Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан қызметінен шеттетілді – ІІМ

Астанада Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрханға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осыған байланысты ішкі істер министрлігі оның тексеріс кезеңінде қызметінен уақытша шеттетілгенін мәлімдеді. Бұған дейін желіде Мейрханға қарасты 20-ға жуық қызметкердің ұжымдық арыз түсіргені хабарланған. Министрлік бұл дерекке қатысты материалдар заңнамаға сәйкес тіркеліп, тексеру басталғанын растады.
Ресми мәліметке сәйкес, қазір Данияр Мейрхан қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша босатылған.
Айта кетейік, Данияр Мейрхан полиция полковнигі. Ол әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қостанайдағы ІІМ академиясында жетекші лауазымдарда жұмыс істеген.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болған. Кейін осы комитеттің төрағасы міндетін атқарушы, ал 2025 жылдың қыркүйегінен бері комитет төрағасы қызметін атқарып келген.
"Суға да батпайтын" ішкі істер полковнигі Данияр Мейрхан тағы да даудың ортасында қалды
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Данияр Мейрханның атына қатысты даулы оқиғалар бұған дейін де тіркелген. 2022 жылдың сәуірінде ол Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінде жүрген кезінде "өз бетінше әрекет ету" және "бөтеннің көлігін иемдену" күдігімен ұсталған. Кейін іс "алаяқтық" бабына қайта сараланғанымен, қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға қарамастан, ол кепілмен босатылды. Біраз уақыттан соң іс мүлде тоқтатылып, Мейрхан Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.
Алайда жаңа қызметте де жағдай тұрақты болмады. 2023 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеруден кейін Мейрхан және оның орынбасарлары қызметтен босатылды.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған