Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде қазақстандықтарды біздің өңірде күшті жер сілкінісі болады деп қорқытып жатыр: Болжам қандай?

Фото: pixabay.com

Қырғызстан аумағында магнитудасы 7 балға жуық жер сілкінісі болады деген желіде таралған болжамдар қазақстандықтардың алаңдаушылығын тудырды. Жер сілкіністерін болжайтын танымал Телеграм арнаның мәліметінше, мұндай зілзала болса, Қазақстанға да әсер етеді. Тіпті апат қаупі 20 шілдеге дейін сақталады деген мәліметтер келтірілген. Stan.kz тілшісі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығынан мән-жайға қатысты түсініктеме алып, Қазақстан үшін жазғы жер сілкінісі туралы болжамдарын анықтады.

Желі жазбаларында жақында Қырғызстан аумағында 7 балға жететін жер сілкінісі болады деген болжамдар айтылған. 

“Мына карталардың тілін кім түсінеді. Біткен жеріміз осы ма? Алматылықтарға алаңдауға себеп бар ма?”, – деп жазды желі қолданушысы.

“Алдағы күндері 20-сына дейін киіммен ұйықтап, сөмкені дайындап қойған дұрыс. Бұлт арқылы зерттеу арналары М7-ні екі рет растады. Мұның өзі дабыл”, “Тіпті болған жағдайда Қазақстанға тек 4-5 балл болып келуі мүмкін ғой”, “Былтыр да шамамен М7, М8 болжанған еді. Алайда болған жоқ. Дегенмен әдіс өте дәл, сондықтан үрей туғызады. Тіпті сілкініс болған жағдайда да бізден алыста болады деп үміттенемін”, – деп жазды жұртшылық.

Фото: Желі жазбаларынан скрин

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы биылға арналған болжам бар екенін алға тартты. Сол болжамда жыл барысында магнитудасы 5,5-ке дейінгі, эпицентрінде 7 балдан жоғары жер сілкінісі болуы ықтималдығы төмен екені көрсетілген.

Әрине, Қырғызстандағы немесе көршілес басқа елдердегі жер сілкіністерінің толқындары біздің аумағымызға сезілуі мүмкін. Ол жер сілкінісінің күшіне байланысты. Неғұрлым күшті болса, соғұрлым эпицентрге жақын аумаққа сезіледі. Бірақ арақашықтық алыстаған сайын, әсері әлсірейді”, – деді орталық мамандары. 

Зерттеу орталығы бұлт арқылы болжайтын Telegram-арналарына сене беруге болмайтынын алға тартты.

“Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы "Бұлтты болжамдар" Telegram-арнасының және "Бұлтты индикатор" деп аталатын болжау әдісі негізінде жер сілкінісінің сенімсіз болжамдарын тарататын топтардың жұмысына алаңдаушылық білдіреді. Бұл әрекет қоғамдық және ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді. Халық арасында дүрбелең туғызады. Азаматтарға қате ақпарат береді және алаяқтық схемаларды жеңілдетеді. Бұлтты құрылымдар арқылы жер сілкіністерін болжауды әлемдік ғылыми қауымдастық біржақты жоққа шығарған”, – деп ескертті ведомство. 

Орталық жер сілкінісінің нақты уақытын, орнын және күшін көрсететін болжау әдістері әлі әлемде жоқ екенін алға тартты. Сол себептен жалған болжамдарға сенбеуге шақырды.

“Жер сілкінісін болжау – сейсмология ғылымының іргелі мәселелерінің бірі. Оны шешу үшін сейсмикалық және геодинамикалық процестердің ерекшеліктерін, геотектониканы, жоғары термодинамикалық жағдайларда тау жыныстарының шығу кезі мен бұзылуының физикасын зерттеуді қажет етеді. Күшті жер сілкінісінің пайда болуына олардың әсер ету дәрежесін одан әрі қарастыру үшін жер қыртысына космофизикалық процестердің көп факторлы әсерін зерттеу қажет.

Тұрғындар жер сілкінісін болжауға жоғары талаптар қояды. Бірақ бүгінге дейін әлемдік сейсмологиялық қауымдастық жақын арада болатын жер сілкінісінің нақты уақытын, орнын және күшін көрсететін сенімді болжау әдістерін әзірлеген жоқ. Ал әртүрлі ресурста пайда болатын жалған болжамдар халыққа кері әсерін тигізіп жатыр”, – деп қорытты мамандар.

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 13:03
Талқылау