Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоқыс теріп жүргенің не деді": Тараздық жігіт еріктілік жұмыстарға қалай келгенін айтып берді

Тасада жүріп-ақ қоғамға пайдасын тигізетін маңызды жандар бар. Олар – еріктілер. 19 жастағы тараздық Намелбек Азамат бұл жолды “Темірқазық” ұйымынан бастаған. Жігіт еріктілікке шын құлшыныспен келгені соншалық, сабақтан қашқан кездері болғанын, көшеде шаң арасында қоқыс тазаласа да, кекі еткен достарынан еш ұялмағанын айтады. Сөзінше қызмет барысында өлім мен өмір арасында жатқан адамдарды көрген соң, айналасына пайда әкеліп, із қалдыруды ойға түйген екен. Бірнеше рет министрлік пен президент марапаттарының иегері атанған Азамат Stan.kz тілшісіне еріктілік өміріндегі қызықтарымен бөлісті.

Азамат колледжді тәмандап, қазір Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында 1-курста оқиды. Айтуынша ерікті болып жүргеніне биыл төртінші жыл толған. Ол бұл жолды Тараз қалалық “Темірқазық” еріктілер ұйымынан бастаған.

“Басында еріктіліктің не екенін түснбей, қызық көріп барған мен уақыт өте келе бұл істің маңызын ұғына бастадым. Әсіресе, көмек қолын созған кезімізде әр жанның көзіндегі қуанышын көріп, шексіз алғыстарын алған сәтте мойынымыздағы жауапкершілікті түсініп, жәрдемдесуге деген шын ниетім пайда болды. Сондықтан мен үшін ерікті – қоғамға ешқандай ақысыз жай ғана шын ниетімен, ақ көңілімен көмектескісі келетін қайырымды жан”,- деді Азамат.

Өлім мен өмір арасындағы адамдардың жанары есімде...

Ерікті жігіт елде карантиндік жағдайлар енгізілген кезеңде ұйыммен бірге Жамбыл облысы бойынша жалпы 5 мың қиналған отбасыға азық-түлік жинақтарын жеткізген екен. Азаматтың айтуынша, осы қиын кезеңде әсіресе ауруханадағы көрініс әлі күнге дейін көз алдында сақталып қалған.

“Пандемия кезі, шілде айында біз бүкіл Жамбыл облысындағы ауруханаларға оттегі баллондарын жеткіздік. Барлық ауруханалардың үстіңгі қабаттарында каронавируспен ауыр қалдегі науқастар жатты. Біз үстімізге арнайы киім киіп алып,  аппараттар тасыдық. Сол кезде өмір мен өлім арасында ауа жетпей, сөйлей алмай жатқан жандарды өз көзіммен көріп, өмірдің қадірін одан сайын ұғына бастадым. Осы көрініс есімнен кетпейді. Бұдан соң басқаларға көмектесіп, артымнан із қалдырсам, тым болмағанда бір екі адамға пайдам тисе екен деген ойға келдім”,- деп есіне алды жігіт.

Азамат алғырлығымен жарты жылдан соң “Темірқазық” еріктілер ұйымында  басшының орынбасары қызметіне дейін, кейін ұйымының жетекшісі болып тағайындалған. 

Сабақты жақсы оқитын жігіт едің, қоқыс теріп жүргенің не деді...

Азамат басында отбасы мен ұстаздарының өзінің немен айналысып жүргенін түсінбей, қарсы болғанын жасырмады. Айтуынша жақындары білместіктен бос уақыт өткізіп жүр деп ойлаған екен. Алайда кейін кенет теледидардан көрініп, министрліктен алғыс хаттар келе бастаған сәтте барлығы оған батасын беріп, мақтан еткен. Ал сол кезеңге дейін сабақтан қашуға тура келген сәттерін жігіт күле еске алды.

“Сабақтан еріктілік жұмыстар үшін қашып кететін кездер әрине, болды. Кейде өте шұғыл жайттар шыққан кезде жаймен дәптерлерімді жинап, мұғалімнен әжетханға сұранып, кетіп қалатынмын. Алайда мен жақсы білім алуға да тырысамын. Қазір ұстаздарым қолдайды. Сол арқылы бәріне де үлгеремін”,- деп қосты жігіт. 

Одан бөлек, Азамат еріктілік жұмыстары кезінде талай рет достарының өзіне кемсіте қарағанын жасырмады. Дегенмен бұл оның ниеті мен жігеріне еш кедергі келтірмепті.

“Еріктілікпен айналысқасын сенбіліктерге шығып, көше сыпыратынбыз. Сондай бір күні үсті басым шаң, қолымда қоқыс болған сәтте үш досым мені алыстан танып, жаныма келді. Олар маған “сен мектепте сабақты жақсы оқитын жігіт едің, енді қоқыс тазалап жүргенің не, оқу оқитын адам едің ғой” деген еді. Менің қоғамға пайда әкеліп жатқанымды көрмей, бұлай дегендері қатты намысыма тиді. Алайда өмір алма кезек демекіш екі айдан соң олар менің жетістіктерімді көріп, еріктілердің қатарына қосылғылары келетінін айтты. “Әрине, қоқыс теруден бастайсыңдар” деп едім олар ойларынан айнып қалды. Мұнымен айтарым еріктілік үлкен жауапкершілікті талап ететін қиын іс. Оған жай уақыт өткізуге немесе өзіңнің жеке пайдаң үшін емес, шын ниетіңмен қоғамға көмек беруге ұмытылысыңмен келу керек”, – деп қосты Азамат.

Азамат осындай ерік жігерінің арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің “Жыл волонтері 2022” сыйлығы мен алғыс хатымен марапатталған. Одан бөлек, Тәуелсіздік ұрпақтары гранты мен президенттің Халық алғысы медальіне ие болған. Өз аймағында “Әулиеата үміті”, “Жамбыл облысындағы үздік жас ерікті” атанған.

Қазір азамат өз жобаларын жасап, сол арқылы жастардың жұмысқа орналасуына мемлекеттен көрсетілетін қолдауларды барынша түсіндіріп жүр. Жігіт қайтарымсыз гранттарға қатысу, бизнес жоба жүргізу бойынша көпшілікке көмектесіп, нәтижесінде біршама адамдарға тұрақты жұмыс тауып берген.

“Ең бастысы жақсы ниет болуы керек деп ойлаймын. Қоғамның мүшесі болған соң, кішкентай болсын пайдаң тисе, соның өзі жетістік. Еріктілік жұмыстарда жүріп түсінгенім мейірімділік бізді жақсы істерге бастайды”, –  деп қорытты Азамат.

Талқылау