Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешнәрсеге өкінбеймін": Студент жүрегі тоқтап қалған сыныптасына алғашқы көмек беріп, құтқарып қалды

Фото: Douyin

Қытайдың шығысындағы бір студент сыныптасының өмірін құтқару үшін маңызды емтиханды жіберіп алғаннан кейін әлеуметтік желіде мақтауға ие болды. Студент бұл әрекетіне еш өкінбейтінін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Scmp.com порталына сілтеме хабарлайды.

18 жастағы Цзян Чжаопэн есімді студент 10 мамыр күні Шаньдун провинциясында кәсіби білім беру бойынша ұлттық қабылдау емтиханына сыныптасымен бірге бара жатқан. Автокөлікке мінгеннен кейін көп ұзамай оның сыныптасын жүрек талмасы ұстап, орындығына соғылып, есінен танып қалған.

Цзян дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, жүргізуші Ван Таоға жақын маңдағы ауруханаға тез баруды тапсырған. Жергілікті ақпарат көзіне сенсек, дәрігерлердің шұғыл көмегімен жүрек соғысы тоқтап қалған сыныптас 30 минуттан кейін ғана есін жиған.

Сыныптасының жағдайы тұрақталғаннан кейін Цзян бұл жағдай туралы мектебіне хабарлап, емтихан орталығына асыққан. Алайда кешіккендіктен ол қытай тілі пәнінен емтихан бөлімін өткізіп алған. Қытайдағы бұл кәсіби қабылдау емтиханы, яғни Көктемгі Гаокао, жыл сайын өтеді және кәсіби колледждерге түсудің бірден бір жолы. 

Цзян БАҚ-қа берген сұхбатында бұл әрекетіне еш өкінбейтінін айтты.

"Менің емтиханым күте тұрады, ал сыныптасымның өмірі – бір-ақ рет беріледі", – деді ол.

Цзян Шаньдун қалалық техникалық колледжінде тіс протезі мамандығы бойынша оқиды және осы емтихан арқылы медициналық технологиялар бағдарламасына түспек болған. Ол алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы курстық дайындықтан өткенін айтты.

"Бұл оқиға менің медицина саласына деген ықыласымды тіпті күшейтті", – деді Цзян.

Мақала жазылған уақытта оның сыныптасы әлі де ауруханада және түсініктеме бермеген. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырып, видеолар 200 миллионнан астам қаралым жинаған.

Желі қолданушыларының бірі "Цзян емтиханнан өтпей қалуы мүмкін, бірақ өмірде ең жоғарғы балды алып үлгерді" деп айтқан. Енді екіншісі "Бұл қайырымды әрі жанқияр жас жігітті құрметтеймін" деп жазды.

13 мамыр күні жергілікті білім басқармасы қолданыстағы ережелерге сәйкес Цзянға қайта тапсыру құқығы берілмейтінін мәлімдеді. Дегенмен Цзянның мектебі оның мұғалімдері жергілікті билікпен байланыста болып, оң шешімге үміттеніп отырғанын айтты. Желіде көпшілік оны қолдап, жеңілдік сұрап жатыр.

"Бұл жүректі ауыртатын жағдай. Цзянға, бәлкім, тағы бір жыл күтіп, төменірек балға келісуге тура келетін шығар", "Білімнің мақсаты – жақсы адам тәрбиелеу. Цзян мінез-құлқы арқылы тамаша үлгі көрсетті және екінші мүмкіндікті алуға лайық деп есептеймін", - деді пікір білдірді оқырмандар.

Кейбіреулер қайта тапсыруға тыйым салатын саясаттың көшіріп жазуға жол бермеу үшін қажет екенін айтты. Басқалар Цзянға қосымша ұпай беру немесе университеттер мен жұмыс берушілерге мұндай ерекше жағдайларда жеке шешім қабылдауға рұқсат беру сияқты балама жолдарды ұсынды.

14 мамырда жергілікті үкімет Цзян мен жүргізуші Ван Таоға "Батыл әрекет үшін" марапатын және 10 мың юань (шамамен 708 166 теңге) көлемінде ақшалай сыйақы берді.


ChatGPT екі баланың анасын қалқанша бездің қатерлі ісігінен құтқарып қалды


Таразда оқушы өрт шыққан пәтерден екі баланы құтқару үшін отқа түсті (видео)


Еске салайық, бұған дейін Таиландтың Бурирам провинциясында тұратын 38 жастағы Сутия ұлын ұрламақ болған қаскөйлердің соңынан мотоциклмен қуып, оны құтқарып қалды. Сутияның 19 жастағы ұлы – аутизм спектрі бұзылысы бар, бірақ ол өз бетінше өмір сүріп, мобильді телефондар мен басқа да электрониканы жөндеуді жақсы меңгерген. Бір күні оған айына 20 мың бат (шамамен 50 мың теңге) жалақы төлейтін жұмыс ұсынылғаны туралы хабар келеді. Анасы бірден күдіктеніп, ұлын бұл ұсыныстан бас тартуға көндіреді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 18:00
Талқылау