Ерекше робот-ит, сөйлеу мүкісі барларды түсінуге көмектесетін бот: "ITFest - 2024" фестивалі қалай өтті
6-7 желтоқсанда Алматыда NNEF қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "ITFest - 2024" жыл сайынғы фестивалі өтті. ITFest-ке елдегі түрлі оқу орындарынан, IT-саласынан үш мыңнан астам адам қатысты. Stan.kz тілшісі екі күнге созылған іс-шараға қатысып, қатысушылардың туындыларын тамашалады.
Бұл фестивальдің бас ұйымдастырушысы – "NNEF қоғамдық қоры".
"NNEF қоғамдық қоры" ірі ғылыми-білім беру кластерінің негізін Динара Құлыбаева қалады. Қордың білім беру жобаларының жүзеге асырылуына Тимур Құлыбаев "Halyk" қайырымдылық қоры арқылы қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта "NNEF" қорының білім беру ұйымдарында 32 000-нан астам студент білім алады және 6 000-нан астам қызметкер, соның ішінде профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді.
Қор үздіксіз білім берудің бірегей экожүйесін құрып, оған Қазақстанның барлық жастағы азаматтары — екі жастан бастап "күміс" жасқа дейінгі адамдар қатысады. Қазіргі уақытта қордың құрамына Астана, Алматы және Атыраудағы үш "Мирас" балабақшасы, Астана мен Алматыдағы халықаралық "Мирас" мектептері, Алматы қаласындағы Халықаралық мектеп, "Арыстан" мамандандырылған лицейі және бес университеттен құралған Альянс кіреді.
Биыл бұл фестиваль он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. 2011 жылы алғаш Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бастаған жоба сәтті түрде жалғасын тауып отыр.
Іс-шараны ұйымдастыруға University Alliance of Science and Technology жоғары оқу орындарының альянсы атсалысты, ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ғылым және жоғары білім министрліктері, Алматы әкімдігі, "Қазақтелеком", Tether, iPlay, Astana Hub, NESA сынды жетекші компаниялар қолдау танытты.
Жүлде қоры – 5 миллион теңге. Сондай-ақ "NNEF" қорының құрамына кіретін университеттер гранты ұсынылды.
Іс-шараны Айша есімді жасанды интеллект жүргізді.
Фесттің ұйымдастыруына атсалысқан Astana IT University ректоры Асқар Хикметов бұл іс-шараның үш басты мақсатын атап өтті.
“Ең басты мақсатымыз – жастар арасында IT технологияларын таныту. Одан кейін негізгі мақсаттарымыз деп жас таланттарды анықтау және қоғам арасында өзекті мәселелерді мамандардың көмегімен шешуді айта аламыз. Бұл фест университетаралық қарым-қатынасты дамытып, өзара білім алмасуға ықпал етеді”, – деді ол.
Сөзінше, фест К.Сағадиев атындағы ХБУ, Astana IT Университеті, ҚБТУ, ХАТУ, Г.Дәукеев атындағы АЭжБУ университеттерімен бірігіп жалғасын тапты. Ректор аталмыш университеттер осы шара арқылы бір-бірін толықтырғанын, шығармашылық пен спортты, киберқауіпсіздік мәселелерін бір арнаға тоғыстырғанын сөз етті.
Айтуынша, аталмыш шарада әртүрлі танымал компаниялар демеушілік көрсетті. Және осы шарада демеушілер ұнаған жобаны ескеріп, өздеріне қолдана алады немесе реализациясына қолдау көрсетеді. Тіпті талантты қатысушыларды жұмысқа алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асылбек Исахов бұған дейін ITFest-ке қатысқандар халықаралық деңгейге көтерілді дейді.
“Бұл фестиваль бастапқыда HackDay деп аталатын. Кейін бірнеше университет бірігіп, бұл шара IT Fest деп өзгерді. Шарамызға ең маңызды қолдауды "NNEF" қоры көрсетті. Фест IT саласындағы негізгі бағыттарды қамтыды. Шара креативті экожүйені қалыптастыруға бағытталған. Мұндағы жобалар тек Алматыға емес, Қазақстан бойынша көмегін тигізеді деген үміттеміз. Бұған дейін фестте “Тазалық” жобасы ұсынылды. Кейін ол сәтті іске асып, қоғамдық пайда әкелді”, – деді Исахов.
Сөзінше, фестке деген қызығушылық жылдан-жылға артуда. Мәселен ең алғашында 400 ғана адам қатысса, бүгінде олардың саны үш мыңнан асты.
ITFest - 2024 фестивалі 8 секциядан тұрды:
- Ақпараттық технологиялар;
- StartupBattle;
- Фильм және бейне;
- Дизайн және анимация;
- Киберспорт;
- Киберқауіпсіздік;
- Робототехника;
- ITFest Open.
Секцияларда не болды?
"Ақпараттық технологиялар" секциясында қатысушыларға желілік әкімшілік ету, бұлтты технологиялар мен үлкен деректерге дейінгі ақпараттарды өңдеп, қорғайтын инновациялық жүйелерді құру тапсырмалары берілді. Сондай-ақ сайт не мобильді қосымша жасау, блокчейн үшін шешім ұсыну қажет.
Бұл секцияға үш адамнан тұратын 128 топ қатысты. Бір топ осының ішінен бір тапсырманы орындап, жүлдеге таласты. Ал өзіне сенімділер бірнеше тапсырманы орындап, түрлі номинацияға үміттенді.
Бұл секциядағы қатысушыларға 1,5 күн берілген. Қалған 5 сағатты әділ қазылар жеңімпаздарды анықтауға арнады.
Жарыс оқушылар және студенттер үшін бөлек өтті.
Студенттер арасында жеңімпаз атанғандар:
- 3-орын – Jasone Derulo тобы (Тимур Мұрат, Досанов Арнұр);
- 2-орын – Alfient Team (Кангерей Әлімжан, Келгенбаев Дидар, Юсупахунов Жалил);
- 1-орын – "Spark studio"тобы (Махматов Руслан, Темірбаев Гайдар, Жұмабаев Ерлан).
Оқушылар арасында жеңімпаз атанғандар:
- 3-орын – "Vanlateam" тобы (Сергей Чернышев, Родион Сапунов, Зуляр Абдрахманов);
- 2-орын – "Singularity TM" тобы (Сатыбалды Әбілмансұр, Талғат Мәди, Елеубай Абай);
- 1-орын – "СС" тобы (Иманғали Тілеужанов, Сайланбай Ақылжан, Тұмаш Әділ).
1-орын алған оқушыларға Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен грант берілді.
"STARTUP BATTLE" секциясында қатысушылар дайын IT-жобаларын таныстырды. Яғни осыған дейін дайындаған мобильді қосымшалар, веб-платформалар, түрлі стартаптар болды. Аталмыш жобалары қоғамдағы белгілі бір проблеманы жеңілдетуге бағытталды.
Олар өз туындыларын 1,5 минутта таныстырып, маңыздылығын көрсете алуы тиіс еді. Бұл секцияға 3 адамнан тұратын 168 топ қатысты.
Бұл секция бойынша жеңімпаз атанғандар:
- 3-орын – Trust Travel тобы (Алихан Төлеубаев, Еркебұлан Тұрсынғазыұлы, Баяна Дәулетбаева) 150 мың теңге жүлде;
- 2-орын – KZH тобы (Ахан Дулатбай, Есентай Бақберді, Асан Асемов) 200 теңге жүлде;
- 1-орын – Soile AI тобы (Үкілі Омарова, Далия Досанова, Имаш Жасұлан) 250 мың теңге.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең көп қатысушылар “Ақпараттық технологиялар мен "STARTUP BATTLE" секциясында болған.
"Фильм және бейне" секциясында қысқаметражды фильм, интернет-ролик немесе сюжет түсіру тапсырмасы берілді. Олар 1 күн ішінде берілген тақырыптардың бірін таңдап, сол туралы 10 минутқа дейін созылатын видеотуынды жасап шығу керек болды.
Бұл секцияға 240 адам яғни 80 топ қатысты.
“Заманауи адам бүгінде сценарийін өзі құрып, видеоны өзі түсіріп, өзі өңдейтін әрі оны жүктеп, желіге тарата алатын әмбебап адам болуы тиіс. Бұл секция осындай қабілеттерді шыңдайды. Мұнда режиссерлік және операторлық шеберліктен бөлек, көрерменге туындының мағынасын жеткізетін, көрерменнің эмоциясы мен қызығушылығын оятатын креативтілігі ескерілді. Жастар экология, әлеуметтік мәселелерді көтеріп, цифрлық тенденцияда болашақты қалай елестететінін видеода көрсетті”, – деді ХАТУ цифрлық журналистика кафедрасының меңгерушісі Айгүл Ниязғұлова.
Айтуынша, жастардың көбі лудомания, қаржылық сауатсыздық мәселесін, яғни қоғамдағы өткір мәселелерді көбірек көтерді. Жастар арасындағы лудомания тақырыбын көтерген топ жеңімпаз атанды.
- 3-орын – VivaLaVida тобы (Дарья Довнер, Алғабас Жұлдыз, Ясмина Погубина);
- 2-орын – TWL тобы (Еркін Таир, Тұрлыбек Ерахмет, Сайлау Асылжан);
- 1-орын – Кемеңгер тобы (Айдархан Жүрсін, Құрмашев Нұрсұлтан, Бақберген Аружан).
"Дизайн және анимация" секциясында 107 адам таласқа түскен. Шығармашыл жастар 24 сағат ішінде анимация мен арнайы эффектілермен жасалған электронды комикстер жасап шығарды.
Бұл секцияға жауапты UIB университетінің ректоры Анар Махметованың айтуынша, қатысушылар сайыстың алдында Кореяның WepToon академиясы профессорларынан дәріс алып, практикалық сабақтарына қатысқан. Сол үшін кореялық мамандар олардың туындыларына төрелік етті.
“Олар қысқаша анимацияларды WepToon технологиясы арқылы жасауы тиіс еді. Ол цифрлы комистер, түрлі анимелер болуы мүмкін”, – деді Махметова.
Нәтижесінде:
- 3-орынды Мади Құрайтханов иеленіп, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды;
- 2-орынды Алина Намет алып, 200 мың теңге жүлде иеленді;
- 1-орынға Ясмин Сейфуллина ие болып, 250 мың теңге ақшалай жүлдесін алды.
"Киберспорт" бөлімінде CS2, FIFA және Dota 2 атты танымал үш киберспорт ойыны бойынша турнир өтті. Оған барлығы 503 қатысушы, яғни 105 топ қатысқан.
Осы секцияда турнирді ұйымдастырған Айтвей компаниясының өкілі Дінмұхаммед Мамайдың сөзінше, жарысқа онлайн да қатысуға мүмкіндік берілді. Соның арқасында Атырау, Алматы, Астана, Қызылорда және Тараз студенттері қатыса алды.
Айтуынша, көпшілік CS2 ойынына қызығушылық танытты Онда 47 топ болған. Dota2-де 30 топ, ал FIFA ойынына 41 адам қатысты.
“Киберспорт та – спорт түрі. Оны шахмат сынды интеллектуалды спорттық жарыс деп қарастыра аламыз. Ойыншылар жеңімпаз болуға тырысады, жарыс бәсекеге қабілетті болуға баулиды”, – деді Мамай.
Counter Strike 2 бойынша жеңімпаздар:
- 1-орын ХАТУ студенттері 4422 тобы – 400 000 теңге;
- 2-орын AITU студенттері Quantum тобы – 240 000 теңге;
- 3-орын AITU студенттері Ямато тобы – 160 000 теңге.
Dota 2 бойынша жеңімпаздар:
- 1-орын ХАТУ студенттері Катарсис тобы – 250 000 теңге;
- 2-орын AITU студенттері VNPM тобы – 150 000 теңге;
- 3-орын ҚБТУ студенттері Эгоистер тобы – 100 000 теңге.
FIFA бойынша жеңімпаздар:
- 1-орын Alish_back (AITU) – 100 000 теңге;
- 2-орын ilcamatras (STU) – 60 000 теңге;
- 3-орын Алдик (ҚазҰУ) – 40 000 теңге.
Одан бөлек фестке келушілер, көрермендерге арналған да жарыс болды. Олар да қаржылай жүлдеге ие болу мүмкіндігін алды.
Киберқауіпсіздік секциясы CTF (Capture The Flag) және этикалық хакинг әлеміне енуге бірегей мүмкіндік берді. Жарыс TryHackMe платформасында өтті. Ерекшелігі – бұл секцияға ТМД елдерінен де қатысушылар қатысып, жүлделі орындарды иелене алды. Барлығы 390 адам қатысқан.
Олар 6 сағат ішінде 30 тапсырмадан тұратын жүйені бұзып, ақпараттық шабуылды шешу керек еді. Тапсырмалар жеңіл, орташа және қиын деп үш деңгейден тұрған. Қиын деңгейді 20 адам ғана шешіпті. Тезірек және көбірек ақпаратты шығара алған адам жеңімпаз атанды.
Нәтижесінде 3-орынды ХАТУ студенті Әмірназар Ғайназаров, 2-орынды Ресейдің Far Eastern federal university студенті Лев Кузнецов, ал 1-орынды Мәскеу энергетикалық университетінің студенті Иван Савельев иеленген.
Робототехника бөлімінде 5 адамнан тұратын 10 топ болды. Олар 1 күнде ұсынылған элементтердің көмегімен робот жасап шығуы тиіс. Кейін дайын болған роботтар футбол ойнап, ең мықтысы жеңді.
Бұл секцияға жауапты Қазақстан-Британ техникалық университетінің академиялық мәселелер бойынша проректоры Әсел Жұмасейітова жарыстың маңыздылығына тоқталды.
“Фест қатысушылардың өз жобасына демеуші тауып, өзін көрсету мүмкіндігін сыйлады. Миллениал, Z-ұрпақтары IT- саласын дамытатын басты тұлғалар, жаңа сфераоқушылар мен студенттердің қолында. Болашақта роботтар – жұмысшы көзі және оларды басқара білу керек”, – деді Жұмасейітова.
Ол жастардың қолынан шыққан жасанды интеллектпен ойналатын “Крестик-нолик” ойынын, жестті түсінетін машинаны және қазақ тілінде айтылған тапсырманы түсінетін робот-итті көрсетті.
Робототехника секциясы бойынша 3-орын алғандарға 80 мың теңге, 2-орын алғандарға 100 мың теңге, ал 1-орын иеленген топқа 140 мың теңге мен әрқайсысына ҚБТУ университетіне грант ұсынылды.
- "Үздік инженерлік шешім" номинациясы НЗМ физика-математика мектебінің оқушылары "А Донер" тобына берілді.
- "Үздік веб-интерфейс" номинациясын MIRAS халықаралық мектебінің оқушылары алды.
- "Үздік топтық жұмыс" номинациясын М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінің “Градиент” тобы иеленді.
- "Үздік презентация" номинациясы Білім инновациялық лицейінің “Субъект” тобына бұйырды.
Жүлделі орын иеленгендер:
- 3-орын – №134 лицейінен ITMens командасы (Антонов Ярослав, Воронков Алексей, Зуев Максим);
- 2-орын – №95 мектеп-лицейінен “Инноваторлар 328” командасы (Иржанов Эльдар, Құрбанов Сейфулла, Митрофанов Никита);
- 1-орын – №165 мамандандырылған лицейінен “LFR” командасы (Зачупейко Матвей, Омар Әмина, Ассатрян Артём).
"ITFEST OPEN" бөлімінің қатысушылары олимпиадаға қатысып, берілген тапсырмаларды шешуі тиіс болды. Әрбір ұтымды шешімге ұпай берілді. Оған күрделі логикалық тапсырмаларды шешуге құмар 228 адам қатысса керек.
- 3-орын – Әлихан Зиманов (ХАТУ);
- 2-орын – Альтаир Арушов (Назарбаев университеті);
- 1-орын – Нархан Қамзабек (ҚБТУ).
Жеңімпаздардың жобасы
"STARTUP BATTLE" секциясы бойынша 1-орын алған Soile AI тобының жобасы сөйлеу дефектісі бар адамдардың, сөйлеу қабілеті нашарлаған науқастардың сөзін түсінуге, сөйлеу қабілетін дамытуға бағытталған. Мұны Алматыдағы №39 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары жасаған екен. Топтың көшбасшысы Үкілі Омарова жобаға 2,5 апта кеткенін айтады.
Сөздерінше, осы жоба арқылы Паркинсон, Альцгеймер ауруларынан кейін, инсульт алған соң сөйлей алмай қалғандар немесе тілінің мүкісі барлардың сөзін жасанды интеллект анық етеді.
“Атам инсульт алған соң, сөйлей алмай қалды. Оны түсінбейтін болдық. Сол үшін осындай құрылғы ойлап табуды жөн деп шештім. Әзірге ол орыс тілінде Telegram-бот арқылы іске асады. AI-Fest-ке алғысым шексіз, бізге мотивация берді, қаржылай да сыяпат көрсетті. Енді жеңген қаражатты жобаны дамытуға жұмсап, қазақ тілінде, ағылшын тіліндегі нұсқасын шығарамыз”, – деді 15 жастағы Үкілі.
Ал осы секция бойынша 3-орын алған Trust Travel тобының мүшелері ХАТУ университетінің 3-курс студенттері. Олар Қазақстанда саяхаттауға көмекші мобильді қосымша жасапты. Олар көрнекі жерлерге, қалаларға барудың қолайлы әдісін ұсынып, тиімді туристік агенттіктерді ұсынады. Сол жақтағы кафе мен қонақүйлер тізімін көрсетеді екен. Сөзінше, жобаға 2 жыл болған.
“Мен Алматыға басқа қаладан студент болып келдім. Алматының әсем жерлерін саяхаттау кезінде ыңғайсыздықтарға тап болдым, көп нәрсе түсініксіз болды. Сол үшін осыны жасап көргім келді. Бұл жоба Қазақстан туризмін дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Қазір туризм ЖІӨ-нің 39%-на ғана тең, бұл аз сынды. Бұл фестке қатысудағы мақсатымыз – мұндай қосымшаның барын көрсетіп, қолдану аясын кеңейту еді. Еңбегіміз еленіп ескерілгеніне қуаныштымыз”, – деді топ мүшесі Еркебұлан Тұрсынғазы.
"Фильм және бейне" секциясы бойынша жеңімпаз атанған студенттер лудомания туралы қысқаметражды фильм түсірді. Сөздерінше, қазір жастар арасында осы індет кең таралған және бұл видео сәл болсын кей адамдарды ойландырады.
“Видеомыз жастарға ой салады деп үміттенеміз. Осы фестте жүлдеге ие болып, жаңа жоспарларды іске асыруға дем берді. Енді топпен тағы да кино түсіріп көргіміз келеді. Жүлдені кино түсіруге қажет сапалы құралдарға жұмсаймыз”, – деді топ мүшесі Нұрсұлтан Құрмаш.
Робототехника бойынша жеңімпаз болып, грант иеленген №165 мектептің 11-сынып оқушылары Артем мен Матвей де дән риза. Олар аталмыш университеттен ұсынылған грант оларға жақсы бір таңдау әрі мүмкіндік болғанын айтады.
“IT-Fest бізді жаңа қырымыздан ашты. 48 сағатта робот жасау мүмкін емес сияқты көрінетін. Бірақ уақыт тығыз болған кезде адамның сыни ойлау қабілеті ұшқыр бола түсетінін ұқтым. Топпен жұмыс істеп, жұмыла іс тындыруға дағдыландық. Тез ойлануға машықтандырды. Бұл – робототехника бойынша алғашқы жарысым. Алайда осы жеңісімнен кейін әрі қарай бұл салаға қызығушылығым артты”, – деді Ассатрян Артем.