Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ет дегенді ұмыттық: Қазақстандықтар ет бағасының қымбаттағанына шағымданды
Азық-түліктің ішінде еттің бағасы әжептәуір қымбаттаған. Сиыр мен жылқы етінің құны күн өткен сайын шарықтап барады. Қазірдің өзінде Астанада оның орташа бағасы – 1680 теңгеге жеткен. Ал, Алматыда cоңғы бір айда 9 пайызға бір-ақ өсіпті. Күз келсе болды ет бағасының өсетініне не себеп? Тойып ет жемесе, көңілі тыншымайтын жұрт қайтып амалдауда?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Астаналықтар ең жиі келіп, сауда-саттық жасайтын сауда орындарындағы жеміс-жидек пен көкөніс сататын жерде ғана келушілер көп. Ал, ет сататын павильонда керісінше тұтынушылар сиреп қалған. Сатушылар да ет бағасы қымбаттағалы бері келушілер санының азайып қалғанын мойындап отыр.
«Келушілер бұрынғыға қарағанда аз алады. Өйткені еттің бағасы қымбат. Қазіргі сауда былтырғыға қарағанда төмен».
«Сирегені рас енді. Бірде келіп көп алып келеді, бірде басқа жерден алады».
«Былтыр 1200,1250 теңгеден сататынбыз. Ал биыл жаңа жылдан бастап қымбаттап кетті. Еттің көмерме бағасы да қымбаттап кетті. Баға қалай қойылады, солай сатылады»ғ- дейді сатушылар.
Жалғызбасты ана Жанар Исманова шиттей 4 баласына тамақ тауып беру қиындап кеткенін айтады. Алатын азғантай әлеуметтік жәрдемақысы тек ең қажетті деген нан мен сүттен, күнделікті тағамдардан арылмайды екен. Ал жылқы мен сиыр еті арманға айналған.
«Біз мұндай тағамды жемейміз. Қазір біз ет жемейтін халық секілдіміз. Тек жеміс-жибек, көкөніс тұтынамыз. Базарға барып, бір келі картоп мен сәбіз алсаң, оның өзі бір-екі мың болады. Пияз да дәл солай. Тіпті қызанақ, қияр дегеннің дәмін де ұмытып қалдық. Балаларға күніне бір-екі банан алам. Бөліп берем соны жейді. Біз ет дегенді мүлде ұмыттық. Ол біз үшін қол жете бермейтін тағам», – дейді қала тұрғыны Жанар Исманова.
Бүгінде елордада ең арзан ет «Шапағат» базарында сатылады. Мұнда сиыр етінің келісін 1350 мен 1650 теңге аралығында алуға болады. Бірақ тұрғындардың сөзінше, коммуналдық базарда сатылып жатқан еттің сапасы сын көтермейді.
«Соңғы жарты жылда еттің бағасы өскен. Зейнеткерлерге өте қиын. Етті тек мереке күндері ғана жейміз. Коммуналдық базарда еттің бағасы арзан, бірақ сапасы өте нашар».
«Бағаны кім қояды? Базарға күніге келемін, тауардың бағасы күнде өзгереді. Етті жемегелі біраз болды. Мүлдем бас тартқанмын»,- дейді тұтынушылар.
Елімізде ең қымбат ет өнімдері Павлодар облысында. Онда 1 келі сиыр еті 2100 бен 3000 теңгенің аралығында сатылуда. Екінші орында Алматы. Оңтүстік астанада ет бағасы соңғы айда 9 пайызға дейін көтерілді. Яғни, сүйек-саяғымен қосқанда 1 келі еттің орташа құны 1575 теңгеден. Үштікті Байқоңыр мен Астана түйіндеп тұр. Бұл шаһарларда 1650-1850 теңгеден саудалануда.
Ал диетолог Мұрат Досыбаевтың пайымынша, әр адам күнделікті кемінде 200-300 грамм ет жеуі керек. Ал ақуызға бай өнімді сирек тұтынған жағдайда иммунитет әлсіреп, түрлі ауруларға душар етуі мүмкін.
«Қазір біздің еттің орнына көпшілігі тауық өнімдері басқада өнімдер көп қой соны қолданады.Бірақ күнделікті рационда еттің мөлшері көп болу керек, жаңағы 200-300 грамм. Адам жасына салмағына байланысты. Етсіз болмайды. Өйткені, еттің құрамында қажетті барлық белок, май, көмірсу дейміз. Организмге керекті микроэлементтер барлығы бар. Сондықтан ол күнделікті ас мәзірінде болу керек ет» – дейді диетолог Мұрат Досыбаев.
Ресейдің ауыл шаруашылығы тауарларын қадағалаушылар 1 қарашадан бастап Қазақстаннан жеткізілетін ет өнімдерін тасымалдауға шектеу қою мүмкін. Өйткені, Ресей тарапы екі ел арасында ет өнімдерінің импорты және экспорты кезінде ДСҰ-ның ережелерін сақталуын сұрайды.
Алайда, еттің бағасы не себепті қымбаттап жатқаны әзірге белгісіз. Тек тұрғындар Жаңа жылдан кейін де әдеттегідей тағы да шарықтап шықпаса болғаны деп отыр.

"Саған дейін қанша иесі болған?": Әйелдерге қатысты анайы жарнамалары үшін сынға қалғандар кімдер
