"Еш қатысы жоқ мәліметтер тұр": Оралда қаланың бас жоспарын түзету жобасы дауға қалды
Фото: yandex.kz
Оралда қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізу жобасына арналған қоғамдық тыңдау өтті. Алайда тұрғындар жобадағы деректердің сәйкеспейтінін көріп, билікті сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғамдық тыңдау кезінде қала тұрғындарының бірі Данил Макатуха Орал қаласының жаңа бас жоспарына қатысты ресми сайтта жарияланған жобалық материалдардан қызық жайтты анықтағанын мәлімдеді. Айтуынша, құжаттарда негізгі деректер Орал емес, Қарағанды мен Семей қалаларына қатысты екен.
“Жобадағы барлық есептеу мен талдамалық материалдардың Оралға еш қатысы жоқ мәліметтерге сүйеніп жасалған”, – деді Данил Макатуха.
Сонымен қатар бұл жобаны әзірлеген ұйымға 250 миллион теңге көлемінде қаражат төленгені де белгілі болды. Ал Орал қаласының әкімдігі бас жоспарға түзетулер енгізу жобасы 2023 жылдан бастап жүргізіліп жатқанын алға тартты. Айтуларынша, бұл жұмыс "Градо" ЖШС жобалау ұйымымен жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 505 бұйрығымен бекітілген қала құрылысы жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту ережелеріне сай ұйымдастырылған.
-
"Ауаға ұшқан ақша": Оралда аптап ыстықпен күресу тәсілі жұртты қайран қалдырды (видео)
-
Қазақстанда екі қаланың тұрғындары аптап ыстық салдарынан жарықсыз қалды
“Алайда техникалық ақауға байланысты сайтқа Орал қаласына қатысы жоқ, нақты емес бастапқы материалдар жүктеліп кеткенін хабарлаймыз. Қазір құжаттар заңнама талаптарына сай түзетіліп, дұрыс нұсқалары орналастырылды. Жақын арада қоғамдық тыңдаудың жаңа күні жарияланады”, – делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов бұл өткен жиналыстың қоғамдық тыңдаулардың алғашқы кезеңі ғана екенін нақтылап өтті.
“Қоғамдық тыңдаулардың басты мақсаты – азаматтардың пікірін тыңдау, қажет болған жағдайда жобаны өзгерту. Тамыз-қыркүйек айларында соңғы отырыстар өтеді. Сол кезде нақты мақұлданған деректер ғана жобаның соңғы нұсқасына енгізіледі. Осыдан кейін құжат қалалық мәслихатқа, одан соң үкіметтің қарауына жолданады”, – деп түсіндірді ол.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
