Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерікті зейнетақы жарналары: қазыналы қарттық үшін бүгінгі мүмкіндік

ЕЗЖ

Зейнет жасындағы өмір сапасы – қазірден ойлануды қажет ететін маңызды тақырып. Көпшілік зейнетақыны тек міндетті жарналардан ғана қалыптасады деп ойлайды. Бірақ Қазақстан азаматтары үшін қосымша мүмкіндік бар. Ол – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ), әр адамның өз еркімен жинайтын қаражаты, яғни болашағыңызға бүгіннен жасалатын жеке инвестиция.

Ерікті зейнетақы жарналарының ерекшелігі неде?

Ерікті зейнетақы жарналары – зейнетақы капиталын айтарлықтай толықтырудың тиімді тәсілі. Атауы айтып тұрғандай, оны кез-келген адам өзі үшін ғана емес, жақындары үшін де, оның ішінде әке-шешесі, тіпті кәмелетке толмаған балаларының шотына аудару арқылы да жүзеге асырса болады. Бұл сіздің болашағы берекелі болғанын қалайтын туысқандарыңызға деген қамқорлығыңыз, әрі қолдауыңыз.
Ал заңды тұлғалар ерікті зейнетақы жарналарын өз қызметкерлері үшін міндетті жарналарға қосымша бонус ретінде аудара алады. Жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, яғни оған салық салынбайды. Жұмыс беруші үшін мұндай шығындар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі, яғни жұмыс беруші үшін де пайдасы бар. 

ЕЗЖ есепке алынатын шоттар, жарналардың барлық түрлері сияқты, зейнетақы қорына алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады, яғни салымшыға БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжат деректемелері, тұрақты тұратын жері сияқты барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ЕЗЖ екінші деңгейдегі банктер және "Қазпошта" АҚ бөлімшелері арқылы аударылады. Сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беріп, соның негізінде ол өтініш берушінің не өтініште көрсетілген үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударады. Ерікті жарналар да міндетті жарналар сияқты түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкеледі. 

Әлемдік тәжірибе

Дамыған елдерде ерікті зейнетақы жарналары халықтың өмір салтына айналған.

•    АҚШ-та қызметкер табысының бір бөлігін зейнетақы қорына аударса, жұмыс беруші оған қосымша жарна төлей алады. Бұл жұмысшыларды көбірек жинақтауға ынталандырады.

•    Германияда азамат ерікті жарна салса, мемлекет оған қосымша субсидия береді.

•    Ұлыбританияда автоматты қосылу тәжірибесі қолданылады. Қызметкердің жалақысынан белгілі бір үлес ұсталады, жұмыс беруші оған міндетті түрде қосымша үлес қосады. Егер қызметкер қаламаса, жүйеден шығуға құқылы, бірақ тәжірибе көрсеткендей, көпшілік қатысуын жалғастырады.

•    Канадада азаматтар аударған ерікті жарналарға салықтық жеңілдіктер жасау арқылы қолдау көрсетіледі.
Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет тарапынан ынталандыру мен жұмыс берушілердің белсенділігі халықтың жинақ мәдениетін арттырады.

Қазақстан үшін қандай пайдасы бар?

Ерікті зейнетақы жарналарын дамыту еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды:

  1. Азаматтар үшін – зейнетақы табысының көлемін арттырады.
  2. Жұмыс берушілер үшін – әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді, мамандарды ұстап қалудың тиімді құралына айналады.
  3. Мемлекет үшін – болашақта бюджетке түсетін әлеуметтік салмақты азайтады, тұрақты зейнетақы жүйесін қалыптастырады.

Қарапайым мысал

Мәселен, азамат ай сайын 20 000 теңге ерікті жарна аударып отыр делік. Бір жылда 240 000 теңге жиналады. Егер жарнаның осы көлемі мен кезеңділігі 10 жыл бойы сақталса, жалпы сома 2,4 миллион теңгеге жетеді. Ал инвестициялық табысты қоссақ, бұл қаржы еселене түседі. Демек, шағын ғана салым болашақта қомақты қосымша табыс көзіне айналады.

ЕЗЖ бойынша жасалатын төлем түрін 50 жасқа толған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, ел заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған, сондай-ақ, ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтары Қорда кемінде бес жылдай уақыт болған тұлғалар ала алады.

Осылайша, ЕЗЖ төлеу шарттары әділетті де айқын жүргізіледі.

Қорытынды

Ерікті зейнетақы жарналары – тек қаржылық құрал емес, ол әрбір қазақстандықтың болашағына деген сенімін арттыратын маңызды мүмкіндік. Әлемдік тәжірибе мұндай жүйенің тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан бүгінгі аз ғана салым ертеңгі тыныш әрі қамсыз өмірдің қосымша кепілі бола алады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 09:34
Талқылау