Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ересектер күніне 7 мың қадам жасауы керек": Қозғалыстың адам өміріндегі маңызы қандай

қозғалыс спорт

Фото: Ru.freepik.com

Әр күн сайын 7 мың қадам басу – деменция, обыр және өзге де сырқаттардың пайда болу қаупін төмендетуге септігін тигізеді. Жаңа ғылыми зерттеулер бұл меженің көпке белгілі 10 мың қадам кеңесіне қарағанда өмірге жақынырақ әрі қолжетімді екенін анықтап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейінгі зерттеулер көбінесе жүрек аурулары мен өлім-жітім көрсеткіштеріне баса назар аударып келген. Алайда бұл жолғы ғылыми жұмыс адамның күн сайын жүретін қадам саны мен түрлі ауруларға шалдығу қаупі арасындағы байланысты зерттеуге бағытталған.

Жалпы зерттеу барысында 160 мыңнан астам адамның денсаулығына және олардың күнделікті жүретін қадам мөлшеріне қатысты ақпарат талданған.

Нәтижесінде күніне 7 мың қадам жүрген адамдардың:

• деменцияға шалдығу мүмкіндігі – 38%-ға,
• жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары – 25%-ға,
• депрессия – 22%-ға,
• 2-типтегі диабет – 14%-ға,
• қатерлі ісік – 6%-ға төмендейтіні анықталған (2 мың қадаммен салыстырғанда).

Алайда бұл мәліметтердің кейбірі шектеулі зерттеулерге негізделгендіктен, дәлдігіне қатысты күмән болуы ықтимал.

Дегенмен, күніне ең кемі 4 мың қадам жүрудің өзі 2 мың қадамға қарағанда әлдеқайда тиімді нәтиже беретіні байқалған. Ал 7 мың қадамнан асып кеткеннен кейін қосымша жүрген жолдың денсаулыққа қосар үлесі мардымсыз болатыны анықталған. Бірақ жүрекке байланысты аурулардың алдын алу үшін ұзақ серуендер пайдалы болуы мүмкін.

Көпшілікке кең таралған “күніне 10 мың қадам жүру керек” деген ұғым ғылыми дерекке емес, маркетингке негізделген миф болып шықты. Бұл пікірді зерттеушілердің бірі, Сидней университетінің профессоры Мелоди Динг айтты.

Бұл түсінік алғаш рет 1960-жылдары пайда болған. 1964 жылы Токио Олимпиадасы қарсаңында жапон нарығына "манпо-кей" атты қадам санағыш шығарылған. 

Профессор Дингтің айтуынша, бұл сан нақты зерттеуге емес, жарнамалық идеяға негізделген. Кейін бұл көрсеткіш кең таралып, көптеген фитнес құрылғылар мен қосымшаларда стандарт ретінде қолданыла бастады.

“Қуат” шығыс медицинасы орталығының директоры, әрі халықаралық деңгейдегі кәсіби емші Әсеткүл Сариева қозғалысқа бейімделудің жақсы жолын айтты.

“Спорттың қай түрі болсын, 21 күн шұғылдансаң, ары қарай өзің іздеп тұрасың. Бастысы, үзбей 21 күнге жеткізу. Бойды ұстап, әдемілікті сақтау, артық жинамау деген секілді дүниелер адамның өз қолында. Сондықтан айтарым, көп жүріп, көп қимылдау керек. Қазір тізесі ауыратын адамдар көп. Тізенің ортасындағы жілік май кеуіп қалады. Оның бәрі қозғалыстың болмауынан”, – дейді  Әсеткүл Сариева.

Қанша қадам жүру керек?

Көптеген ресми ұсыныстар белгілі бір қадам санынан гөрі, физикалық белсенділіктің ұзақтығына назар аударады. Мысалы, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі күніне кем дегенде 10 минут белсенді серуендеуді ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге аптасына:

• 150 минут орташа қарқынмен жаттығу немесе
• 75 минут жоғары қарқынмен белсенділікпен айналысуды ұсынады.

Лондондағы Брунель университетінің зерттеушісі, отырықшы өмір салты мен денсаулық мәселелерімен айналысатын Дэниэл Бэйли де белсенді адамдар үшін күніне 10 мың қадам – нақты мақсаттардың бірі екенін айтады. Бірақ сирек қозғалатын жандар үшін 5-7 мың қадам әлдеқайда қолайлы әрі шынайы мақсат дейді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 12:48