Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есіктің қабырғалары сынып, плинтус түсіп жатыр": Антикор Ақтөбедегі жетім балаларға берілген сапасыз үйді көріп жағасын ұстады

Мәртөкте мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер сапасыз. Жетім балалар мен көпбалалы отбасыларды терезесі сынған, қабырғасы жарылған үйлерге кіргізген. Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы қызметі әкімдіктен тәжірибесіз мердігерге төленген миллиондардың есебін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мониторинг тобы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілген үйлердің сапасы сын көтермеуі себебінен барған. Мемлекеттік бағдарламамен басталған құрылыс құжаттарында шикілік көп. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыстың тәжірибесіз мердігерге тапсырылуы, лицензияның болмауы күмән туғызды. Әлеуметтік үйдің құрылысы үш жылдан аса уақытқа созылса да аудан әкімдігі сотқа жүгінбеген. 

Агенттік өкілдері үйлерді аралап жүріп, кемшіліктерді тізіп берді.

"Қабырғадағы жарық неден пайда болады? Жаңа үй, биыл салынған. Зертханалық қорытынды құжатын қайта тексереміз. Қоршау үшін 26 миллион теңге бөлінген. Соңында 58 миллион теңгеге қол қойылған. Неге?  Екі есе неге қымбаттаған. 2021 жылы келісімшарт бар. Неліктен қымбат? Әр үйдің шаршы метрі 322 мың теңгеге шығып тұр. Қалада бұл ақшаға 3 бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Тапсырыс берушіге сұрағым бар. 322 мың теңге деген сома қайдан шықты?” – деді агенттік өкілі Марат Хайруллин.

Антикордың мониторинг тобы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерді қоғам белсенділерінің шағымынан кейін назарға алған.

“Үйдің сапасыз салынғаны көзге көрініп тұр. Мердігер не үшін бұлай болып жатқанын түсіндіре алмай тұр. Үйдің жары жарық, есіктің қабырғалары сынып жатыр. Плинтус дұрыс жапсырылмаған. Техникалық, авторлық бақылауды қалай қабылдаған? Бұл әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілген үйлер. Олар қанша жыл күтті. Қымбат тұрады. Әр шаршы метрі 324 мың теңге. Неге? Тұрғындар шағым айтты, осы мәселені көтердік. Антикормен бірге көруге келіп тұрмыз. Бюджетті 40 пайыз көтерген. Басты себепматериал қымбаттады дегенді алға тартады. Бірақ 2024 жылы дәл сондай үйді тапсырған, ол арзан. Үйдің сапасын тағы қарау керек. Жалға алу бағасын 15 714 теңгеден 7200 теңгеге төмендету сұралды. Аудан үшін бұл баға жоғары. Оны төмендету ұсынылды. Айтылды, ескерту берілді. Бақылауда болады”, – деді волонтер Еркебұлан Тағанов.

Фото: Stan.kz

Аудан әкімдігінің өкілдері бағадағы айырмашылықты құрылыс материалдарының қымбаттауы деп түсіндіреді.

“Бұл жерде сыртқы инженерлік желілер басқа жобасымен іске асты. Жаңа қоныс болған соң мұнда су, газ, жарық желісі болмады. Үйді бір адам, инженерлік желіні басқа мекеме салды. Құнына кіріп кетіп, қымбат болып тұр. Ал екінші жоба ауыл ішінде орналасқан. Мұнда 2-3 шақырым жерден газ, су тартты. Содан қымбат. Толық қабылдап алдық. Көрген ақауларды мерігерге айттық, түзеп жатыр. Тұрғын үй құрылысы 1 млрд 470 миллион теңгеге шығып тұр. 170 миллион теңгеге жуық қаржы инженерлік желіге. Бір үйдің құны 18-19 миллион теңге болады. Ақауларды мердігер жедел қалпына келтіреді”, – деді Мәртөк аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмұхан Құлшанаев.

Мәртөк ауданындағы 2 пәтерді 39 тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталып, 2024 жылы аяқталды. Құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты 2022 жылы жобалық-сметалық құжат түзетуден өткен. Қазір жаңа үйлер 78 отбасына табысталды. Мұнда тұрғындардың 30%-ы тұрып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға сотталғанын жаздық. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Алмасхан Ахмеджанов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Алмасхан Ахмеджанов 2018 жылдың 20 желтоқсанынан 2023 жылдың 31 мамырына дейін қаланың қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы қызметін атқарған. Кейін ол жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдікті деп танылған. Шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған. 

Талқылау