Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Esentai City құрылысындағы іс: Прокурор Ольга Әбдіғаппарованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Фото: instagram.com/olga_abdygapparova

Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында өткен жарыссөз барысында прокурор Мақсат Дұрымбетов кәсіпкер Ольга Әбдіғаппароваға қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемде ысырап ету және алаяқтық бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сондай-ақ прокурор қосымша жаза ретінде 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салуды ұсынды. Жаза мерзіміне сотталушының қамауда отырған уақыты есептелсін деген өтініш те айтылды.

Ольга Әбдіғаппароваға қатысты іс Esentai City құрылыс жобасы және өзі басқарған AV-Construction компаниясының қызметімен байланысты. Жәбірленуші ретінде үлескерлер ғана емес, AV-Construction компаниясының өзі де танылған. Сотта компания мүддесін Тимур Танашев пен Дастан Әбіжанов қорғап отыр. Бұған дейін олар AV-Construction үлестерін рейдерлік жолмен басып алу ісі бойынша сотталған, ал өзге процестер материалдарында Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар тұлғалар ретінде аталған. Қорғау тарапы Танашев пен Әбіжановтың процеске қатысуын даулауға тырысқанымен, нәтиже болмаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Әбдіғаппарова компания директоры бола тұра, AV-Construction активтерін заңсыз иелік етіп, компанияға залал келтіретін мәмілелер жасаған. Эпизодтардың қатарында жұбайымен жасалған бітімгершілік келісім бар. Айыптау тарабының пайымынша, осыдан кейін ол 418 миллион теңгені өндіріп алудан құтылған. Сондай-ақ айыпталушының енесінің атына рәсімделген тоғыз пәтер туралы эпизод та аталады – тергеу мұны компания активтерін сыртқа шығару деп есептейді.

Әбдіғаппарова кінәсін мойындаған жоқ. Ол өз әрекеттерін қылмыс деп санамайтынын айтып, бұл әдейі ұрлық емес, шаруашылық шешімдер екенін алға тартқан. Қорғау тарабы жекелеген эпизодтар мен нақты сомаларға келіспей, келтірілген залалдың есептері негізсіз деп мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Esentai City құрылысында жымқыру ісі бойынша сотталған Алмас Әбдіғаппаровтың жазасы жеңілдегені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:16