Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суға да батпайтын" ішкі істер полковнигі Данияр Мейрхан тағы да даудың ортасында қалды

Фото: Данияр Мейрханның желідегі парақшасынан

Ішкі істер министрлігі өздерінің қарамағындағы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы Данияр Мейрханға қатысты материал тіркелгенін растады. Ал блогер Дастан Кабылбеков өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарып, оларды нақты дәлелдермен ашық жариялауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.


Қазақстан Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы Данияр Мейрханға қатысты материал тіркелгенін растады. Ведомство мәліметінше, бұл қызметкерлердің өтініштері негізінде жүзеге асқан. 

Instagram желісіндегі блогер Дастан Кабылбеков Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы Данияр Мейрхан қатысты қылмыстық іс тіркелгені туралы хабарлаған. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша шағымдарды комитет қызметкерлерінің өздері жазған. Аталған ақпаратты нақтылау барысында ІІМ тарапынан келесідей ресми түсініктеме берілді.

"Бірқатар қызметкерлердің өтініштері бойынша материал заңнама талаптарына сәйкес тіркелген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, тексерілуге тиіс. Қазір барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында тексеру шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Тексеру мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Дегенмен күдікті Дастан Кабылбеков өзіне тағылған айыптауларға жауап берді. Instagram-дағы блогер Дастан Кабылбеков әлеуметтік желіде тараған айыптауларға қатысты мәлімдеме жасап, өзіне қарсы айтылған пікірлерді жоққа шығарды.

Блогердің айтуынша, YouTube және басқа платформаларда белгісіз аккаунттар арқылы оған қатысты түрлі айыптаулар айтылып жатыр.

"Комитеттегі "Досик" туралы видео шыққаннан кейін YouTube-та біреулер жалған аккаунттармен жазып жатыр. Әрі қарай қарасам, оның айналасындағы адамдар да жазып отырған сияқты. "Сенің кураторларыңды жауып тастады, енді сөйлеп отырсың" деген сияқты сөздер айтады. Жарайды, мені Қазақстанда көп адам таниды ғой. Егер мен туралы нақты білетіндер болса, айтыңдаршы. Мен кімге жұмыс істедім, менің қандай кураторым болды? Нақты дәлел қайда? Мен кімді ұстап бердім, қай жерде, қай іс бойынша?" – деді блогер.

Блогердің айтуынша, 65-бапқа қатысты әлеуметтік желілерде Ганиев Қайсар жөнінде түрлі мәліметтер таралып жатыр. Жазбаларда оның ұлттық қауіпсіздік қызметіне жұмыс істегені, үшінші басқармада қызмет атқарып, діни бағыттағы адамдарды бақылаумен айналысқаны айтылған. Алайда бұл мәліметтердің қаншалықты шынайы екені және нақты дәлелдердің бар-жоғы белгісіз.

"Ал енді маған қатысты іс бойынша ол жерде маған шабуыл жасалған, мен ес-түссіз қалғанмын. Сол істе менің нақты көрсетпем жоқ. Көрсетіңіздерші, қай жерде мен біреуге қарсы куәлік бердім? Қай жерде? Керісінше, сотта ол адамның өзі мен туралы көрсетпе берген. "Қабылбеков Дастан бойы 2 метр. Ол мені ұрып, жақ сүйегімді сындырды" деп айтқан. Мен әкімшілікке, мекеме қызметкерлеріне жүгіндім, бірақ олар ешқандай шара қолданбады деген. Сол соттағы материалдар ашық қолжетімді, онлайн сотта бар. Қаласаңыздар, қазақшадан аударып та көрсете аламын", – деп түсіндірді блогер.

Блогердің сөзінше, өзіне қатысты қандай да бір айыптаулар болса, оларды ашық түрде нақты дәлелдермен жариялау қажет. Ол құқық қорғау органдарында өзі туралы дерек болған жағдайда, ол әлдеқашан белгілі болар еді деп есептейді. Сонымен қатар блогер анонимді айыптауларды сынға алып, мәселені ашық түрде талқылауға шақырды.

Данияр Мейрхан жайлы шу бірінші рет болған жоқ

Айта кетейік, Данияр Мейрхан мансап сатысымен ерекше жылдам көтерілген тұлғалардың бірі саналады. Ол еңбек жолын 2003 жылы Ақтөбе облыстық ІІД-де жедел уәкіл қызметінен бастаған. 2012–2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2023 жылы ҚР ІІМ Қостанай академиясында бөлім бастығы және кейіннен басшының орынбасары қызметтерін атқарды. Алайда бұл қызметте бір жылға да жетпей, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдың өзінде аталған комитеттің төрағасы міндетін уақытша атқарушы болды. Ал 2025 жылы комитеттің толыққанды басшысы қызметіне отырды.

Данияр Мейрханның атына қатысты даулы оқиғалар бұған дейін де тіркелген. 2022 жылдың сәуірінде ол Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінде жүрген кезінде "өз бетінше әрекет ету" және "бөтеннің көлігін иемдену" күдігімен ұсталған. Кейін іс "алаяқтық" бабына қайта сараланғанымен, қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға қарамастан, ол кепілмен босатылды. Біраз уақыттан соң іс мүлде тоқтатылып, Мейрхан Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.

Алайда жаңа қызметте де жағдай тұрақты болмады. 2023 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеруден кейін Мейрхан және оның орынбасарлары қызметтен босатылды.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды. Дегенмен қоғамда резонанс тудырған істен соң Ішкі істер министрлігі Ержан Сәденов лауазымы, байланыстарына қарамай кінәлілер жазадан құтыла алмайтынын мәлімдеді. 

Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 11:15