"Ескірген желіден жаңасына ауысу": "Қазақтелеком" Түркістан облысын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді
"Қазақтелеком” мыс желісінен оптикаға көшу жобасын былтырдан бастап қолға алды. Мұндағы мақсат ескірген желіден толығымен бас тартып, тұрғындарды талшықты-оптикалық жаңа желіге ауыстыру. Қазір компания Түркістан облысындағы бірнеше мың абоненті жоғары жылдамдықты, үздіксіз интернетпен қамтамасыз етті. Мұнда жыл соңына дейін ескірген ADSL технологиясы заманауи GPON-ға ауысады.
GPON технологиясы мыс желілері секілді электромагниттік кедергілерге ұшырамайды. Қызмет ету мерзімі де ұзағырақ және ең бастысы жарық сигналын пайдалану есебінен ондаған есе жоғары жылдамдықта жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда ел бойынша телеком-оператордың мыс желілерінің жалпы ұзындығы 137 000 км шақырымнан асады. Сол себептен де қолданыстағы магистральдардың бойына бірден талшықты желі салу мүмкін емес. Дегенмен бүгінде еліміздің көптеген аймақтарында Қазақтелекомның оптикалық желілері ADSL-мен іргелесіп, қолданысқа енуде. Сол арқылы сапаға қатысты шағымдар да төмендемек. Мәселен, компанияның мәліметінше 70% қоңырау, шағымдар ADSL-дің тұтынушыларынан келеді.
"Қазақтелеком" АҚ "Желі" дивизионы" бірлестігінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасов компания жабдықтарды жаңарту арқылы қызмет көрсету сапасын да жақсартатынын айтады. Сол үшін де сигнал сапасына әсер ететін ескі мыстан оптикалық желіге жоспарлы көшуі барша жұртшылыққа тиімді болмақ.
“Бүгінде трафикті талап ететін сервистер саны артқан. Сондықтан оптикалық технологияға көшу заманауи байланыс нарығының талаптарына жауап беруге, клиенттеріміздің қажеттіліктерін болжауға және елдің барлық тұрғындары үшін тең цифрлық мүмкіндіктер жасауға көмектеседі" - деп атап өтті директор.
Осы тұста Түркістан облысында аталған жұмыс қызу жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы "Қазақтелеком" АҚ мұнда 5,5 мыңнан астам абонентті талшықты оптикаға ауыстырған. Енді биыл бұл қызмет жалғасын тауып, желілерге қосылған көпқабатты үйлерде жүргізілуде. Ал Шымкент қаласының өзінде осындай жүйеге қосылған үйлер саны 1400-ден асады. Міне, осылайша жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген облыс тұрғындарының саны 6 мың адамға дейін өсті. Енді жыл соңына дейін олардың саны тағы да көбеймек.
"Қазақтелеком" АҚ "Желі" дивизионы" бірлестігі қатынау желісі жөніндегі директоры Ғазинұр Райымқанов Түркістан облысында бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауысу жоспарының 23%-ы орындалғанын алға тартты.
“Бұл желінің басты артықшылығы абоненттер мен компанияға қызмет көрсету барысында өте ыңғайлы. Мысалы, желіде ақау пайда болса, оны жою үшін екі рет өтініш берудің қажеті жоқ. GPON талшықты-оптикалық қатынау желісі бір кабельде бір уақытта бірнеше қызметті алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да қосарланған техникалық қызмет көрсетуге қарағанда шығындары аз. Яғни қашықтағы мультисервистік қол жетімділіктің телефон шкафтарын (МҚТД) - шлюздерін ұстау қажеттілігі болмайды" - деді Ғазинұр Райымқанов.
Алдағы жылдары компания республика бойынша мыс желісінен мүлдем бас тартуды жоспарлап отыр. Ал желілік инфрақұрылымды жаңарту тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарымен қатар жүргізілмек. Қазақтелекомда клиенттермен жұмыс цехы жеке бөлімше болып құрылды. Жаңа бөлімшеге желілік-кабельдік цех пен цифрлық желіжолдарға қызмет көрсету бойынша жұмыскерлер тартылды. Осылайша тұтынушыларға қызмет көрсету шеберханасында 789 жұмыскер арнайы оқудан өтіп, сертификат алды. Жаңа "әмбебап" мамандар клиентке бір барғаннан-ақ телекоммуникация қызметтеріне қатысты кез келген мәселесін шешіп береді.