"Ер азаматтар балаларымнан қорқады": Жалғызбасты ана өмірлік серігін жолықтыра алмай жүр
Қызылорда қаласының Назерке есімді тұрғыны – жалғызбасты ана. 32 жастағы келіншек бес жыл бұрын күйеуімен ажырасып кеткен. Қазір екі баласын өзі тәрбиелеп, асырап отыр. Облыс орталығындағы медициналық мекемелердің бірінде еңбек етеді. Назерке екінші мәрте тұрмыс құрып, жаңа өмір бастағысы келетінін мойындайды. Алайда ыстық сезімін білдіріп жүрген ер азаматтар, әйелдің балалары бар екенін білгенде ат-тонын ала қашатын көрінеді.
Назерке 21 жасында тұрмысқа шыққан. Болашақ күйеуімен ғаламтор арқылы танысып, сөйлесіп жүрген. Кейін жас жігіт сезімін білдіріп, отбасын құруға ұсыныс жасапты. Бойжеткен қабыл алып, екі тарап қызу той дайындығына кірісіп кеткен. Назерке арманындағы қалыңдық көйлегін киіп, сүйіктісімен бірге жаңа өмір бастаған.
"Күйеуім менен үш жас үлкен болды. Тимур құрылыста ауыр жүк көлігін айдайтын. Арасында достарымен бірге сыра ішетіні болмаса, зиян әдеті жоқ еді. Бастапқыда ата-енеміздің қолында тұрдық. Енем тұңғышымды қарауға көп көмектесті. Үйдің шаруасын дөңгелетуді де жақсы үйреніп алған едім. Келген қонаққа ешқашан қабақ шытпайтынмын. Өзім жұмыс жасаған жоқпын, күйеуімнің жалақысы мен үлкендердің зейнетақысына күн көріп жүрдік", – деп әңгімесін бастады қызылордалық келіншек.
Назерке екінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін, ата-енесі бөлек шығуға рұқсатын берген. Еншілерін бөлектеп, қолдарынан келгенше көмектескен. Жас келіншек күйеуімен бірге жер алып, кішігірім үй салған. Тұрғын үй мәселесі шешілгенімен, азаматының мінезі өзгеріп кеткен. Тимур жиі ашуланып, тапқан табысын үйіне әкелмейтін болыпты.
"Тимур ойын автоматтарына әуес болып кетті. Қанша рет ұрыс-айғай болды. Күйеуімді тоқтатқым келді, тіпті көріпкелдер мен балшыларды да араладым. Қарызға батып кеттік, оның үстіне ішетінді шығарды. Ұрыс кезінде қол жұмсап, қасымды жарып қойды. Екі жылға жуық уақыт күйеуіммен алыстым, жөндегім келді. Бірақ қолымнан ештеңе келмеді, соңында ажырасып тыңдым. Үйімізді саттық, мен өзімнің анамның атына ипотека рәсімдедім", – дейді Назерке.
Бүгінде жас келіншек күйеуімен байланысты мүлдем үзген. Арасында балаларын ата-әжесіне қыдыртып тұрады. Үлкен кісілер немерелерін сағынып, сыйлықтар жасайды.
Тимурмен ажырасқаннан кейін Назерке Қызылорда қаласындағы емдеу мекемелерінің біріне қызметке орналасқан. Әкімшілік бөлімде жұмыс жасайды. Тапқан табысы несиесін төлеп, балаларын асырауға жетіп отыр. Ата-анасы мен бауырлары да жиі қарайласып тұрады екен. Биыл күйеуімен ажырасқанына бес жылдан аса уақыт болған.
"Қазір балаларым үшін өмір сүріп жүрмін. Олар ештеңеден таршылық көрмегенін қалаймын. Қолымда барымды аяған емеспін. Әрине, арасында әкелері туралы сұрайды. Мен Тимурды жамандамаймын, әкелерін алыс елде жұмыс жасап жүр деп айтамын. Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек қой. Бірақ тағдырдың жазғаны осылай болды", – дейді Назерке.
Жас келіншек, өзін түсінетін, балаларын жақсы көре алатын азаматты жолықтыруды армандайды. Екінші мәрте тұрмысқа шығып, сүйікті жар атанғысы келетінін айтады. Назеркенің сырт келбеті де өте тартымды. Содан болса керек, жас келіншекке сезімін білдіретін ер жігіттер де аз емес. Тіпті отбасын құруға ұсыныс білдіретіндер де көп екен.
"Осыдан біршама уақыт бұрын Шернияз есімді жігітпен таныстым. Өзі менен екі жас кіші, мүлдем үйленбеген. Маған күнде гүл сыйлап, сезімін білдіріп жүрді. Күйем-сүйем деген кездері де болды. Менің көңілімді табу үшін істемеген айласы қалмады. Жұмысымнан көлігімен күтіп алып, қымбат мейрамханаларға апаратын. Бастапқыда мен өткен өмірім туралы мүлдем айтпадым, балаларым туралы да тіс жармадым. Тұрмысқа шығуға ұсыныс жасағаннан кейін ғана, сырымды ашқан едім. Шернияздың түрі бұзылып кетті, ертеңіне мүлдем қоңырауларыма жауап бермей қойды. Сезімі сонымен бітті", – дейді жас келіншек.
Назеркенің айтуы бойынша, мұндай жағдайлар өмірінде жиі орын алады екен. Жас келіншектің балалары бар екенін білген бойда, ер азаматтар хабарласпай кетіп, алыстан сыйласуға тырысады. Неге екені белгісіз, жігіттер қызылордалық әйелдің балаларынан "қорқады".
"Мен өзіме күйеу ғана емес, балаларыма әке іздеп жүрген жанмын. Егер жігітке менің балаларым кедергі болатын болса, онда олардың сезімі шынайы емес деп түсінемін. Күндердің күнінде балаларымның маңдайынан сипай алатын азаматты кездестіремін деп ойлаймын", – деді Назерке.