар болғаны 2900-3000 теңгеден өткізетіндерін айтады. Бұл жем-шөпке кеткен шығынды мүлдем ақтамайды дейді.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 30 Қыркүйек, 2025 10:16
Талқылау