"Есірткі, зорлық пен қылмыстық өмірді насихаттайды": Ата-аналар Алматыда өтетін ресейлік әншінің концертіне қарсылық білдірді
Алматыда ата-аналар бұзақылықты насихаттайтын ресейлік әншінің концерті өтуіне қарсылық білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
12 мамырда Еvent Space FORUM-да Og Buda тобының концерті өтеді.
OG Buda – ресейлік рэперлер және хип-хоп музыкасының жаңа толқыны. Ол 90-жылдардағы бұзақылықты дәріптеп, бандит стилін ұстанады.
Қазақстанда алғаш өтетін әншінің концерті жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие. Бұзақылық пен қатыгездікті дәріптейтін, әндерінде боқтық әрі анайы сөздер қолданатын Ляховтың концертіне алматылық ата-аналар наразылық білдіріп, шектеу қоюға талап етті.
Бұл туралы United Charity Projects Evolution қоғамдық қорының басшысы Георгий Сосновский Facebook-парақшасына жазған.
“15 жастағы ұлым концертке барғысы келетінін айтты. “Сыныптастарымның көбісі билетті сатып алды, мен де барсам бола ма?” деді. Сөйтсем, билеттер ашық түрде сатылады. Сайтта жас шектеулері жоқ. Концерт сағат 20:00-де басталады, бірақ белгілі бір жасқа шектеу қойылмапты. Осы жерде сұрақ туындайды: қалада мұндай іс-шараларды өткізуге кім және қалай келіседі? Мұның бәрін кім тексереді? Заңдардың сақталуын кім бақылайды?”, – деп жазды ол.
Оның айтуынша, бұл бақылаусыз қалған қауіпті процесс. Себебі Жаңа Қазақстанды бүгінгі жастар құрайды.
"OG Buda-ның бұзақы харизмасы, бірбеткейлігі және 90-жылдардағы бандиттік вайбы тыңдаушыны еліктіреді және мәңгілік күрес, бауырластық және қылмыс атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді”, – деп жазылған сайтта концерт түсіндірмесінде.
Сосновский OG Buda әндеріндегі сөздерге де мән берді. Оның айтуынша, әндерде анайы сөздер шектен тыс көп айтылады және есірткі, зорлық-зомбылық, жыныстық қатынасты және қылмыстық өмір мен боқтық сөздерді насихаттап, романтизациялайды.
“Өскелең ұрпақ осындай болуы керек пе? Осындай құндылықтарды сіңіргені керек пе? 13, 14, 15 жастағы балалар билетті оп-оңай сатып алып алып, сол жерге бара алады. Мұндай қоғамда өмір сүру біреу үшін қорқынышты емес пе?! Бәрі Алматы қаласының орталығында, Қазақстанның оңтүстік астанасында, болып жатыр. Нағыз жабайылық, бұдан басқа лайықты сөз таппадым”, – деп жазады алматылық әке.
Білім саласының маманы, Білім және ғылым министрлігі басшысының бұрынғы кеңесшісі Майраш Тайкенова да мұндай концерттерге қарсы жедел шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
"Өскелең ұрпақтың миын улауға болмайды. Жастарға түсіністікпен қараймын, бірақ эмоционалдық дамуы қарқынды жүріп жатқан шақта қандай да бір деструктивті мінез-құлық насихаты оларға үлкен қауіп төндіреді", – дейді маман Global.news сайтына берген пікірінде.
Тайкенованың айтуынша, балалар психологиялық дағдарыс кезеңінде жалғызсырайды да, шығармашылық тұлғаны үлгі ретінде көреді, сол адамды құрмет тұтады.
“Шығармашылық тұлғаның дәріптеген дүниелерін басшылыққа алып, есірткіге де әуестенуі мүмкін. Сондықтан қатаң шаралар қабылдау қажет. Шығармашылығы өзіне, бірақ сахнада балағат сөздер айтып, қауіпті әрекеттерге шақырып жатса, бұған тыйым салу керек. Бұл – ересектер мен биліктің жауапкершілігі", – дейді бұрынғы кеңесші.
Оқиғаға Topbilet онлайн билет сату платформасының өкілі Алексей Пучков түсініктеме берді.
“Билет сату платформасы ретінде концертті ұйымдастырушыларға наразылықтар туралы хабарладық. Сайтқа қажетті шектеулер енгізілді. Егер балаңыз OG BUDA концертіне сұранбаса, сіз мұндай концерттердің апта сайын өткізілетінін білмейтін едіңіз. Ұйымдастырушылардың өзі – жастар. Мамыр айында OG BUDA-дан басқа, соған ұқсас ЛТП, HOFFMANITA топтары да өнер көрсетеді. Ол концерттерге 12 жастан бастап кіруге рұқсат етіледі деп шектеу енгізілген”, – деді Пучков.
Наразылықтардан кейін сайтта 16+ шектеуі енгізілген, десе де ұйымдастырушылар мен алаңды жалға беретін Event Space ұйымы пікір беруден жалтарды.
Event Space өкілі олар тек іс-шара алаңын жалға берумен айналысатынын және концертке жауапты емес екендерін айтты. Ал ұйымдастырушы тілшіміздің сауалына жауап қатпады.
2021 жылы OG Buda атымен танымал Григорий Ляхов Мәскеуде интернет желісінде есірткі өнімдерін насихаттады деп айыпталған. Ресейлік қоғам белсенділері бұл әншінің туындысына мемлекеттік деңгейде тыйым салуға шақырған.